Жазушы Әнес Сарай дүниеден өтті
Жазушы Әнес Сарай дүниеден өтті
302
оқылды

Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай Төлендіұлы дүниеден өтті. Бұл туралы Жанна Ойшыбаева жазушының жары Алтыншаш Жағановаға сілтей отырып әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Әнес Сарай Төлендіұлы 1937 жылдың 21 қарашасында Ресей Федерациясының Астрахань облысына қарасты Володар ауданының Құрмалай ауылында дүниеге келген.

1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Балық аулау кәсіпшілігінде жұмыс істеген. Кеңес Армиясы қатарында болған.

1964–1965 жж. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор (1966), 1967–1971 жж. «Жас Алаш» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі, бөлім меңгерушісі болды. 1971–1982 жж. «Жазушы» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, 1982–1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1978–1997 жж. «Жазушы» баспасында Бас редактордың орынбасары, Бас редактор боп істеді. 1998 жылдан шығармашылық жұмыста.

«Мұнарлар шақырады» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. 1989 жылы орыс тілінде «Қараша айы келгенде» кітабы шықты. «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» пьесаларының авторы. «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлерін жазған. «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болған.