«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Отырысқа партиялық бақылау комиссиясының төрағасы И.Сағынбаев және орынбасары Ғ.Құрманғалиев, партиялық бақылау комиссиясының инспекторы А.Хибасов және комиссия мүшелері А.Сүгірбай, Н.Тілепов, Л.Меңдіғалиева, Т.Болатбаева қатысты. Күн тәртібінде партияның аймақтық, аумақтық филиалдарының 2020 жыл ішінде азаматтардың өтініштерін қарау, қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысы және мүгедектерге арналған медициналық, техникалық, гигиеналық өнімдерге бөлінген қаражаттың игерілуі қаралды. Жиында Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ш.Дүйсенов баяндама жасады. Ол әлеуметтік қызметтер порталы бойынша 2020 жылы 1 652 мүмкіндігі шектеулі жандар 24 түрлі техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілгенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу арқылы 2020 жылы сурдотехникалық құралдармен – 336, тифлотехникалық құралдармен – 897, протездік-ортопедиялық көмекпен – 2 418, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен – 560 және шипажайға емделумен 574 адам қамтамасыз етілгенін атап өтті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша 2020 жылы қоғамдық қабылдау бөліміне тұрғындар тарапынан 6,2 мың өтініш түсіп, оның 60%-ы оң шешімін тапқан. Қалған 39 пайызына түсініктеме беріліп, 1 пайызы қаралу үстінде. Аталған мәселелерді партиялық бақылау комиссиясы толықтай қарап шығып, жұмысты жүйелендіру бойынша ұсыныстар берді.Әбілмансұр ЖАСАН