Сұңқар тектес лашын – сирек кездесетін жыртқыш құс. Қазақстанның барлық аймағында тіршілік етеді. Алтай, Тянь-Шань тауларының етегінде қыстайды. Көрсең көздің жауын алатын, ұсақ аң аулағандағы әбжілдігі көрген адамды бірден баурайтын құс сұңқарлардың ішіндегі сұранысы жоғары түрі. Браконьерлердің де бірінші көздейтіні – осы лашын. Шетелге, соның ішінде араб елдеріне жасырын сату үшін заңсыз аулағанның кесірінен бұл құстың саны елімізде 1990 жылдардың ортасынан бері өте азайып кетті. Бүгінде Қызыл кітапқа енген.
Қызыл кітап қалыңдап барады
Сарапшылар елімізде 90-жылдары құс төресі – сұңқардың жылына 4 мыңнан астам жұбы ұя салғанын айтады. Енді бүгінде оның популяциясы туралы нақты дерек жоқ. Табиғатта сирек көрсек те, шекарада осы құспен ұсталған контрабандашылар туралы ақпаратты жиі ұшыратып жатамыз. Тіпті, өткен жылдары бір салон толы томағалы сұңқарды креслолардың бас қойғышына тұғыр секілді қондырып, ұшып бара жатқан ұшақтың видеосы тараған. Сол ұшақ Қазақстаннан араб елдеріне беттеп бара жатқандай көрініп, ішімізге шарасыздық шоғын тастаған еді. Өйткені контрабанда арнасының 90%-ы араб түбегіне бағыт алады. Арабтардың сұңқарларға сонша құмартуының себебі – ол жақта қыран құстың бұл түрімен аңға шығу сәнге айналған. Одан бөлек, қолында қымбат ақ сұңқары бар шейх жеке ұшағы, яхтасы немесе қымбат көлігі бар батыс миллиардерлермен пара-пар саналады. Сондықтан арабтар қанатты серігіне, соның ішінде лашын құсына қол жеткізу үшін барын беруге дайын. Тіпті, арнайы аукцион ұйымдастырып, сұңқар саудасын қыздырады. Ал бұл өзге елдерде заңсыз аңшылықтың қызуына әкеп отыр. Браконьерлердің тергеу кезінде берген жауабына сүйенсек, бір құстың бағасы 50 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін барады екен. «Жалпы, браконьерлік бабы біздің қызметте локалды қылмыс түріне жатады. Себебі оларды ұстайтындар көбіне табиғат қорғау инспекторлары, шекарашылар мен кеден қызметкерлері. Біздің полиция қызметкерлері де кездесіп жатса құрықтайды, әрине. Бірақ жедел жағдайда кездеспейтініне байланысты біз көп ретте қылмысты рәсімдеуге қатысамыз. Әйтсе де, соңғы жылдары елімізде лашын құсын заңсыз аулайтындар қатты азайды. Мәселен, былтыр мұндай бір дерек анықталса, 2019 жылы 3қылмыс тіркелді», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскембаев. 2020 жылдың 5 ақпаны күні Маңғыстау облысында 9 лашын құсын алып келе жатқан Ю.Икрамов есімді азамат қолға түседі. Тергеу барысында оның қылмыстық топқа қатысы бар екені анықталады. Браконьерлікті ұйымдастырушы 1973 жылы туған А.Абдулжаппар мен 1960 жылы туған Т.Құдайбергенов болса, орындаушылар 5 адам болған. Бұл пандемияға дейінгі тіркелген жалғыз дерек болатын. Ішкі істер саласы қызметкерлері браконьерліктің азаюын бірінші кезекте 2019 жылғы желтоқсанда заңның қатаюымен байланыстырады. Естеріңізде болса, осының алдында Қарағанды мен Ақмола облыстарында браконьерлерді қуған қорықшыларға шабуыл жасалып, атып кеткен оқиға болып, ол қоғамдық резонансқа айналған еді. Содан кейін Президент заңды қатаңдатуға тапсырма берген болатын. «Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қазір браконьерлік үшін дүние-мүлкін тәркілей отыра, 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Осы өзгерістерді заңға енгізуге дайындаған болатынмын. Соның әсерінен болар, қазір браконьерлік тыйылып қалмаса да, азайды. Мұндай заңдық күшейтулерді біз 2013-2014 жылдары дайындап ұсынғанбыз. Ол бірнеше рет Сенатқа дейін барып, кейін қайтып келген еді. Ұсыныстарымызды ешкім ескермеді. Прокуратура, тағы да басқа көптеген органдар қарсы болды. 2019 жылғы оқиғадан кейін ғана қабылданды. Ал оған дейінгі жаза айыппұл салу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру еді. Оның өзінде соттар браконьерлерді көбіне айыппұлмен босатып жіберетін. Ал олар бұрынғы әніне қайта басатын», – дейді полиция полковнигі Айбек Нұрқасұлы.«Араб ертегісі» браконьерге ғана қолайлы
Алматы қаласында Іле Алатауының баурайында «Сұңқар» орталығы» деген тәлімбақ бар. 1989 жылы сұңқар құстардың популяциясын қалпына келтіру мақсатында құрылған бұл мекемеде бүгінде елімізде тіршілік ететін жыртқыш құстардың 15 түрінің бәрі бар. Бас-аяғы 450 құс болса, соның басым көпшілігі – лашын. Бұлардың барлығын тәлімбақ қызметкерлері жұмыртқадан балапан етіп шығарып, бағып, баулып өсірген. Одан соң олар көбейтуге керегін іріктеп алып қалады да, қалғанын бостандыққа жібереді. Ал бір бөлігін, мәселен хайуанаттар бағына береді екен. Алушы табылып жатса ел ішіне, шетелге сатады. Біздің құстарды Германия, Франция, Аустрия, Ресей сияқты мемлекеттер, ал көп жағдайда араб елдері алады. Оған қажетті лицензия, сертификат құжаттарының барлығы бар. Сондай-ақ браконьерлерден тәркіленген құстар да осында жіберіледі. «Былтыр пандемияға байланысты болар, бізге қылмыстық істегі айғақ ретінде сақталатын сұңқар құстары әкелінген жоқ. Ал оның алдыңғы жылдары әкелінген құстарды бағып, сот үкімі шыққан соң көпшілігін ұшырып жібердік. Олар түзден ұсталған құс болғандықтан, бейімделіп кетеді, алаңдамаймыз. Біразын саттық. Бір-екеуін хайуанаттар бағына беріп жібергеніміз есімде. Бізге келген құстардың барлығы ветеринарлық-орнитологиялық тексеруден, емдеуден өтеді. Сосын оларды сақиналаймыз», – дейді «Сұңқар» орталығы» тәлімбағының директоры Ашот Анзоров. 30 жыл бұрын жұмысын бастаған бұл бақта алғашқыда 10-12 құс болған екен. Ал осы уақытқа дейін тәлімбақ қызметкерлері 700 лашын құс, 25 бүркіт және басқа да түрлерінен азын-аулақ құстарды табиғатқа жіберген. Негізі, тек қана лашын өсірумен айналысады. Олардан жылына инкубатордан 150-170-тей балапан шығарып бағады. Қыран құстардың қалған түрлерін де ұмытпауға тырысады. Ал сұңқар браконьерлігіне келсек, Ашот Амиранович «қара базардағы» аспандап тұрған бағаның өтірік екенін айтады. «Біз көтерме бағамен сататын болғандықтан, сұңқарларды арзанға бағалаймыз. Ең қымбат дегені 1 000 АҚШ долларынан аспайды. Бірақ өте сирек. Көбінесе 300-500$ аралығында. Бір жағы бұл құсты кімнің сатып алатынына байланысты. Бір құсты біреуі қымбатқа бағаласа, келесі таңдаған адам төмен баға ұсынуы мүмкін. Екіншіден, құстың түріне, тұрқына байланысты. Өйткені сұңқарлардың қауырсыны бір-біріне ұқсамайды. Қара нарықтағы сауда да осындай. Ондағы құстың бағасы 10 мың немесе 100 мың доллар тұрады деген сөз – өтірік. Бұл – арабтың ертегісі. Шындығында, ондай баға жоқ. Оны арабтардың өзі браконьерлер құс тасысын деп әдейі таратады. Әр елді аралап жүрмеу үшін істейді. Бізге де талай хабарласқан. Бірақ 300 доллардан асырып құс сатып алған емес. Біз 30 жыл бойы құс саудасында келе жатырмыз. Бірақ 10 мың тұрмақ, 5 мың долларға сатып көргеніміз жоқ», – дейді ол. Тәлімбақ қызметкерлері жыл сайын Араб түбегіне барып, түрлі көрмеге қатысады. Сол кездің өзінде де жұрт аузында жүрген бағаға құс саудалағандарды көрмепті. Оның үстіне соңғы 10 жылдықта ол жақта сұңқар құсын өсіретін осындай тәлімбақтар көбейіп кеткен. Олар ішкі нарықтың 80 пайызын жауып отыр. Сондықтан сырттан бұрынғыдай көп көлемде құс алуды қойған. Сондай-ақ бүкіл әлем әлі де ол жаққа құс тасиды. Ашот Амиранович осы жайтты ескеріп, қазақстандықтардан браконьерлік мақсатта сұңқар ауламауды сұрайды. Өйткені олардың популяциясы елімізде әлі толыса қойған жоқ. Қолдан барлық жағдайын жасап өсіргенде 30 жылда санын 700-ге зорға жеткізген тәлімбақ қызметкерлері табиғи жағдайда олардың одан да баяу көбейетінін жақсы біледі.Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ