Ой еңбегі сатылады. Әсіресе, мұны диплом жұмысы мен диссертация жазу барысында байқаймыз. Қазір аталған жұмыспен айналысатындар өздерін ашық жарнамалайтын болған. Әлеуметтік желіде парақша ашып, «қазақша диплом жұмысын жазу 75 мың теңгеден басталады» дегендер бар. Тіпті, жылдар бойы диплом жұмысын жазуды қосымша табыс көзіне айналдырғандар да жетерлік.
Жазу мерзімі – 2 ай
Негізі, оқытушылар диплом жұмысының тақырыбын таңдауды 3-курста бастайды. Студенттің қай тақырыпқа бейім екенін анықтап, жазуда қиындық тумауы үшін уақытты ыңғайлауды үйретеді. Алайда студенттердің біразы диплом жұмысын сатып алуды жөн көреді. Өйткені олар диплом жұмысын жазуға кеткен уақытты шығын деп есептейді. Одан да қосымша жұмыс істеп, жазба жұмысына 100 мың теңге төлеген жеңіл. Өз кезегімізде неліктен студенттердің осындай қитұрқылыққа баратынын зерттеп көрдік. Біріншіден, студенттер диплом жұмысын жазған күннің өзінде қорғауға қиналады. Тарқатып айтсақ, 60 беттік жұмыстың қаймағын қалқып ала алмайды. Қаймақ деп отырғанымыз – комиссия алдында жазба жұмысы туралы айтатын 5 минуттық қорытынды сөз. Әрі диплом жұмысын жазып берген тұлғадан «комиссия мүшелері қоюы мүмкін сұрақтарға жауап дайындап берсеңіз» дейтіндер бар екен. Сондықтан қазір диплом жұмысы мен диссертация жазып беретіндер презентация жасау мен 1 беттік қорғау мәтінін қоса дайындап береді. Оған қоса, қорғау аяқталып, қазылар ұпай бергенше онлайн консультация ала аласыз. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан dimlom_24.kz авторлық жобалар орталығы 1-2 айда диплом жұмысын дайындап беретінін айтты. Әрине, олар журналистерге ашық жауап бермейді. Сол себепті тұтынушы ретінде менеджерді әңгімеге тарттық. Оған педагогика саласында диплом қорғайтынымды, тақырыбым «Дағдарыс жағдайына тап болған балаларға әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсету әдістемесі» екенін айттым. Тақырыптың оңай-қиынына қарамастан, бірден жауап берді. «Диплом жұмысын жазу бағасы – 90 мың теңге. Жұмыстың бірегейлігі кем дегенде 85%-ды құрайды. Біз ресми келісімшарт ұсынамыз. Шартқа қол қойған кезде аванс ретінде 50% төлем жасайсыз. Ал қалғанын диплом жұмысы толық біткенде төлейсіз. Жазба жұмысын кезең-кезеңдерге бөліп жібереміз. Жазу мерзімі – 1-2 ай. Бірақ қорғау кезінде де көмектесеміз. Мұның бәрі келісімшартта көрсетіледі»,– деді өзін Гүлжан деп таныстырған қызметкер. Жауапқа таңданғанымызбен, осындай бизнестің заманы жүріп тұрғанын байқадық. Өйткені студенттерге диплом жұмысын жаздыртуға себеп болатын тағы бір тұс – антиплагиат. Яғни, жазба жұмысын көшіріп алмағаныңды дәлелдейтін бағдарлама. Мысалы, жазған сөйлемнің 4-5 сөзі интернеттегі басқа жазбамен ұқсап қалса, жұмысыңыз антиплагиат бағдарламасынан өтпей қалады. Көшірмені анықтауда таптырмас құрал екенін айта кеткен жөн. Ал біз әңгімелескен орталық «антиплагиаттан 90-95%-ға өткізіп береміз» деп отыр. Негізі, жоғары оқу орнында антиплагиат межесі 75-80%-дан басталады. Сондықтан студенттер антиплагиат ісімен бас қатырғысы келмей, диплом жұмысына тапсырыс береді. Айта кетерлігі, бұл «салада» бәсеке қызғасын бақталастар жеңілдік жасауға бейім болған. Мысалы, әлеуметтік желіде 98 мың оқырманы бар diplomniki ұжымы диплом жұмысын алдын ала төлемсіз жазып береді. Бұл өз кезегінде студенттерге таптырмас мүмкіндіктей көрінеді. Олар диплом жазу нарығында жүргелі 11 жыл уақыт болған. Осыған дейін 900-ден астам диплом мен диссертация жұмысын жазған екен. Анық-қанығын білу үшін аталған орталыққа жоғарыдағы тақырыбым мен мамандығымды жазып жібердім. «Диплом жұмысының бағасы – 80 мың теңге. Бөлімдері дайын болғанда төлем жасайсыз. Түзетулерді тегін енгізіп, қорғауға дейін көмектесеміз. Тақырыпты өткізсеңіз, жоспарын өзіміз құрып береміз. Жазба жұмысы 1,5-2 айда дайын болады. Түзету жұмысына 1 аптаны арнаймыз»,– деді Раушан есімді менеджер. Аталған орталыққа да «тақырыптың қиын-оңайына қарай сомасы өзгермей ме?» деп сұрақ қойдым. Олар педагогика болса, осы сомаға жазуға болатынын айтты. Байқап қарасақ, ақша төлесең, тақырып талғамастан жазып береді. Алайда олар мұнша мәліметті қалай алады? Әлде, олар антиплагиатқа өткізгенде символ мен шрифті өзгерту қулығын қолдана ма екен? Бұл жағы бізге беймәлім күйінде қалды.Студенттер кібіртіктеп тұрады
Қазір диплом қорғау онлайн форматта өтіп жатыр. Сондықтан мәселенің мән-жайын оқытушылардан сұрап білдік. Әңгіме барысында студенттердің біразы оқумен қатар жұмыс істейтінін атап өтті. Мұндай студенттер диплом жұмысын жазуға уақыт жұмсамай, сатып алғанды жөн көреді. Алайда оқытушылар алдын ала жазба жұмысын тексеру сағаттарында жұмысты студенттің өзі жазбағанын байқаса, бірден қабылдамай, жоспарын өзгертіп беретінін айтты. Бұл диплом жұмысын жазып беретін адамды да, студентті де біраз әуреге салатыны анық. «Zoom платформасында диплом жұмысын қорғау барысында қандай мамандықта оқитынын білмейтін студенттерді көрдік. Диплом жұмысын кім дайындап бергенін білмейміз, тап-тұйнақтай жазылған. Бірақ сұрақ қойсаң, кібіртіктеп жауап бере алмайды. Жалпы, ұрлық жасаған баланың көзі айтып тұратынындай, диплом жұмысын өзі жазбаған студенттерді бірден байқаймыз», – дейді Алматы техникалық экономикалық колледжінің оқытушысы. Сондай-ақ оқытушы колледжде ұзақ жылдан бері жалғасып келе жатқан механизм барын айтып қалды. Мысалы, колледж дипломын алатын студентті университетке түсуге, университет бітірген студентті магистратураға түсуге үгіттейді екен. Оқытушылар жалақы алу жағынан да түрлі қиындыққа тап болады. Мұны ол «колледждің жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік болуымен» байланыстырды.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ