Қыстың екінші айы да келіп жетті. Ақпанның алғашқы күнімен Алматыда карантин шараларының қатар келуін көпшілік «күткен» еді. Өңірдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы шығарып, сауда және ойын-сауық орталықтары демалыс күндері қайтадан жабылатынын және одан бөлек бірнеше шектеу шаралары қолға алынатынын айтқан. Дегенмен демалыс күндері бас қала мен Алматы «қызыл» аймақтан шығып, «сарыға» ауысқан. Сөйтіп, көп тілегінің көл болғаны ма екен, анау айтқандай қатаң талап қойылмайтын болды. Әлбетте, қандай да бір шектеу шарасының ел үшін жасалатыны белгілі. Десек те, сауда үйлерін демалыста жапса, басқа күндері вирус жұқпайтын болғаны ма? Кешкі сегізге дейін үлгеру үшін дүкенге асығып-аптығып енген жұрт керісінше кептеліс тудырмай ма? Кәсіпкерлерге бұл шаралар кедергі емес пе?
Елдегі ахуалды аз-кем атап өтейік. 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «қызыл» аймақта 4 облыс бар: Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан. Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары – «сары» аймақта. Қалған облыстар коронавирус инфекциясының таралу темпі бойынша «жасыл» аймақта болып отыр. Құдды бағдаршамның түстерінде бұлар нені білдіреді десеңіз, айтайық. «Тоқта!» деп белгі беретін «қызылда» болсаңыз, тұратын жеріңізде карантин талаптары күшейтіліп, көп жер жабылады дегенді білдіреді. Ал оған қарағанда салыстырмалы түрде жеңілдеу жағдайдағы аймақтар «сары» түспен белгіленеді. «Жасыл» қауіптің аз екенін көрсетеді. Қазақстанды түгел алып қарастырғанда, еліміз «қызыл» аймақта тұрғанын ескеру керек. «Қызыл» аймаққа енгендерде қолданылатын тыйымдар мен шектеулерге тоқталсақ. Сауда және ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері ашық болғанымен, демалыста жұмыс істемейді. Ал сол сауда үйлеріндегі супермаркеттер мен дәріханалар ашық бола береді. Басты талап – сыйымдылығы 30 пайыздан аспаса болғаны. Бұдан бөлек, жабық базарлар да, соның ішінде азық-түлік сататын да, киімдер мен тұрмыстық заттар сататын орындардың да есігінде сенбі-жексенбі күндері қара құлып тұрады. Ал жұмыс күндердегі кестесі – кешкі беске дейін. Ашық базарлар болса, сенбіде жұмыс істейді, жекенбі демалыс. Қатаң карантин кезінде мәдениет нысандарының жұмысы да тоқтайды. Кинотеатрлармен қатар театрлар да жабылады. Сонымен қатар былтыр коронавирус тараған сәтте-ақ, елімізде отбасылық, мерекелік іс-шараларға тыйым салынғаны баршамызға белгілі. Бірі айыппұл төлеп құтылып, бірі артқы есіктен адам кіргізіп, жасырын жұмыс істеп жатты. Бірақ бастысы, заң жүзінде оның бәріне тыйым салынған еді. Облысаралық және қалалық тұрақты емес тасымалдау қызметіне де тыйым салынады. Балаларды сауықтыру ұйымдары, яғни, лагерьлер де жұмыс істемейді. «Сонда жабылмаған не қалады?» дерсіз. Жұмысына тыйым салынып, шектеу қойылатын жерлерді әлі түгендеп бітпедік. Бұл қатарға қоғамдық тамақтану орындарын да қосыңыз. Аталған нысандар таңертең тоғызда ашылып, кешкі сегізде жабылуы шарт. Әлбетте, көп адамның басы қосылатын іс-шараларға рұқсат жоқ. Сыйымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс. Жалпы алғанда, қоғамдық тамақтану орындарында бір үстелде әрі кеткенде төрт адам ғана отыруы тиіс. Яғни, топ болып кірсеңіздер де, төрт-төрттен бөлініп, жайғасасыздар. Негізі, мұндай шектеуге қазақстандықтардың бойы үйренсе керек. Өйткені осындай шектеу қаулы түрінде ғана емес, іс жүзінде де орындалады. Кафе қызметкерлері кірген беттен осындай ескертумен қарсы алады. Сауда үйлеріндегі фуд-корт немесе тамақтану орындары карантин басталғаннан-ақ тек тапсырыспен үйге жеткізу қызметімен айналысады. Орындықтардың көтеріліп тұратын себебі де – осы. Сол жерге барып, тамақты өзіңізбен ала кетуіңізге болады. Ал орындықты түсіріп, тамақтануға рұқсат жоқ. Онлайн жеткізу қызметінің гүлдеуіне бірден-бір әсер еткен фактор да осы болып отыр. Жә, заманына қарай жасалған амалдың сәтті қадамына қуанамыз. Айтпақшы, аймағыңыз «қызарса», сенбі және жексенбіде сауна мен бассейнге барамын деген жоспарыңызды да сызып тастай берсеңіз болады. Себебі бұл орындар да жұмыс күндері ғана қызмет көрсетуге рұқсат алған. Оның өзінде таңертеңгі сегізден кешкі тоғызға дейін барып үлгеруіңіз керек. Мінеки, қатаң карантин талаптары осындай. Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаева әу басында Алматыда карантин күшейтіледі дегенде бұған қарсы шыққан. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге дәл қазір тыйым емес, қолдау керек. Әрі осы талаптардың кесірінен көпшілігінің жағдайы қиындап, кейбірі қызмет түрін ауыстырып, басқа салаға кетіп жатқан көрінеді. «Базарлар демалыста істемесе, жұмыс күндері ол жаққа баратындар көбейеді. Бұл болса, COVID-19 жұқтыру қаупін күшейтеді. Біз базардың ашық та, жабық та түрлері аптаның жеті күнінде жұмыс істеуі керек деп есептейміз. Уақыт бойынша шектеудің қажеті жоқ. Яғни, шектеу болмаса, қазақстандықтар жұмыстан кейін асықпай керегін ала алатынын білетін болады. Әр адамның жұмыс кестесі әртүрлі. Біреу кешке дейін жұмыс істейді. Әсіресе, кешке қарай жабылатын кезде келушілер, тіпті көбейіп, қайта вирус жұқтыру ықтималы жоғарылай түседі», – дейді Әжібаева. Бүгінде карантин жағдайында өмір сүруге әрбіріміз бейімделе түскендейміз. Қоғамдық орынға барар болсақ, маскасыз жүрмейміз. Баратын жерге жабылғанша үлгеру керегі ойымызда жаңғырып тұрады. Одан бөлек, талапты бұзғандармен қазір мониторинг топтары жұмыс істеп жатыр. Алысқа бармастан, күні кеше бас қалада карантинді бұзған білдей мейрамханаларға айыппұл салды. Мониторинг тобының құрамында Полиция департаменті қызметкерлері, аудандық әкімдік өкілдері пен еріктілер болады. Орта және шағын бизнес нысандарының жұмысы жіті бақылауда. Мысалы, өткен демалыс күндері «Ми Гён» мейрамханасы, Chechil Pub бары, ECHO, мейрамханасы, Strong компьютер клубы, Nirvana бары, МЯТА лаундж-бары, «Шашлыкоff» гриль-бары және басқаларына талапты бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған еді. Жібек Әжібаеваның айтуынша, пандемия мен карантин шараларына байланысты 2020 жылы 7 мыңнан астам сауда кәсіпорындары жұмысын тоқтатқан. Мұның ішінде шағын да, орта да кәсіп иелері бар. Әрі қауымдастықтың бағалауы бойынша, былтыр сауда аумағының 80 пайызға жуығы бос тұрған. Өйткені сонша уақыт тұрып қалған бизнесін көбі сол күйі жандандыра алмай, тоқтатуға мәжбүр болған деседі. 2019 жылмен салыстырғанда, сауда орындарынан сатып алушылар ағыны 50 пайыздан да төмендеген. Байқасақ, осының салдарынан зиян шегіп отырғандар аз емес. «Жұмысын аяққа тұрғызуға, құрылысқа деп көбі банктерден қарыз алған. Енді карантинде олар осы жағдайдың құрбаны болып отыр. Кәсіп иелері несиелерін әзер төлеп отыр. Мұның бәрі апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндік бермегеннің кесірінен. Ал жалға берушілердің шығынын санап жатқан ешкім жоқ. Жаңа жылдан бері жабық тұрған бутиктер бар. Көбі бизнесін тастауға мәжбүр. «Жүріп тұрған кәсібімді сатамын» деген хабарландыруды өздеріңіз де көрген боларсыздар», – дейді қауымдастық президенті. Пандемияда жағдайға қарай ығысудан өзге амал жоқ. Заңға бағынбасқа да болмайды. Мәселен, еліміздегі ең ірі бөлшек сауда желісінің бірі Magnum жаңа форматтағы дүкен ашуды жоспарлап отырған көрінеді. «Біз пандемия кезінде күшейтілген барлық санитарлық талапқа жауапкершілікпен қараймыз, мүлтіксіз сақтауға тырысамыз. Ай сайын қосымша санитарлық өңдеуге, жанаспайтын термометрлерді, бетперделерді, қолғаптарды, халаттарды, қызметкерлерге арналған қорғаныс көзілдіріктерін және т.б. сатып алуға 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсаймыз. Карантин шектеулері кезінде үй жанындағы – шағын және орта форматтағы дүкендерге сұраныс өскенін ескере отырып, біз дәл осы форматта жаңа дүкендер ашуға баса назар аударып отырмыз», – дейді компанияның БАҚ-бен байланыс бөлімі. Амалын тапса, бизнесті сақтап қалғанға не жетсін! Бірақ шектеу мен тыйымның кесірінен белшеден қарызға батып, жылдар бойғы еңбекті еш ету де іш ашытатыны сөзсіз. Ірі желілердің бейімделуі оңай. Тәжірибе де, жағдай да жетеді. Бұл жерде ауырлық орта және шағын бизнеске түсіп отыр. Бәлкім, шынында оларға бар керегі қолдау мен кедергі болмау шығар?Жадыра АҚҚАЙЫР