Қызылордада қыруар қаржыға салынған мия тамырын өңдейтін зауыт әлі қаңтарылып тұр. Кезінде Жалағаш ауданының халқы бұл бастаманың болашағынан көп үміт күткенімен, өндіріс жұмысы нәтиже бермей отыр.
Жалағаш ауданыңда «БИС Групп» ЖШС құны 2 млрд теңгеге жуықтайтын зауыт салып, шығарылатын өнім толық экспортқа бағытталатын болған-ды. Зауыт басшылығы өндіріс орны қызыл мия тамырының ерітіндісінен бөлек түрлі медициналық препараттарға қажетті шикізат дайындайтынын айтқан еді. Мұны естіген жұрт зауыт болашағынан зор үміт күтті, бірақ ел сенімі ақталмады. Нақтырақ айтсақ, 7-8 жыл бұрын іргетасын қалаған зауыт құрылысында бастапқыда кідіріс болған жоқ. Келесі жылы-ақ ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Бұл өндіріс орны толық іске қосылса, 156 адамды тұрақты және 500 адамды маусымдық жұмыспен қамтитын болған. Мұнда жылына 6 мың тонна мия тамыры өңделіп, мия өсімдігінің экстракты, кремі, глициризин қышқылының ұнтағы, полисахарид, флавоноид секілді 5 түрлі компонент алынады делінген еді. Өндіріс орны ашылған жылы жоба иелері мия тамырын өсіру бойынша бірқатар шаруашылықпен келісім жасады. Сондықтан жалпы 80 мың гектар алқаптық қызыл мия қоры бар өңірде жаңа кәсіп бірден өркендеп сала берердей көрінді. Бірақ жұрт күткендей зауыт қарқынды жұмыс істеген жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы өткізген брифингте осы зауыт төңірегіндегі бірқатар мәселе айтылды. Анығы қазақстандық «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Борихунда» компаниясы бірлесіп іске қосқан зауыт жұмысы тоқтап тұруына екі компания арасындағы пайыздық мөлшерлемеге қатысты келіспеушілік себеп болған сыңайлы. Алайда араға бірер жыл салып, яғни 2017 жылы «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Борихунда» компаниясы арасындағы келісім негізінде зауыт жұмысы қайта қолға алынды. Алғашқы 20 тонна өнім Қытай еліне жөнелтілді. Бірақ көп ұзамай зауыт жұмысы тағы да тоқтап, жұмысшылар нәпақасынан айырылды. – «БИС Групп» ЖШС-нің «Қызыл мия тамырын өңдеу зауыты» 2014 жылы іске қосылған болатын. Алайда бүгінге дейін түрлі себеппен зауыт жұмысы тоқтап тұр. 2020 жылы зауытқа инвестордың жеке қаражаты есебінен газ желісі тартылып, қазір Қытай Халық Республикасынан зауытқа қажетті құрал-жабдық алу жұмыстары жүргізіліп отыр. Биыл зауыт жұмысын қайта бастайтын болады, – дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Жанашев. Бірақ ол зауыттың нақты қай айда іске қосылатынын айтпады. Ал 2021 жылдың алғашқы айы да өте шыққанын ескерсек, алдағы 11 айдың бірінде іске қосылатын шығар деп үміттенеміз. Әкімдіктегілердің сөзінше, тұралаған жұмысты жүргізу үшін нақты шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. Зауыт жұмысшылары әлі де болса өндіріс орны іске қосылатынына үмітті. Бүгін құрылтайшы өз қаражатына зауытқа газ тарту жұмысын жүргізіп қойғаны болмаса, әзірге өндіріс орнында тіршіліктің лебі еспейді.Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы