«Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында инсульттан кейін үйде күтімсіз қалған Павлодар қаласының тұрғыны Рашит Сәдуақасовқа тиісті медициналық көмек алуға жәрдемдесті.
Биыл қоғамдық қабылдау бөлмесіне Рашит Сәдуақасовтың туыстары мен көршілерінен медициналық көмек ұйымдастыруды сұраған өтініш түскен болатын. – Ол 2019 жылы инсульттан кейін сал болып қалды, сөйлеу қабілетін жоғалтып, аяқтары жансызданды. Әйелі 2010 жылы қайтыс болған. Екі баласы ІІ топтағы мүгедек, есту-сөйлеу қабілетінен айырылған. Оған қарайтын ешкім болмағандықтан, бірнеше апта бойы аш, лас және ешқандай медициналық көмексіз жатты, – дейді туыстары. Партияның Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі Рашитке дәрігерлерді жіберді. Тексеру нәтижелері бойынша науқасқа мүгедектіктің I тобы беріліп, оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленді. 18 қаңтарда Рашит Сәдуақасов жедел медициналық көмек ауруханасының мейірбикелік бөліміне жіберілді, онда оған толық медициналық көмек пен тиісті күтім жасалады. Қазір оны мүгедектерге арналған интернат үйіне орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Айта кету керек, өткен жылы «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына еліміз бойынша 393,2 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте соңғы 5 жылда 1,2 миллион адам партия көмегіне жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн форматта. Олардың 92 пайызы оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді. Талдау көрсеткендей, халықты негізінен әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі – 30%-ға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету – 15%, еңбек даулары – 14%, құрылыс – 9%, білім беру – 9%, медициналық қызмет көрсету 7%-ға алаңдататыны анықталды.Әбілмансұр ЖАСАН