Кедейлік қамытын киетіндер көбейе ме?
Кедейлік қамытын киетіндер көбейе ме?
185
оқылды

Дүниежүзі банкінің са­рап­шылары Қазақстан эко­но­микасы үшін 2020 жылды соңғы 20 жылдағы ең ауыр жыл деп атады. Пандемияның таралуы Қазақстанның негізгі экспорттағы тауарларына әлемдік сұраныстың азаюы­на, мұнай бағасының құлды­рауына алып келді. Ішкі эко­номикалық белсенділік әл­сіреді. Салдарынан ке­дейлік қамытын кигендер көбейді. Олардың саны 2,6 млн адам­ға жетеді деген болжам бар. Дүниежүзі банкі солай дейді.

Жалпы, біздің елде кедей деп кімді айтады? Сарап­шылар Дүниежүзі банкінің бол­жа­мымен келісе ме?

Кедей дегеніміз – кім?

Қазақстанда кедейшілік дең­гейі күнкөріс минимумы дең­гейінен төмен табыстағы халықтың үлесімен анықталады. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып белгіленді. Демек, та­­бысы осы сомадан аспайтындар ке­дей саналады. Міне, осы топ­та­ғылардың саны 2,6 млн адамға же­­­те­ді деген болжам бар. Дүниежүзі банкінің дерегінше, Қазақстанда кедейлік деңгейі дағдарысқа дейінгі 2016 жылғы 6%-дан 12-14%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Бол­жам расқа айналса, эконо­микалық құлдырау халықтың осал тобына ауыр соққы болмақ. Жал­пы, пандемия бөлшек және көтер­­ме сауда, қонақүй, көлік сек­торына қатты әсер еткені белгілі, ал бұл салаларда қаладағы жұмыс­пен қамтылғандардың шамамен 30% жұмыс істейтін. Десе де, ең ауыр соқ­қыны ауыл тұрғындары бастан өткереді екен. «Ауылдық жерлерде кедейлер санының өсуі болжанып отыр, бұл Қазақстандағы теңсіздіктің ар­туына қауіп төндіреді. Әрбір эко­номикалық дағдарыстан кейін ел­дің ЖІӨ-нің орташа өсімі төмен­дейді, бұл өнімділіктің тоқтап қалуы мен көмірсутектерге шама­дан тыс тәуелділіктен туындайды. Демек, Қазақстан экономиканы жан-жақты қалпына келтіру және өнімділікті арттыру жөніндегі ре­формаларға, мемлекеттік бағда­ламалардың тиімділігін қамтама­сыз етуге бұрынғыдан да көп көңіл бөлуі керек», – дейді Дүниежүзі банкінің Қазақстандағы менеджері Жан-Франсуа Марто. Аталған банктің Қазақстандағы өкілдігінің аға экономисі Самсу Рахаржан жаңартылған жаһандық экономикалық болжамды, экс­портқа сұраныстың артуын, ішкі экономикалық белсенділік пен қолда бар кірістің өсімін ескере отырып, 2021 жылы экономика орта деңгейде болса қалпына келуі мүмкін деп болжайды. Көңіл жұ­батарлық болжам. Алайда эко­номиканың өсу қарқынына қол жеткізу үшін COVID-19 вакцина­циясының сәтті жүргізілуі мен экономикалық реформалардың жалғасуы маңызды екенін айтады. NAC-Analytica корпоративті қорының басқарма төрағасы Ақ­тоты Айтжанованың пікірінше, мұнай бағасы мен әлемдік саудаға қатысты болжамдарды ескерсек, Қазақстанның нақты ЖІӨ 2020 жылы 2,5%-ға төмендейді, ал 2021 жылы 4,0% қалпына келеді. 2021 жылдың үшінші тоқсанында ішкі өндіріс пандемияға дейінгі дең­гейге жетеді. Бірақ бұл деңгейге жету үшін пандемия кезінде қа­зақстандық экономиканы қолдау шаралары қысқамерзімді бол­мауына назар аудару қажет. Панде­мияның әсері тағы 2-3 жыл жалға­сады деген бол­жамға сүйеніп жос­­пар жасау ғана экономикалық және демография­лық құлдыраудан сақтап қалуы мүм­­­кін. Себебі ресми мәлімет бойын­­­­­ша,  коронавирус инфек­циясы салда­рынан қайтыс болған­дар саны кеше 3 мыңнан асты. Олар­­дың арасында пандемия кү­­шейген маусымда дәрі-дәрмек са­­тып алуға жағдайы кел­меген кедей адам­дардың болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Әрине, Қазақстан билігі эко­номиканы қолдау шарасын қа­былдады. Бизнеске салықтар мен басқа да міндеттемелерді төлеуді кейінге қалдыруды ұсынды, суб­сидияланған несиелер арқылы қолдау бағдарламасын кеңейтті, табысы аз және карантинге байла­нысты қысқартуға ұшыраған аза­маттарға тікелей қаржылай қолдау көрсетті, мысалы төтенше жағдай жарияланғаннан кейін мемлекет тікелей ақшалай көмек бағдар­ламасын қабылдап, шама­мен 4,6 мил­­лион азамат (халықтың 24 пайызы) жалақының ең төмен мөлшері көлемінде қашықтан тө­лем алды. Бірақ бұл қаржының құмға сіңген судай болғанын жа­сыра алмаймыз. Соның дәлелі – Дүниежүзі банкінің болжамы.

Балық бергенше, қармақ берсе қайтер еді?

 Дүниежүзі банкі Қазақстан экономикасына қатысты есебін жарты жыл сайын ұсынады. Соңғы екі есебінде де елімізде кедейлер саны көбейетінін болжапты. Неге? Әлеуметтанушы Ілияс Тілеу­бер­геновтің пікірінше, бұл бол­жамға таңғалудың керегі жоқ. «Бізде капитализмнің жабайы түрі салтанат құрған, яғни байлар байыған үстіне байи береді, ке­дейлер кедейлене түседі. Ал нағыз капитализмде өмір сүретін Герма­нияны алсақ, әке-шешеміз арман­да­ған коммунизм сол екен-ау деп қаламыз. Себебі ол елде адамдар салықты жалақы мөлшеріне сай төлейді. Ол елде студенттер мен төмен жалақы алатындар 2,5 мың еуро алады. Бұл біздің ақшамен 1 млн теңгеден асатын қаржы. Міне, сол 2,5 мың еуроның 1 800-і ғана қолына тиеді, 700 еуро са­лыққа төленеді. Салығы көп екен деуіңіз мүмкін. Бірақ сол салықты төлеу­шінің үйінде әйелі, баласы, қолын­да ата-анасы болса, әр адам басына үкіметтен 200 еуродан жәр­­демақы беріледі. 700 еуро са­лық төлеге­німен, 600-800 еуроны қай­тарып алады, ол-ол ма, бала­ла­ры мектеп пен балабақшаға тегін бара­ды. Ол жұпыны мектеп емес, 10-20 мың еуро жалақы алатын­дар­­­дың бала­лары оқитын мектеп», – дейді ол. Ал бізде бай мен кедейдің ара­сы қатты алшақтап кеткен. Байлар байып барады, кедейлер кедей­леніп жатыр. Себебі бізде бір адам байыған сайын жұмысқа туыс-туғаны мен жақындарын жинап, маңызды позицияларға бақылау қояды. Осылайша, кедейлердің жо­лын бөгейді. Ілияс Тілеубергеновтің ай­туынша, қазір біздің елде белгілі бір деңгейде ақпараттық теңдік бар, соның арқасында мемлекеттік сатып алуда ірі тендерді кімнің алып жатқанын біліп отырмыз. Ал бұрын интернет жоқта, мүлдем бейхабар едік. «Ашық қоғам институттары әлеуметтік желілер арқылы мем­лекеттік сатып алулар туралы ақ­паратты жариялап, халықтың са­на­сына әсер етуге тырысып жатыр. Бұл да өз деңгейінде бо­лашақта ке­дейлікті азайтуға ық­пал етеді деген үміт сыйлайды. Бір жағынан Президенттің жаңа реформалар бастау үшін агент­тіктер құру әре­кетінен әркімнің де үміті бар. Себебі сарап­шылардың айтуынша, сыртқа 150 млрд доллар ақша шы­ғып кеткен. 150 млрд доллардың 10 пайызы елге келсе де жаман болмас еді. Әрине, мемлекеттің бұл қадамы қолдауға лайық бол­ғанымен, кей қадамы елдің кедей­ленуіне ықпал етіп жатыр. Мы­салы, сол­түс­тіктегі халық аз тұра­тын өңір­лерге оңтүстік халқын көшіреміз деген бастамасы ма­сыл­дыққа итермелейді», – дейді ол. Оның пікірінше, тарихта адам­дар жылы жерде, теңіз жағасында тұруға тырысқан, сондай жер үшін соғысқан да. Себебі ол жерде аз еңбек етіп, көп өнім алуға болады. Ал солтүстік жақта тұру үшін төзім керек, ал ол өңірге көшу үшін эко­но­микалық мүдде болуы керек. Жәрдемақымен ынталантыру ар­қы­лы көшіру халықты кедей­лікке итермелейді. «Көш дедіңдер, көштім, ха­лықты көбейт дедіңдер, кө­бейттім, 5-10 бала таптым, енді жәрдем­ақыны беріңдер, жәр­демақыны көбейтіңдер» деген талап қоя бас­тайды. Сондықтан балық жеуді үйретпес бұрын оны аулауды үй­реткен маңызды. Бас­тысы, сол­түстік өңірдегі кә­сіп­­керлерге, әсі­­ресе агро­өнер­кәсіп саласына жағдай жасалуы тиіс», – дейді ол. Сарапшы бір жыл бұрын 200 кә­сіпкерге сауалнама жүргізіп, зерттеу жасаған. Ауылдағы шаруа қожалықтың иесі сауыншы ізде­генде ауыл әйелдері көп бала тауып, жәрдемақы алудың тиімді екенін айтқан. Кәсіпкер ауылдан жұ­мысшы таба алмай қиналған. Демек, бұл жерде басқа саясат керек. Ілияс Тілеубергенов кәсіп­керлер ұсынысын зерттей келе, оларды бірер жыл салық пен түрлі тексеруден босатуды ұсынып отыр. Сонда бизнесі дөңгелейді, табысы артады, жоғары жалақы төлеуге мүмкіндігі пайда болады. Бұл атау­лы әлеуметтік көмектің тиын-тебеніне телміргендерді азайтады. Осындай амалға бармасақ, кедей­лерді өзіміз көбейтіп аламыз. Ал Германияда отбасы табысы аз бол­ғанына қарамастан, үкімет олар­дың өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр. Мұнда жеке табыс салығы да маңызды рөл ойнар еді.

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ