Емханаға бөлінген қаржы қайда кетті?
Емханаға бөлінген қаржы қайда кетті?
181
оқылды

Құрылыс саласы еліміздегі компаниялар үшін мол қар­жының «мекеніне» айналып үлгергені анық. Соның әсері ме, олардың көбі құрылыс сапасына жауап бере алатынына күмәніміз бар. Тіпті, аурухана, мектеп, спорт ке­шен­дерінен де олқылық көріп жүрміз. Дегенмен мәселе күрделене ба­с­тағандай. Былтыр сәуір айында Алматыда 18 күнде коро­навируспен ауыр­ғандарды емдейтін арнаулы аурухана са­лынды. Көп өтпей, қарашада медицина кешенінің суыққа төз­бей, науқастар мен құрал-жабдықтардың бәрі көшіріліп, қайта күрделі жөндеуден өтетіні хабарланды.

Сол кезде нысанды салған BI Group компаниясы құрылыстың сапа­сыздығына Алматы қаласының Ден­­саулық сақтау басқармасын кі­нә­лаған болатын. Ал бас­қарма өкіл­­дері мұны «қалыпты жағдай» деп ақ­­талған. Шынында, 5,5 млрд тең­­геге тұр­ғызылып, жарты жылға әрең шы­­­даған мо­дульді клини­­каның тағ­­­дыры бір шикіліктің ба­рын аңғар­­тып, күмән тудырған еді.

Күмән расталды

Негізі, аурухананың құрылысы әу бастан дауға толы болды. 2020 жы­лы сәуірдің басында Үкімет Ден­саулық сақтау министрлігінің ұсы­нысы бойынша Нұр-Сұлтан, Ал­маты және Шымкент қала­ларында алдын ала дайын­далған үш инфек­циялық аурухана салу туралы ше­шім қа­был­дады. Нысандардың құ­ры­­лысын BI Group компаниясы жүр­гізетін болып, құрылыс құны 14,8 млрд теңгеге бағаланған. Ауру­хана­лар құрылысы осы кезден-ақ жұрт­тың наразылығын тудырды. Бірін­шіден, құрылысқа кететін шығын мөлшері өте көп. Екіншіден, жоба­­лық-сметалық құжаттама дайын болмады. Оның үстіне біз сөз еткелі отырған Алма­тыдағы ме­дици­налық меке­­менің құрылысы ерте темір дәуірінен қалған бірегей ескерт­кіштің аума­ғында жүргізілген. Оған археолог­терден бастап, ақыры Сенат депу­таттарына дейін қар­сылық білдірді. Дегенмен құрылыс баста­лып кетті. Ал BI Group заң бұзғанын мойын­дағанымен, жауап­кершілікті әкім­дікке сілтей салды. Қош, мұны­мен мәселе бітпеді. Қа­ра­ша айында модульді ауру­хананың сапасыз екені анық­талып, госпи­таль «дезин­фек­цияға бай­ла­нысты» резервке алын­ды. Сол кезеңде 5,5 млрд тең­геге неліктен сапалы дүние тұр­ғыза ал­мағанын түсінбей дал бол­дық. 18 күн­де 280 орындық ке­шен салу оңай ма, бәрін уақыттың тығыздығына жаба салғанбыз. Алай­да іште кеткен күмән расталды. Жуырда Алматы қаласының Жайлы орта басқармасының бас­шысы Сапар Нұрашев пен BI Group құрамына кіретін Bi-Industrial ком­паниясы директоры Арман Лес­беков коронавирус жұқ­қан­дарды емдейтін модульді инфек­циялық аурухана құрылысына бө­лінген 3,9 миллиард теңге (9,3 млн доллар) қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. 18 қаңтарда Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің баспа­сөз қызметі «сеніп тап­сырылған мү­­лікті иемдену не­месе талан-та­ражға салу» бабы бойынша іс қоз­ғалғанын хабарлады. Нұрашев пен «Bi-industrial» ЖШС директо­рына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі (басқа адам­дардың сеніп тапсырылған мүлкін ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу бас­­­талғаны, аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңге бюджет қара­­­жатын жымқырды деген кү­дікке ілінгені жария болды. Де­генмен бұл тұста әлі де түсініксіз жай көп секілді. Себебі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметтің ха­бар­ламасына байланысты Ал­маты қаласы әкім­дігі мен BI Group ком­­паниясы мардым­сыз үн қатып отыр.

Жауаптар әрқилы

Сапар Нұрашев 2020 жылдың мау­сымында ғана Алматы қала­сы­ның Жайлы орта басқармасының басшысы қыз­метіне тағайындалды. Оған дейін осы басқарма басшы­сының орынбасары болып келген. Кейбір ақпарат құралдары Нұра­шевтың қамауға алынғанын жарыса жазды. Бірақ Алматы әкімдігі ақ­паратты растамай, әзірге Сапар Нұрашевтың «жұмыс орнында емес» екенін айтты. Жалпы, Сыбай­лас жем­қор­лыққа қарсы қызмет жоға­рыдағы мә­лім­демені жасай сала, Алматы әкімдігі былай хабар­лаған: «Әлеуметтік желіде және сайт­тарда жарияланған Сапар Нұра­шевтың ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сапар Нұрашев өзінің жұмыс орнында. Қала әкімдігі жүргізіліп жатқан тер­­геуге дейінгі тексеруге қатысты бар­лық сұралған мә­ліметтерді ұсы­нуға және қажетті тү­сініктеме бе­руге дайын». Алайда сол жауабы бұлың­ғыр да екіұшты әкімдік жары­тып түсініктеме бермегенін көрдік. Ал BI Group компаниясы бас­шысынан бастап тайлы-тұяғымен ақ­­паратты жоққа шығарды. Ең маңыз­дысына тоқталсақ, хол­дингтің басшысы Айдын Рахымбаев бұл әре­кетті белгісіз біреудің ой­лас­тырған жы­мысқы әрекетіне ба­лады. Ол бар­лық мәліметтер мен Алма­тыдағы модульді «жұқпалы аурулар» меке­месінің құрылысына қатысты бүкіл құжаттарды жұрт­шылыққа жария етуге уәде берген болатын. Әйт­кен­мен, оның өзі тек сөз күйінде қал­ғандай. Жалпы, бұл оқиға бұрын­ғы Денсаулық сақтау министрі Ел­жан Бір­тановтың ісіне қатты ұқсас деп бағалаушылар бар. Алдымен ұс­тал­ғаны жайлы хабар та­ратылып, ресми жария болған жоқ. Кейін ғана бар мән-жай ашыл­ған еді. Ал сая­сат­танушы Марат Шибутов бол­са, ауру­хана құры­лысына байла­нысты қыл­мыстық іс ашылып үлгер­генін жет­кізген. Қорыта айтсақ, қайткен күнде де бір шикіліктің бары және міндетті түрде айыпты тұлғалар есімі ата­ла­рына көз жетіп тұр. Тек бұрынғы сце­нарий бойынша, ақпараттың ресми рас­талғанын күтетін секіл­діміз. Алайда сырттай тон пішуге тағы болмайтыны айқын.

Мадияр ТӨЛЕУ