Қазақстанда бірінші рет жемқорлар жарысы ұйымдастырылды. Ауыздары апандай, құлқындары құдықтай жемқорлар Астананың «Жей береміз!» деген кафесіне жиналды. Жарысты ұйымдастырушы:
– Құрметті жемқорлар! Осы кафеде ұзын стол үстіне бес килодай ет, жылқының қазысы, қымыз, қымыран қойылған. Соны тез арада ішіп, жеп болған соң, жүгіргеннен жүгіріп отырып, келесі «Асаймыз!» мейрамханасынан чикен, микен, лаваш, маваш жеп, беттеріңізге төңкерілген қара қазанның күйесін жағып, жүгіріп шығасыздар да, келесі «Қылғытамыз!» кафесіне кіресіздер. Ол жерден есектің етін жеп, қарындарыңызды төмпештейсіздер де, келесі «Жұта береміз!» кафесіне жетесіздер! Мұнда алты қапшық Ар, жеті қапшық Ұят тұр, соны жеп бола салысымен, ең соңғы «Бетсіздер!» кафесіне жетесіздер, ол жерде мемлекеттің миллиард теңгелері шашылып жатыр. Соны жейсіздер. Кәдімгідей, нан шайнағандай. Кім көп жеп, кім кафелерге бұрын жетсе, сол жеңімпаз атанып, алтын жалатылған унитазға отырады! –деді.
Сол екен, Қазақстан жемқорлары, еліміздің елеулілері сапқа тұрғаны соншалық, кафеге сыймағандары көшеге шығып кетті. Олардың жартысы келесі турға қатыстырылатын болды. Бәрі ауыздарын ашып тұра қалысты. Масқара, ауыздары алты қарыс болғаны соншалық, ішек-қарындары көрініп, кейбірінің асқазандары аузынан шығып кетті. Төреші төбеге қарай тоңқайып, «тарс» еткізіп еді, жемқорлар жапа-тармағай алға ұмтылды. Асығыс ішіп жеп, келесі кафеге жүгірісті. Ол жерден де жайпай жеген жалмауыздар беттеріне қара күйе жағысып, келесі кафеге зымырады. Кейбірі жүгіре алмай, еңбектеп барады. Енді бірі құса бастаса, бірі құстай ұша бастады. Ол жерден де ішіп жеген кейбір министрлер, басқарма бастықтары, тіпті жемқорларға қарсы күрес қызметкерлері бірін-бірі итерісіп, тамаққа таласып, керек десеңіз, бір әкім жылап қалды. Ой, Аллай, не деген жемқорлар елі едік? Не деген жалмауыздар елі едік? Не деген... Олар емес, «ауыздары ақымақ» қой! Жей береді, жей береді... Сонымен, алтын жалатылған унитазға кім отырды екен? Білесіздер ме?
Білмесеңіздер, мен айтайын, Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайының бас бухгалтері Әлия Бабашева болып шықты! Ол және оның төңірегіндегі ұйымдасқан қылмыскерлер әуежайдан 1,6 миллиард теңге жымқырған еді. Не деген жемқорлар десеңізші? Миллион емес, миллиард!
– «Сіз жеңімпаз ретінде қандай әсер алдыңыз?» – деп сұрады журналистердің бірі микрофон ұсынып.
Аса қуаныштан әлі араның апандай ашып тұрған майлы ауыз мадам аузын жауып, иегін сипалады. Сосын:
– Қуаныштымын, елімнің елеулі жемқоры болғаныма қуанып тұрмын! – деді.
– Алдағы уақытта да жей бересіз бе?
–Жей беремін, жей беремін, жей беремін.
– Түйіліп қалмайсыз ба?
–Құдай сақтасын!
–Шайнамай жұтасыз ғой?
– Әрине!
– Кейінгі өсіп келе жатқан жас жемқорларға не тілек айтасыз?
– Жегендері желкелерінен шықпасын!
Ол сөзін аяқтап үлгермеді, құқық қорғаушылар сау етіп жетіп келді де, қолына кісен салды. Енді ол түрмедегі қарапайым ғана унитазға отыратын болды. 11 жыл бойы. Он жыл лауазымды қызметке де жолай алмайды. Төңірегіндегілер де 7-8 жылдан арқалады. Осылай жемқорлар жарысы көңілсіз аяқталды.