ШҚО-да аязды күні көшеден 4 жасар бала табылды
ШҚО-да аязды күні көшеден 4 жасар бала табылды
235
оқылды

Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында 40 градус аязда көшеде жалғыз жүрген 4 жасар бала анасына жеткізілді.

Алтай аудандық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына хабарласқан азамат Стахановская көшесіндегі дүкен маңында қаршадай қыздың ата-анасының қарауынсыз жүргенін айтты. Анықталғандай, баланың 38 жастағы анасы дәрігерге қаралу үшін ауруханаға кетіп қалған. Бұл кезде әкесі Грехово ауылында жұмыста болған. Ұйқыдан оянған қыз үйде ешкімнің жоғын байқаған. Содан ол киініп алып, анасын іздеп далаға шыққан. 40 градус аязда дүкеннің жанында тұрған баланы ер адам көріп қалған. Жұмысқа бара жатқан жерінен ол маңайдан баланың ата-анасын іздеген. Ешкімді таппаған соң, полициядан көмек сұраған.

«Полицейлер баланың ата-анасы туралы мәліметтерді дереу анықтады. 30 минут ішінде Алтай аудандық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция қызметкерлері баланы ата-анасына аман-есен тапсырды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.