– Балтаға бас имейтін ағаш жоқ.
– Есек жүгі жеңіл болған сайын ақырады.
– Жан-жаққа қараған екі көзден тура қараған бір көз артық.
– Бұлтқа тұншығады,
Бәрібір күн шығады.
– Мойын артыңа қарау үшін керек.
– Өзін екінші орынға қоя білетін адам бірінші орынға лайық.
– Базарда адалдықтан басқаның бәрі бар.
– Бұзау болып туған соң,
Өгіз болмай қайтеді?!
Торай болып туған соң,
Доңыз болмай қайтеді?!
– Ел екіге бөлінеді:
Араны ашылғандар және ашылмағандар.
– Зиялы деп жүргенің
Мұжық болып шығады.
Биязы деп жүргенің
Бұзық болып шығады.
– Ит бір бөлек, иттік бір бөлек,
Иттікті ит емес, адамдар жасайды.
– Отырған жерде қалтаңа қолыңды сала берме
Біреу-міреу дәметіп қалып жүрер.
– Орыстар ақшаның исі жоқ дейді. Неге болмасын. Ақшада арамдықтың, дүниеқоңыздықтың, сатқындықтың – бәрінің исі шығады.
– Бір атқа екі адам отыра алады. Бір ерге екі адам симайды.
– Кісі киімінен кір іздемей, өз киіміңді таза ұста.
– Сұлулар біріне бірі ұқсамайды, албастылар бірінен бірі аумайды.
– Түлкінің ізін таппай өзін таппайсың.
– Тұлпары бар адамның тайға тақымы толмайды.
– Адасқан адамға алыстан естілген иттің үні қымбат.
– Қаңбақтан жол сұрама, қаңғып кетуің мүмкін.
– Қақпақсыз қазанның қасында сұғанақ ит жүреді.
– Бетсіздер боқ басады, боқ басып жүріп топтасады.
– Орманға барсаң – балтаңды, парақорға барсаң – қалтаңды ұмытпа!
– Кімді боқтасаң да өз аузың былғанады.
– Қартайған қасқыр қоян ала алмайды.
– Еркектің еркекке, әйелдің әйелге айтқан өтірігі әйел мен еркектің бір-біріне айтқан өтірігіне жетпейді.
– Мылжыңдар өздері демалады, өзгені шаршатады.
– Биліктегілерге үйлесім ғана емес, келісім де, тіпті бөлісім де керек.
– Түрме – тегін оқытатын университет.
– Жүзік – шынжырдың бірінші шығыршығы.