«Асар» ма, әлде әкім «Алдар» ма?
«Асар» ма, әлде әкім «Алдар» ма?
381
оқылды

Былтыр Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы жанданып, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар баспана алып,  қуанышқа кенелген еді. Баянды бастама жыл ішінде жүзден аса тұрғынды үймен қамтып, қара халық ауылдағы ағайын мен жобаға ұйытқы болған билікке алғысын жаудырған. Алайда өткен аптада Талас ауданы Тамабек ауылынан шу шығып, «бір құмалақ бір қарын майды» шірітті.

Әлеуметтік желі арқылы шағымын жет­кізген Елдар Боранбек есімді тұрғынның сөзіне сүйенсек, ауыл әкімі оларды алдап соғыпты. «Өз қаражатымызға салып жатқан үйді ауыл әкімінің «Асарлатып үй салу» жоба­сына енгізгені қалай? Игі істің шын мә­ніндегі мақсаты солай ма, әлде бұл ауыл  әкімінің алаяқтығы ма?», – дейді ол. Автор оқиғаның мән-жайын былай  сурет­тейді: «Талас ауданы, Тамабек ауылы­ның тұрғыны көпбалалы Мұхтар Арыс­танбек  (ағам) екі мың он тоғызда іргетасын тұрғызған үйіне жиырмасыншы жылдың жазында кірпішін қалап бастады. Сол уақытта жұмыс басына С.Шәкіров ауылдық округінің әкімі Әлмен Оңбаев келіп, іргетасы қаланып тұрған үйді көріп қуанып кетті. Осылайша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Асар» жобасы аясында үйдің құрылыс жұмыстарына жан-жақты көмектесетінін айтты. Шаруаға меценаттарды тартып, материалдар мен асарға адам жіберетінін жеткізіп, «Күзде осы үйге кіресіңдер» деді. Өйткені осы ауыл бойынша көпбалалы отбасы және үй салуға ниетті Мұхтар ғана екен-мыс. «Кісіге сенгеннің кілті аспанда» деген аталар сөзін әбден құйып өскен біз бұл «батпан құйрықты» байыппен ғана тыңдап, қарқынды жұмысты жалғастыра бердік. Ағайын-дос жабылып қабырғасын көтердік. Жасыратыны жоқ, ауылдық округтің әкімшілігінен ерікті жігіттер екі-үш рет келіп қолғабыс етті», – дейді желі қолданушысы. Оның сөзіне қарағанда, үйдің қабырғасы көтеріліп біткен тұста әкім тағы келіп, үйдің шатырына ақша бөлгізетінін айтып, қажетті материалдарды өлшеп, Мұхтар Арыстанбекке  қол қойғызып кетіпті.  «Шатырды жабамыз, осы қысқа дейін үйдің іші-сыртын сылап, барлығын бітіріп, асарлатып той жасаймыз соңында» деп тағы да ауызбен жарылқап тастады. Бір кірпішті қалап жатқансып суретке түсті. Сөйтсем бәрі жоғарыға жақсы атану екен ғой. Жылы сөз деген жақсы, әрине көңіліміз бір марқайды, қуандық. Екі-үш аптада уәде етілген шатыр келмеген соң қара күзде сабан кірпіш жауынның өтінде қалмасын деп шатырын жедел жауып бітірдік. Әкім болса сол күйі жоқ болды. Жалпы, үйдің құрылысын ағам және оның екі досы (ұста) ақыға жүргізді. Біз секілді іні-бауырлар демалыс күндері ауылға барып, аз-кем көмектесіп тұрдық», – дейді Елдар Боранбек. Кейін  ауданға берілген «Асар» жоба­сымен салынған үйлердің тізіміне М.Арыс­танбектің  үйі еніпті. «Ауданға берілген есепке сүйенсек,  біздің үйдің басталған уақыты жиырманың жазы екен де, бітер уақыты  желтоқсан екен. Сөз қайда, іс қайда? Мейлі ол былай тұрсын, сонда үш жыл бойы маңдай терімізбен жасаған құрылыстың барлығын әкім атқарысқан болып шықты ма? Сондай-ақ кейбір жұртқа «шатырды өз қаражатыма алып бердім» депті. Бұл не, қандай мазақ? Аудан қалай жіті тексермеген. Әлде сыбайлас жем­қорлық па? Мынаны көріп мен есеңгіреп қалдым. Теледидардан көретін алаяқ­тықты алақандай ауылдың әкімінен де көрдік пе? «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» демеуші ме еді? Ал Әлмен әкімнің басқа да әлегін бұған дейін де ауыл тұр­ғындарынан естіп, «жассыз ғой, жұртымыз үшін бар күшіңізді жұмсасаңыз екен» деуші едік. Мына тірлігі енді тым шектен шық­қандық. Мәселе баспананың бітпеген­дігінде емес, дайын асқа тік қасық салған әкімнің әрекетінде. Азын-аулақ малын бағып, бала-шағасының болашағы үшін баспана салғысы келіп, жар құлағы жас­тыққа тимей жұмыс істеп жүрген ағамның үйін енді келіп: «Асар жобасының аясында салынып жатыр» дегеніне күйінемін», – дейді автор. Әлеуметтік желіде жарияланған бұл жазбадан кейін ауыл әкімінің әрекетін қара халық алаяқтыққа балады. «Бұқараның қамы үшін жасалып жатқан дүниені бір «құмалақ келіп шіріткені ме?» деп ашын­ғандар да болды. Осы орайда біз мәселенің анық-қанығын білмекке Талас ауданы әкімдігіне хабарластық. Ондағылар бұл жағдай түсінбеушіліктен туып отырғанын айтып, әкімдіктің әлеуметтік парақ­шасында ресми жауап жариялады.

«Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» демеуші ме еді? Ал Әлмен әкімнің басқа да әлегін бұған дейін де ауыл тұр­ғындарынан естіп, «жассыз ғой, жұртымыз үшін бар күшіңізді жұмсасаңыз екен» деуші едік. Мына тірлігі енді тым шектен шық­қандық. Мәселе баспананың бітпеген­дігінде емес, дайын асқа тік қасық салған әкімнің әрекетінде. Азын-аулақ малын бағып, бала-шағасының болашағы үшін баспана салғысы келіп, жар құлағы жас­тыққа тимей жұмыс істеп жүрген ағамның үйін енді келіп: «Асар жобасының аясында салынып жатыр» дегеніне күйінемін»

«Құрметті әлеуметтік желі қолдану­шылары! Жамбыл облысында көне «Асар» дәс­түрі қайта жанданып, аймақтағы мұқтаж отбасылар баспаналы болуда. Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың бастамасымен қолға алынған жоба арқылы 100-ге тарта адамға жаңа үй кілті табыс­талды. Әуел баста Талас ауданында ауыл әкім­дерінің ұсынысымен 9 ауылдық округте үй салынады деп жоспарланған (Аққұм, Ақкөл, Берікқара, Тамды, Үшарал, Ойық, Кеңес, Бостандық, С.Шәкіров). Кейін С.Шәкіров ауылдық округі Тамабек ауылын­дағы тізімге енген отбасы расымен көпбалалы, бірақ мұқтаж отбасы емес екені анықталды. Сондықтан бастапқы тізім өзгертілді. Жоба бойынша атқарылған шаруалар есебіне енбеді. «Асарлатып үй салу» жобасы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, асыраушысынан айырылған отбасыларға жұдырықтай жұмылған ауыл тұрғындарының ауыз­біршілігі мен жомарт жандар, демеуші­лердің қолдауымен жүзеге асатын игі шара болғандықтан, мемлекет тарапынан бюд­жет­тен қаражат қарастырылмаған. «Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» демекші жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» бастамасы ағайынның ісін нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс», – делінеді аудан әкімдігінің ресми жауабында. Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алайда  С.Шәкіров ауылдық округінің әкімі Әлмен Оңбаев аталған отбасы тізімнен шығарылып тасталғаннан кейін бар жағдайды  Мұхтар Арыстанбектің әулетіне барып неге  түсін­дірмеді? Әлеуметтік желіге жазба жария­ланғанға дейін бейқам жүрген әкім­нің әрекетін қалай бағалауға  болады? Осындай тәп-тәуір тір­лік­тің соңын сылдыр суға, ал өзін қуға ай­налдыру ауыл  әкіміне абырой ма? Мұн­дайда «Асар» ма, әлде әкім халық ауыз әде­биетіндегі «Алдар» ма?» деген тіркес  ерік­сіз тілге оралады екен. Алайда ертегідегі  Алдар көсе бай-шонжарларды  алдап, қара халықтың мұңын мұңдаушы еді. Біздің кейіпкердің болмысы бөлекше болып тұр. Жарайды, жаза басқан әкімге жергілікті билік шара қолдана жатар. Біздің айт­пағымыз, бұл жағдай өзге «болыстарға» сабақ болса игі.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы