Еліміздің басқа өңірлері сияқты Алматыда да баспана мәселесін шешу күрделі күйінде қалып отыр. Есеп бойынша, алматылықтардың 80 пайыздан астамы ипотекаға тұрғын үй ала алмайды, сондықтан жалдамалы тұрғын үйде тұруға, арзан жеке тұрғын үй салуға немесе сатып алуға мәжбүр. Ел тәуелсіздігін алған жылдары шаһарда 1 миллион шамасында тұрғын болған. Жайлы да жақсы өмірге ұмтылған, балаларының болашағынан үміт күткен көптеген ауыл тұрғындары қалаға ағыла бастады. «Алматы–2050» стратегиясында қазір Алматы қаласының аумағы 702,2 шаршы шақырым болғаны, тұрғын саны 1,9 миллионға жеткені жазылған. Ал қалаға жақын елді мекендерді қоса алғанда 2,9 миллион адам бар. Қала билігінің қазіргі басты мақсаты – Алматыны «шет аймағы жоқ», «ақылды әрі тең мүмкіндіктер» қаласына айналдыру. Оған қаншалықты мүмкіндік бар? Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өткен жылғы есебінде айтқан сөзіне сенсек, сарапшылар 2030 жылға қарай алматылықтардың саны 5 миллионға жететінін болжаған.
«Үлкен Алматы – бұл Алматы қаласы және қала маңы, яғни алматылық агломерация. Жанымызда Алматы облысының 5 ауданы орналасқан. Онда облыс халқының 60 пайызы тұрады. Олар Талдықорғанға бармайды. Себебі өте алыс, барлығы біздің шаһарға келеді. Қазір Алматыда 3 миллион адам тұрады, 2030 жылға қарай 5 миллионға жетеді. Сондықтан халықтың өсуіне байланысты инфрақұрылымға жүктемені азайту барлық дамушы қалалар үшін ғаламдық міндет болып саналады. Олардың қатарында біз де бармыз. Бізге де басқа әлемдік мегаполистер сияқты урбанизация дағдарысы төніп тұр. Көшіп келушілер саны жыл сайын артуда. Бұл қаланың барлық әлеуметтік, инженерлікт және көлік инфрақұрылымын қайта жүктеу қажеттігіне алып келеді», – деді әкім. «Алматы–2025» даму бағдарламасында қаланың басты мәселелері айтылған. Бағдарламада көрсетілгендей, әсем шаһар әлемнің басқа қалаларынан сауда мен қызмет көрсетуден өзге нақты секторда еңбекпен қамтуда біршама артта қалған. Алматы көптеген жылдардан бері еліміздегі ауа ластануы жағынан алдына қара салмай келе жатқандардың қатарынан. Қала ауасының қиын ахуалы туралы БАҚ үнемі мәселе көтеріп келеді. Таза ауамен тыныстауға кедергі келтіріп отырған басты кілтипанның бірі – автокөліктің көптігі. Жыл өткен сайын көлік көбейіп, қала автопаркі ескіріп келеді. Әйтсе де, Еуро-5 талаптарына сай келетін автокөліктердің де қатары артып жатқанын айта кету керек. Даму стратегиясында алматылықтардың 39 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланатыны, 41 пайызы өз көлігімен жүретіні жазылған. Әкімдіктің пайымдауынша, жекеменшік көліктер қалада ауаның ластануына және қаладағы жол-көлік апаттарына себеп болып отыр. Әкімдік 2050 жылға қарай қала тұрғындарының 60 пайызын қоғамдық көліктерге отырғызуды көздеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін әкімдік жаңа аудандардағы нысанның бәрін бір-біріне жақын, ықшам етіп салмақшы. Сонда әркім керегін өз ауданынан тауып, әрі-бері қатынап әуре болмайды. Ал көліктің санын азайту үшін әкімдік автобус жүретін жолдарды көбейтіп, жеңіл көліктің жүру жылдамдығын шектемек. Қоғамдық көлікті көбейтіп, осы жылдың соңына дейін метроның «Сарыарқа» және «Достық» стансаларын іске қоспақ. Қала шетіндегі тұрғындарға да қатынас үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі қарастырылуда. Сол үшін электр пойыздарын жүргізу жоспарланып отыр. Жыл сайын қала аумағында ауаға 122 мың тонна зиянды қалдық тасталады екен. Оның 65 пайызы көлікке тиесілі. Бұл–қалалықтардың 500 мыңнан астам көлігі мен 200 мыңға жуық қала сыртынан күнделікті шаһарға кіретін «қонақтар». Қала-ның 25 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған ЖЭО-2-ден шығатын қалдық 2019 жылғы бағдарламада 31,7 тонна деп көрсетілген. Үкімет былтыр осы стансаны газдандыру жобасын мақұлдады. Таяу жылдары шаһардағы жылу мен электр энергиясының негізгі көзі саналатын станса газға көшіріледі. Бұл – қала тұрғындары мен биліктің өте ұзақ уақыт талқылаған мәселесінің бірі. Бұл жерде экологтардың да аса белсенді жұмыс істегенін айта кетуіміз керек. Ұзақ талқылау мен сараптамадан кейін ақыры мемлекеттік деңгейде оң шешім қабылданды. Алматы қаласы тұрғындарының үш жылда (2017-2019) ұзақ жасау көрсеткіші 76,01 жастан 75,45 жасқа төмендеген. Жыл сайын қала халқы 50 мың адамға өсіп келеді. Оның 60 пайызы көшіп келгендердің есебінен. Бұл қаланың әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына салмақ түсіріп отыр. Бағдарламада аталып өткендей, қазір қала тұрғындарының тек 60 пайызға жуығы ғана орталықтандырылған жылу жүйесі мен ыстық суға қол жеткізіп отыр. 23 ықшамауданда су құбыры мүлдем жоқ болса, көшелердің 30 пайызы жарықпен қамтылмаған. Алматы мектептерінде 30 мың орын жетіспейді. Кейбір мектептерде бір сыныпта 45 балаға дейін бар екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сын тезіне алғанынан ел хабардар. Бұл жағдай балалардың әрқайсысына көңіл аударып, олармен жұмыс істеуде қолбайлау болары анық. «Кезінде Алматыда халық санын 700 мыңнан асырмау керек деген шешім болған. Ондай шешім қабылдауға қаланың таулы жерде орналасуы себепті сейсмикалық жағдайдың қаупі бар екені, болашақта су тапшылығы болуы мүмкіндігі де әсер еткен болар. Дегенмен халықтың қалаға көшіп келуі әр кезде толастаған жоқ. Жаңа технологиялар, құрылыс материалдары өмірімізге енуі себепті тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Негізінде, қала аумағын кеңейту туралы сөз болғанда, Қапшағай бағыты айтылған. Бірақ халық тау жаққа қарай ұмтылды. Қиын кездері «Шаңырақ» ықшамауданына адамдар көптеп қоныстанды. Осындай жағдайларға байланысты жаңа мәселелер туындады. Таудың бөктеріне қоныстанғандар бастапқыда инфрақұрылымдарды өзіміз жасаймыз деді де, кейін ол жақта халық көптеп қоныстанғаннан кейін бәрін бірдей қамти алмай қалды. Осылайша су, жарық, жол мәселесі туындады. «Алматы–2025» бағдарламасы бойынша су, жарық, жол мәселесіне көп қаржы бөлініп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны өзіміз де барып көрдік. Қазақстанның бюджеті төмендеген жоқ, салық төлеу мәдениеті бізде біраз жоғары. Біраз кәсіпорындар жабылғанымен, жаңадан ашылып жатқандары да бар. Дегенмен айтылып жатқан мәселелерді бірден шешу қиын. Еліміздің өңірлері ішінде Алматы, Атырау, Маңғыстаудың бюджеті жоғары. Дегенмен бюджет қатынастарын реттеу керек. Сонда Алматы өз мәселесін өзі шешуге мүмкіндік туады. Біз қалаға келушілерді шектей алмаймыз. Сондықтан қалыптасқан мәселелерді біртіндеп шешуге тура келеді», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов. Сондай-ақ қалада жыл санап ағаштардың азайып бара жатқаны да тұрғындарды алаңдатады. Заңсыз ағаш кесу жағдайы жиі орын алып тұрады. Бағдарламада да қалада жасыл желектің аз екені айтылады. Бір алматылыққа 3,5 шаршы метр жасыл желектен келеді екен. Бұл көрсеткішпен Алматы өзге қалалардан едәуір артта қалып қойған. Қаладағы 2,23 миллион ағаштың тек 1,68 миллионы жақсы жағдайда болса, 25 пайызға жуығының ахуалы көңіл көншітпейді. «Алматы–2050» стратегиялық бағдарламасына мән беріп қараған жан қалада алдағы уақытта атқарылар шаруаның шаш етектен екенін байқайды. Өйткені қала өсіп, онда тұратын халықтың саны артқан сайын жаңа мәселелер де туындап отыратыны заңдылық.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ