Қазақстанда коронавирустың бірде-бір дерегі тіркелмеген ауыл бар
Қазақстанда коронавирустың бірде-бір дерегі тіркелмеген ауыл бар
5,173
оқылды

Бүгінде коронавирус кеселі әлемдік сипат алды. Алты құрлыққа ауыз салған індет тіпті Антарктидаға да жетті. Алайда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Ерназар ауылында осы таңға дейін бірде-бір коронавирус дерегі тіркелмеген.

Жалпы Ерназар ауылдық округінде 1697 адам тұрып жатыр. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі мен кітапхана сынды әлеуметтік нысандар халыққа қызмет көрсетуде. Негізгі тіршілік көзі аграрлық сала саналатын өлкеде 75 шаруа қожалығы тіркелген. Тұрғындардың қолында 1426 бас мүйізді ірі қара, 16768 бас қой мен ешкі, 818 бас жылқы, 92 бас түйе және 2100 құс бар. Округ әкімі Мырзахан Жақсылықұлының айтуынша, індеттің бірде-бір дерегі тіркелмеуі түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуінен екен. – Ауылда короновирус дертінің бір де бір дерегі тіркелген жоқ. Тіркелмеуі үшін күш салып, рейд шараларын өзім бастап ұйымдастырып жүрмін. Ауылдағы мешітте күніне бес мәрте халыққа індеттен сақтану жолдары құлағдар етілсе, әлеуметтік нысандарға жадынамаларды жаппай ілдік. Көрнекі жерлердегі баннерге карантин талаптары жазылған үнпарақтарды жапсырдық. Учаскелік полиция қызметкерлерінің көлігіндегі дыбыс ұлғайтқыштың көмегімен бетперде тағу, арақашықтықты сақтау керектігін көше бойымен хабарладық. Қандай да бір сырқат белгілері анықталған науқастың бірден дене қызуын өлшеп, дәрігерлермен бірге үйді-үйділерге жедел жеттік. Бәлкім сақтық шараларына ауыл болып көңіл бөлгеннен болар, бұл індеттен аманбыз, – дейді ауыл әкімі.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы