Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлады.
Үй иесі күшікті былтыр базардан сатып алған. Оған жеке ветеринариялық клиникада оба ауруына қарсы екпе салдырған. Күшік былтыр желтоқсанда аяқасты өліп қалған. Сынама алып, иттің басын зерттеген мамандар одан құтыру белгілерін анықтаған.
Енді құтырған күшік анықталған елдімекен залалсыздандырылады. Екі ай ауылға кіріп-шығуға шектеу енгізіледі. Ит-мысыққа жаппай вакцина салынады.
Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Манарбек Ержігітов: «Құтыру ауруы биыл 28 қаңтарда зерттеу нәтижесі шыққанда белгілі болды. АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы қаланың бас мемлекеттік ветеринарлық санитарлық инспекторы қала әкіміне арнайы ұсыныс айтып, құтырған ит табылған сол көшеге шектеу енгізілді», – деді.