Қорықшыға қорған болар заң қайда?
Қорықшыға қорған болар  заң қайда?
212
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы, марқұм Қаныш Нұртазинов – І дәрежелі «Айбын» орденімен және осы мекеменің тағы бір инспекторы Самат Оспанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Күні кеше браконьерлер қолынан инспектор қаза тапты. Мұндай қайғылы жағдайдың қайталанып отырғаны – табиғатты қорғаушылардың өзін қорғайтын заңды күшейту керегін сөзсіз-ақ көрсетіп отыр. Ақбөкен аңдыған қаскөйлердің қылмысы бір отбасының тірегінің тағдырына балта шауып отыр. «Охотзоопром» инспекторы Қаныш Нұртазинов оқиға орнында қаза тапса, әріптесі Самат Оспанов ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Оқиға 23 шілде күні орын алды. Қос қорықшы әдеттегідей қызмет бабымен Жарқайың ауданының қорғалатын аумағын аралауға шығады. Ақбөкен атуға шыққан топты байқаған олар дереу ізіне түседі. Ақ «Нива» мін­ген аңшылар атыс бастап, ақыры екі инспекторды да жаралап, оқиға ор­нынан қашып кетеді. Марқұм Қаныш Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлы­тау ауданы Қоскөл ауылында тұрған. Бірнеше жыл құқық қорғау орган­дарында қызмет еткен. «Охотзо­опромда» үш жылдан бері жұмыс істеп келген. Артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Қайғылы жағдайдан кейін Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасына жазба жариялап, заңға өзгеріс енгізуді тапсырды: «Қорықшылар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қор­ғауда ержүректік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын!». Сондай-ақ келесі жазба­сында қорықшы-инспекторлардың құқықта­рын қорғау және браконьер­лікке қарсы жазаны күшейту мақса­тында заңнаманы қайта қарауға тапсырма берді.

Естеріңізде болса, қаңтарда Қара­ғанды облысының қос қорықшылары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке қатысты да осындай жағдай орын алған болатын. Браконьерлер сақ­шы­ларды ұрып-соғып, байланыс құрал­дарын тартып алып, ен далаға тастап кет­кен еді. Соның салдарынан 53 жас­­тағы Ерлан Нұрғалиев көз жұмған. Кейін­нен қорық­шы үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен мара­патталды. Орден өз ал­дына, адам өмірі мен заңдағы олқылыққа назар аударылуы тиіс. Өйткені қазіргі заңға сәйкес, инспекторлардың оқ атуына тыйым салынған. Егер осы мәселе шеге­леніп қаралмаса, қорық­шы­ларға қа­тысты қайғылы жағдай әрмен қарай көбейе береді. Болмаса, өміріне араша болу үшін заңсыздыққа көз жұмып қарауға мәжбүр болады. Мысалы 2018 жылы еліміздің оң­түстігінде брако­нь­ер­ге оқ жаудырған инспектордың үсті­­нен іс қозғалып, қызметін асыра пай­­даланды деген айып тағылған. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар үшін жан пида деп жүргендер, сөзсіз, қор­ғалуы тиіс.

Министр Ерлан Тұрғым­баев­тың айтуынша, қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жа­рия­ланды. Қолдағы деректер бар­лық аймаққа жөнелтілді. Оқиға орнына жақын орналас­қан Ақмола, Қостанай және Сол­түстік Қазақстан облыстары­ның жеке құрамы дереу күшей­тілген қызметке көшті. «Облыс­тық және республикалық маңы­зы бар автожолдарға блок-бе­кеттер қойылды, үш облыстың автожолдары бойымен жедел іздестіру топтары жіберілді» деп жазылған министрліктің бас­пасөз қызметі таратқан хабар­ламада. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция депар­таментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қа­тысты. Жоспарланған іс-ша­ралардың нәтижесінде, күдікті анықталып, қамауға алынған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, Арқалық қаласы­ның тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ қылмыс орнынан 20 шақырым­дай жерден «Нива» маркалы авто­көлік табылған. Қазіргі уа­қытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қыл­мыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленген. Бірқатар крими­на­листік сараптамалар тағайын­далды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қорықшы Қаныш Нұртазиновтің өліміне және қорықшы Самат Оспанов­ты өлтіруге оқталу әрекетіне байланысты Қылмыстық ко­декстің 99-бабы, 2-бөлімі бо­йынша қылмыстық іс қозғалды.


«Қансонар» аңшылар және аңшылық шаруашылық субъек­тілерінің қоғамдық бірлестіктері республикалық қауымдас­ты­ғының бас директоры Қайырбек Мұсабаевтың айтуынша, бұлай жалғаса берсе, инспекторлар браконьерлерге қарсы тұрудан қорқатын болады. «Браконьер­лер өте жауыз келеді. Көздеген мүйізін қағып алу үшін бәріне барады. Негізінен бұл шикізат Қытайдағы шығыс медици­на­сында кеңінен қолданылады. Демек қабылдап алатын көбіне Қытай. Қорықшылардың көзіне түссе, машинасын тастап кете салады. Кеткен шығынды еселеп қайтарып алады. Өйткені мүйіз­дер өте қымбат. Әбден қарулан­ған, астындағы көліктері де мық­ты. Ақбөкен мүйіздеріне сұ­раныс жоғары. Шіміркпестен өлтіре салатыны содан. Наша­қор­лықпен қалай күрессек, мұнда да сондай табандылық керек. Ешкім өздігімен айыппұл төлегісі келмейді. Аузына кел­генін айтып, ойына келгенін істеуге машықтанып алған. Енді тіпті қаруға көшкен. Браконьер­лер жауапкершілік сезінбейді. Ары кетсе бірнеше жыл түрмеде отырар. Шыққан соң сол ісіне қайта кіріседі. Ерлан Нұрғалиев­тің қазасынан кейін депутаттық тыңдаулар болып, осы мәселе талқыланған болатын. Ешқандай шешім қабылданбады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Нақты шаралар қолданбайынша браконьерлер тоқтамайды. Біз­дің ұсынысымыз сол – ұсталған браконьерлердің төлеген сома­лары есебінен Кеңес кезіндегідей сыйақы төленсе дейміз. Кеңес Одағы құлаған соң, сыйақыны алып тастады. Содан бері әлі қос­тыра алмай келеміз. Мысалы, Қырғызстан мен Өзбекстанда істеген жұмысына қарай инспек­торларға сыйақы тағайындалып отырады. Бізге де соны енгізу керек» дейді ол.

«Охотзоопром» директоры Ерзат Әлзақов та заңның тым «жұмсақ» екенін айтып отыр. «Заңды күшейту керек. Себебі, браконьерлерді ұстаған соң, ары кетсе айыппұл төлеп құтылып кетеді. Болмаса, шартты түрде жазаланады. Міне, қанша жыл­дан бері жануарлар әлемінің тыныштығын бұзғандар үшін шартты жазаларды алып тастап, нақты шараларды қабылдау керек деп дабыл қағып келеміз. Яғни, бас бостандығынан айыру қажет. Кімнің меншігінде болса да көлігі бар, басқасын тәркілеу керек. Содан кейін оны табиғат қорғау қызметіне табыстасын. Осы ұсынысымызды қабыл алмады. Үкіметте жатқанына қанша жыл болды?! Ізінен түссе де, инспектордың оқ атуына рұқсат жоқ. Заң бұзушыларды да, көліктерінің дөңгелегін де ату­ға болмайды. Америкада ба­ғынбаған жағдайда қару қол­дануға рұқсат етілген. Бізде де соны енгізу керек. Нұрғалиевтің қазасынан соң инспекторлардың жалақысын көтереміз деп уәде етілген болатын. Бірақ ол да әлі орындалмады. Ол кезде айып­пұлдардан түскен қаражаттың 30 пайызын беруге ұсыныс тас­талған. Бүгінде инспекторлардың жалақысы – 80-90 мың теңге. Айлық төмен болғасын, кадр тапшы. Біздің «Охотзоопром» Қазақстан бойынша 123 мил­лион гектар жерді қорғауында ұстайды. Негізі нормаға салсақ, бізге 198 адам жетіспейді. Ба­рынша айлығын көтеріп, сыйа­қы береміз. Айталық, марқұм Нұртазинов Қарағандыда тұрға­нымен, Ақмола облысында жұ­мыс істеген. Бұл аумаққа Қа­ра­ғанды, Павлодар, Ақмола об­лыс­тары қарайды. Біз үшін мың шақырым – қашықтық емес. Шымкенттік топтар Ақтөбе об­лысында, алматылықтар Оралда жүр. Он бес күндеп іссапарға шы­ғады. 60 мың теңге мен бен­зинге ақша бөледі. Ерлан Нұрға­лиевтің өлімінен соң, инспек­торларды қажет техникамен, арнайы киім, аяқ-киімдермен жабдықтады. Бұл жерде жұмыс істеп келе жатқаныма сегіз жыл болды. Браконьерлермен ба­рынша күресіп келеміз», – дейді Әлзақов.

«Кучиха» аңшылық ша­руа­шылығы қызметкері Валерий Дьяков инспекторлардың жала­қысынан бөлек, заманауи жаб­дықтармен қамтудың маңызды екенін айтады. «Браконьер­лер­мен тең дәрежеде күресу үшін фотоқақпан мен дрон секілді жаңа құрылғылар қажет. Заңсыз аңшылар үшін қиын жағдай ту­ғызу керек. Себебі, бүгінде олар өздерін даланың қожайынындай сезінеді. Мұны түзеу үшін мем­лекет ресурстарын тартып, инс­пекторларға көбірек өкілеттік бе­ру­мен қатар, қоғамды да қа­тыс­­ты­рудың маңызы зор. Аң­шы­лық – ауылдағы кішігірім кәсіп. Бұл дегеніңіз жұмыс орындары, са­лық, туризм дамыту әдісі десек болады. Шаруа қожалықтарына аңшылық туризмге аумақ бөлі­нер болса, аңшылықпен айналы­сатын уақытты созуға болады. Отандық туристік операторлар да бұған қызығады деп ойлай­мын. Кейбірінің бұл салада тә­жірибесі де бар. Алтайдағы аңшылық кезінде шетелден аңшылар келген болатын. Саны әзірге аз болғанымен, дамытуға мүмкіндік бар» деген ұсыныс айтты Дьяков.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос қорықшыны марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, Қаныш Нұр­тазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» ор­денімен, Самат Оспанов ІІ дәре­желі «Ай­бын» орденімен мара­патталған. Еңбектің еленгені құ­ба-құп. Де­генмен мұндай жағ­­дайдың алдын алудың амал­дарын қарастырған дұрысырақ. Президент тапсыр­масын тиісті органдар бақыла­уына алып, «тастай» қылып орын­дайды деп сенеміз.