Күнгейдегі суицид
Күнгейдегі суицид
284
оқылды

Қаңтар айының соңғы күн­дерінің бірінде Шымкент қала­сындағы дендросаябақта өзі­не қол жұмсамақ болған боз­­баланы полиция қызмет­керлері аман алып қалды.

Махаббат үшін өзіне қол салуға бола ма?

Оқиғаның алдын алған поли­цейлерге хабарламаны бозбаланың досы жеткізеді. Мүмкін жолда­сының әрекетіне қарсы шықса да , оны көндіре алмағандықтан поли­цейлерден көмек сұраған болар.  Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары жігітті саябақ­тағы самалжайлардың (беседка) бірінен кезіктіреді. Алайда жақын барып сөйлеспекші болғанда жас жігіт самалжай қоршауына мініп, мой­нына жіп іліп секіреді. Поли­ция қызметкерлері жедел қимыл­дап, жіпті үзіп, бозбаланы аман алып қалады. Кейін белгілі бол­ғанындай бозбала бұл қадамға сүйген қызы­мен болған жанжалдың салдарынан барыпты. Жап-жас жігіттің бұл әрекеті көпке дейін көңілден кетпей қойды.  Болашағымызды сеніп тапсырар ер-азаматтардың өмірге жауапкершілікпен қарамайтыны көңіл құлазытты. Әйтпесе, айдың күннің аманында қыз үшін шыбын жанын қия салу қай ата-ба­бамызда бар еді? Мүмкін боз­бала­ның жан күйзелісін түсінбейтін шы­ғармыз.

Суицид жасайтындардың 60-70 пайызы – ерлер

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жариялаған мәліметке сүйенсек, Түркістан облысында былтыр өзіне қол салу бойынша  тіркелген 281 оқиғаның 203-ін ер-азаматтар жасаған. Қалған 78-і – әйелдер. Ал Шымкент қаласында 2020 жылы болған 128 суицидтің 83-ін ерлер жасаса, 45 суицидке әйелдер ба­рыпты. Міне, өздеріңіз көріп отыр­ғандай, айыр­машылық жер мен көк­тей. Өзіне қол салатын­дар­дың 60-70 пайызға жуығы ер-азамат­тар екен. Демек, өмірде кез­десетін  қиын­дыққа төз­бейтін де жігіттер болып отыр. Қоғамда суицидке ұмты­ла­тындар негізінен толық емес отбасында өскендер және дау-жан­жалы көп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүшелері барады деген түсінік қалыптасқан. Алайда бү­гінде мамандар  бұған тұрмыстық жағдай ғана әсер ет­пейтінін айтады.  Мінез-құлық­тан немесе кеселдің кесірінен суицид жасайтындар да  болады.

Көш бастап тұрған Түркістан ба, Шымкент пе?

Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары суицидтің негізгі себебі тұрмыстық зорлық-зом­былық, ата-аналардың балаларға жеткілікті көңіл бөлмеуі екенін айтады.  Айта кетейік, Түркістан облысы 2019 жылдың қорытын­дысында жас­өспірімдер арасын­дағы суицид бойынша респуб­ликада көш бастап тұрған. Сол жылы өз-өзіне қол жұм­саған 76 жасөспірімнің 32-сі өмірден өткен. Ал 2018 жылы облыста тіркелген 106 суицид оқиғасының 42-сі адам өлімімен аяқталған. Былтыр 51 бала өмірімен қош­тас­қысы келген, 21-ін ажалдан ара­шалаудың сәті түсті.  Демек, былтыр облыста  30 жас­өспірім өмірімен қоштасып үлгерді деген сөз. Түр­кістан облы­сы­ның Шымкент қала­сынан бө­лініп, өз алдына өңір бол­ғанына 3 жылға жуықтаса да,  өмір салты бір-бірімен тығыз қарым-қа­тынаста. Бүгінде миллион тұрғыны бар Шымкент қаласының өзінде 9 бала өзіне қастандық жасап,  3-еуі аман қалды, 6-уы өмірден озды. Қалай болғанда да, үшінші мега­полистен гөрі ауыл-аймағы көп Түр­кістан облысында бұл жайт күрделі болып тұр. Былтыр өңір басшылығы осы жайтқа алаңдаушылық білдіріп, мәселенің алдын алу үшін жаңа жоба қолға алынған. Ол үшін жер­гілікті бюджеттен 44 млн теңге қарал­ған-ды.  Тұлғалық дамыту орталығының «Бестерек» жобасы аясында өңірдегі 1 277 педагог-психологтің 1 215-і біліктілігін арттыру үшін кезең-кезеңімен қайта даярлаудан өткен. Бұған дейін өңірдегі Сайрам, Сары­ағаш, Мақтаарал және Түркістан аудан-қалаларында мектеп пен отбасына психологиялық көмек беру бойын­ша екі жоба қолға алынған. Бас­қарма басшысы бұл мәселенің күн тәртібінен түспей тұрғанын айтады.  Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы аясында өңірде өткен жылдың 1 маусымында «2020-2023 жылдарға арналған балалар құқын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәсе­лелерінің алдын алу жөніндегі іс-шара жоспары» бекі­тілген. Жоба аясында 5-11-сынып­тағы 221 482 оқушыдан түр­лі әдіс­ бойынша сауалнама алынған.  Білім бас­қармасының ма­мандары қазір карантин жағ­дайына бай­ланысты мектептегі пе­дагог-пси­холог­тер тара­пынан оқушылармен жұмыс жүр­гізу қиын­ға түсіп жат­қанын айтады. Иә, 2019 жылы болған 76 оқи­ғамен салыстырғанда,  2020 жылы жасөспірімдер арасындағы  суи­цид­тің 51-ге дейін төмендегенін сәл де жетістік деуге болар. Деген­мен жайбарақат қарауға тағы бол­майды. Өйткені суицидтің алдын алу әзірге толық мүмкін болмай тұр.  Ал оған бөлінген қаржы аз ба, көп бе, оны оқырман өзі бағалар.

Жұмыс атқарылды, нәтиже жоқ

Жоғарыда айтып өткендей, миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында жасөспірім­дер ара­сында 9 суицидке ұмтылу дерегі тір­келген. Оның 6-уы қай­ғылы оқи­ғамен біткен. Бұл – ста­тис­тикалық мәлімет. Ал қалалық Білім басқармасының дерегіне сүйенсек, былтыр 20  оқушы өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылып, 1 оқу­шы қайтыс болған. 2019 жылы 3 оқушы өз-өзіне қол жұмсап бақи­лық болған еді. Жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақ­сатында жергілікті бюджеттен 60 млн теңге қаржы бөлініпті. Білім басқармасының басшылығы одан бөлек ЮНИСЕФ жетекшілігімен «Жасөспірімдердің арасындағы суицидтің алдын алу жобасымен» жұмыс жүргізетін Bilim foundation қоғамдық қорымен бірлескен  келісімшарт түзілгенін айтады.  Нәтижесінде, 278 денсаулық сақтау қызметкері мен  266 мектептің  педагог-психологтері аутодес­труктивті мінез-құлықты бала­лармен жұмыс жүргізу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Одан бөлек, Қазақстан бойынша ресми жұмыс істейтін HR Development жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің  жасөспірім­дердің аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша ар­найы жобасымен жұмыс жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 68 млн 640 мың теңге қаржы қаралған. Айта кетейік, жалпы елімізде суицидті болдырмау, оның алдын алу шарасына аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бауыр етіміз – бала­ларымыз үшін Үкімет те қаржыдан қыса қоймайды. Дегенмен оның нәти­жесі қандай? Мәселе – осын­да. Ауыз толтырып айтарлық жұ­мыс бар, көрсеткіш төмен. Осыдан 4-5 жыл бұрын өңірлерде балалар арасындағы суицид жағдайы бар-жоғы 5-6 деректен аспайтын. Міне, бүгін 20-ның үстінде. Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын Бас прокуратурадан облысқа арнайы келген Салтанат Тұрсынбекова ауыл-аймақты түгел аралап, «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобаны жүзеге асырмақ болған. Тіпті, жобаны жүзеге асыру үшін үйлестіруші орган құрылған еді.  Кейін көп ұзамай заңға қайшы құрылған мекеме жабылып қалды. Онда біз жазып отырған суицидтің алдын алу шаралары бар-тұғын.  Айтпағымыз, құрылған мекеме үшін де, пилоттық жоба үшін де бюджеттен қыруар қаржы кетті-ау.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы