Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «Резерв» РМК филиалдары Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің (ММРК) лауазымды басшылары мен азық-түлік жеткізушілеріне қатысты 6,5 миллиард теңге сомасында аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету деректері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
1 ақпанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен 21 адам бас бостандығынан айырылды, – деп жазады Tengrinews.kz.
Ал біреуі бас бостандығынан шектеу жазасын алды.
ММРК бұрынғы төрағасы Иманалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Президентке Иманалиевті мемлекеттік наградалары: «Құрмет» ордені, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарынан айыру туралы ұсыныс айтылды (Ол үй қамақта үкім заңды күшіне енгенге дейін отырады. Үкім күшіне енгеннен кейін қамауға алынады);
ММРК Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Мақашев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
«Резерв» – «Высота» РМК филиалының директоры Жақанов пен бөлім бастығы Родин, сондай-ақ «Резерв» – «Сигнал» РМК филиалының директоры Ғалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Аталған лауазымды тұлғалар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
«Резерв» – «Высота» РМК филиалы директорының орынбасары Құсайыновқа 2 жылға бас бостандығына шектеу қойылды;
Азық-түлік жеткізушілер Адамов, Дроздецкая, Тартуманов, Рашитов, А.Сабазов А., О.Сабазов, Абдукаримов, Бақаев, Ғабдуллин, Садай, Исаев, Б.Қожанов, Д.Қожанов, Қанатхан, Мұстафинов, Оспанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің бұрынғы басшысы 2019 жылдың сәуірінде ұсталды.
Агенттіктің мәліметінше, «резервтегі сиыр етінен жасалған бұқтырылған ет консервілері мемлекетаралық стандартқа сәйкес келмейтінін, сапасыз және сиыр етінің орнына соя етінен екенін біле отырып, ол 2018 жылы сатып алушы кәсіпкерлерге 600 миллион теңгеден аса зиян келтіріп, оларды іске асыруды ұйымдастырды» деген күдікке алынған.
Тергеу барысында комитетке консервілер 2015 жылы СҚО-дан әкелінгені белгілі болды. Бақытбек Иманалиев комитет басшысы қызметін 2016 жылдан бастап атқарды.