Сені біреу сүйресе жақсы көресіз бе? Мысалы, көшеде дырылдатып, екі өкпеңді сырылдатып. Немесе, туысқаның, ағаң, нағашың сүйресе. Адамдар бірін-бірі сүйреп жүрсе, ә? Мысалы сен көшеде келе жатыр едің, алдыңнан бір кісі шыға келді де:
– Кешіріңіз, сізді сүйрейін деп едім, – деп өтініп қояр емес.
– Неге сүйрейсіз?
– Сол, сүйрегім келеді.
– Қойыңыз.
– Әкел қолыңызды!
Ол сіздің қолыңыздан ұстай алып, дырылдата сүйрей жөнелді. Етпетіңізден түсіп, көше шаңын бұрқыратып келесіз.
– Жіберіңіз! Жіберіңіз деймін.
– Қазір, жақын қалды.
– Үстім шаң болды деймін!
– Шыдаңыз!
– Сүйретіліп бара жатып, темекі тартсам бола ма?
– Әрине, виски ішсеңіз де рұхсат!
– Мені не үшін сүйреп бара жатырсыз?
– Нағашың сізді сүйре деп, маған көп ақша берді.
– Шалбарым...
– Кешіріңіз, шалбарыңыз шешіліп кетіпті ғой?
– Масқара еттіңіз!
– Қазір шыдаңыз!
– Тізем! Тізем қанап кетті!
– Өлмейсіз, за то рахатын көресіз!
– Ненің ойбай?
– Жараның!
– Түсінсем бұйырмасын, түрегеп жүрейінші?–деп сұрадыңыз сіз жалынып.
– Жоқ, бомайды, сізді сүйреу керек деді, сүйреп келе жатырмын.
– Мен сізді сотқа беремін.
– Бәрін білген соң, мені құшақтап жылайсыз.
– Жіберіңізші, менен не сұрайсыз?
– Сабыр сақтаңыз, сабыр.
– Үсті басым жалбыр-жалбыр.
– Келіп қалдық! – деген ол сізді бір мекеменің дүрдей бастығы етіп тағайындап, креслоға дік етіп отырғыза қойса, қайтер едіңіз, әлгі кісіні құшақтай аласыз ғой? Бүгінде ағасы атқа қонса, інісі тақымын қысады. Әкесі министр болса, баласы әкім болып шыға келеді. Енді... Кімнің сүйрегенін білмейміз. Оллахи, білләхи! Ал, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың інісі Мәди Атамқұлаов ҚР президенті протоколының бастығы! Оны дырылдатып сүйреп әкелді ме, білмейміз! Оллахи! Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың інісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ–ның президенті. Кім сүйреп әкелген? Білмейміз. Білләхи! Әділет министрі Марат Бекетаевтың ағасы Руслан Бекетаев қаржы министрінің орынбасары! Құтты болсын! Кім сүйреп әкелді екен-ей? Білмейсіздер ме? Мен де білмеймін.Түркістан облысынң әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қарындасы қаржы министрлігіне қарасты облыстық департаментті басқарады! Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллиннің жиені Мәлика Бектұрова Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары. Айта берсек, ауыз ауырады. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс–қимылдар агенттігі басшысының орынбасары Олжас Бектановтың мәлімдеуінше, туыс шенеуніктер мемлекеттік органда жұмыс істей алмайды дейді. Бәрі базарға шығып кетпесе жарар еді...