Құрылыс саласы еліміздегі компаниялар үшін мол қаржының «мекеніне» айналып үлгергені анық. Соның әсері ме, олардың көбі құрылыс сапасына жауап бере алатынына күмәніміз бар. Тіпті, аурухана, мектеп, спорт кешендерінен де олқылық көріп жүрміз. Дегенмен мәселе күрделене бастағандай. Былтыр сәуір айында Алматыда 18 күнде коронавируспен ауырғандарды емдейтін арнаулы аурухана салынды. Көп өтпей, қарашада медицина кешенінің суыққа төзбей, науқастар мен құрал-жабдықтардың бәрі көшіріліп, қайта күрделі жөндеуден өтетіні хабарланды.
Сол кезде нысанды салған BI Group компаниясы құрылыстың сапасыздығына Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасын кінәлаған болатын. Ал басқарма өкілдері мұны «қалыпты жағдай» деп ақталған. Шынында, 5,5 млрд теңгеге тұрғызылып, жарты жылға әрең шыдаған модульді клиниканың тағдыры бір шикіліктің барын аңғартып, күмән тудырған еді.Күмән расталды
Негізі, аурухананың құрылысы әу бастан дауға толы болды. 2020 жылы сәуірдің басында Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында алдын ала дайындалған үш инфекциялық аурухана салу туралы шешім қабылдады. Нысандардың құрылысын BI Group компаниясы жүргізетін болып, құрылыс құны 14,8 млрд теңгеге бағаланған. Ауруханалар құрылысы осы кезден-ақ жұрттың наразылығын тудырды. Біріншіден, құрылысқа кететін шығын мөлшері өте көп. Екіншіден, жобалық-сметалық құжаттама дайын болмады. Оның үстіне біз сөз еткелі отырған Алматыдағы медициналық мекеменің құрылысы ерте темір дәуірінен қалған бірегей ескерткіштің аумағында жүргізілген. Оған археологтерден бастап, ақыры Сенат депутаттарына дейін қарсылық білдірді. Дегенмен құрылыс басталып кетті. Ал BI Group заң бұзғанын мойындағанымен, жауапкершілікті әкімдікке сілтей салды. Қош, мұнымен мәселе бітпеді. Қараша айында модульді аурухананың сапасыз екені анықталып, госпиталь «дезинфекцияға байланысты» резервке алынды. Сол кезеңде 5,5 млрд теңгеге неліктен сапалы дүние тұрғыза алмағанын түсінбей дал болдық. 18 күнде 280 орындық кешен салу оңай ма, бәрін уақыттың тығыздығына жаба салғанбыз. Алайда іште кеткен күмән расталды. Жуырда Алматы қаласының Жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев пен BI Group құрамына кіретін Bi-Industrial компаниясы директоры Арман Лесбеков коронавирус жұққандарды емдейтін модульді инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 3,9 миллиард теңге (9,3 млн доллар) қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. 18 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Нұрашев пен «Bi-industrial» ЖШС директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі (басқа адамдардың сеніп тапсырылған мүлкін ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны, аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгені жария болды. Дегенмен бұл тұста әлі де түсініксіз жай көп секілді. Себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарламасына байланысты Алматы қаласы әкімдігі мен BI Group компаниясы мардымсыз үн қатып отыр.Жауаптар әрқилы
Сапар Нұрашев 2020 жылдың маусымында ғана Алматы қаласының Жайлы орта басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Оған дейін осы басқарма басшысының орынбасары болып келген. Кейбір ақпарат құралдары Нұрашевтың қамауға алынғанын жарыса жазды. Бірақ Алматы әкімдігі ақпаратты растамай, әзірге Сапар Нұрашевтың «жұмыс орнында емес» екенін айтты. Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғарыдағы мәлімдемені жасай сала, Алматы әкімдігі былай хабарлаған: «Әлеуметтік желіде және сайттарда жарияланған Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сапар Нұрашев өзінің жұмыс орнында. Қала әкімдігі жүргізіліп жатқан тергеуге дейінгі тексеруге қатысты барлық сұралған мәліметтерді ұсынуға және қажетті түсініктеме беруге дайын». Алайда сол жауабы бұлыңғыр да екіұшты әкімдік жарытып түсініктеме бермегенін көрдік. Ал BI Group компаниясы басшысынан бастап тайлы-тұяғымен ақпаратты жоққа шығарды. Ең маңыздысына тоқталсақ, холдингтің басшысы Айдын Рахымбаев бұл әрекетті белгісіз біреудің ойластырған жымысқы әрекетіне балады. Ол барлық мәліметтер мен Алматыдағы модульді «жұқпалы аурулар» мекемесінің құрылысына қатысты бүкіл құжаттарды жұртшылыққа жария етуге уәде берген болатын. Әйткенмен, оның өзі тек сөз күйінде қалғандай. Жалпы, бұл оқиға бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісіне қатты ұқсас деп бағалаушылар бар. Алдымен ұсталғаны жайлы хабар таратылып, ресми жария болған жоқ. Кейін ғана бар мән-жай ашылған еді. Ал саясаттанушы Марат Шибутов болса, аурухана құрылысына байланысты қылмыстық іс ашылып үлгергенін жеткізген. Қорыта айтсақ, қайткен күнде де бір шикіліктің бары және міндетті түрде айыпты тұлғалар есімі аталарына көз жетіп тұр. Тек бұрынғы сценарий бойынша, ақпараттың ресми расталғанын күтетін секілдіміз. Алайда сырттай тон пішуге тағы болмайтыны айқын.Мадияр ТӨЛЕУ