Қызылордада соңғы кездері жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Мөңке бидің «темірден болар ажалың» дегені осы автокөлікке қатысты ма деп ойлайсың. Ең өкініштісі, жол апаты салдарынан қанша жас қыршын кетіп, әке баладан, ана жарынан айырылуда. Елімізде көлік апатынан қаза тапқандар санының өскені сонша мамандар Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екенін айтады.
ЕРЕЖЕ БҰЗҒАНДАР САНЫ – 122 МЫҢ
Жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңға жуық адам көз жұмады, 30 мыңнан астамы жарақат алады екен. Осының бәріне кім кінәлі? Сапасыз салынған жол ма, «жүгенсіз» жүргізуші ме? Дегенмен жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, желмен жарысқан «шумахерлердің» жылдамдықты шамадан тыс асыруы, ішімдік ішіп, есірткі қолданып рөлге отыруы және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі секілді факторлар жол апатына әкелуі мүмкін. Мәселен, 2020 жылдың 12 айында облыс бойынша 122 мыңнан астам адам жол ережелерін бұзғаны анықталды. Оның ішінде көлік құралын масаң күйде басқару, жылдамдықты шамадан тыс асыру және жолдың қарсы бағытына шығу дерегі де кездеседі. Сонымен қатар жаяу жүргіншіге жол бермеу бойынша – 1 389, ұялы телефонмен сөйлесу – 3 998, қауіпсіздік белдігін тақпау – 10 908, жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзуы 1 494 дерек тіркеліп, көлік құралын масаң күйде басқарған бір мыңнан астам жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Ең сорақысы, қызылордалық мемлекеттік қызметшілер де жол ережесін елемейтін секілді. Олардың арасында мас күйінде, жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегендер де анықталып отыр. Жергілікті Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін бірнеше мәрте айыппұл төлеген. Бір күнде бір емес, алты мәрте тәртіп бұзғандары да, екі апта бойы оқшаулау орнында болғандары да кездесті. Мұны әдеп жөніндегі кеңес отырысында облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, кеңес төрағасы Рафхат Бисенов мәлімдеген болатын. Департамент басшысы әріптестерінің арасында атағы мен лауазымына кір келтіріп жүргендерді қатаң сынға алып, бақылау және түсіндіру жұмысын күшейту керегін жеткізді. Дей тұрғанмен, былтыр тәртіп сақшыларының қырағы жұмыстарының нәтижесінде жол-көлік оқиғалары – 13 пайызға, қайтыс болғандар – 35 пайызға және дене жарақатын алғандардың саны 14 пайызға төмендепті.ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ
Естеріңізде болса, 13 қаңтарда «Қызылорда–Құмкөл» автожолының 69 шақырымында Mersedes-Bens Sprinter және Toyota Hilux автокөліктері соқтығысып, 5 адам қаза тауып, 6 адам түрлі жарақат алған еді. Екі автокөліктің жүргізушілері және бір жолаушы оқиға орнында, екі жолаушы медициналық мекемеде қайтыс болды. Қалған 5 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, оқиға орнында полиция қызметкерлері, төтенше жағдай және медицина қызметкерлері жұмыс істеп, оқиғаның мән-жайын зерттеуде.ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?
Қала ішіндегі такси қызметін айтпағанның өзінде, қазір Жалағаш–Қызылорда бағытына жолаушы тасымалдайтын 100-ге жуық такси ғана Мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкер ретінде заңды тіркелсе, заңсыз адам тасымалдап жүргендердің нақты саны белгісіз. Осы мәселеге байланысты құрылған арнайы жұмыс тобының бақылауының нәтижесінде жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысып жүрген такси жүргізушілері анықталып, ескерту жасалып келеді.– Кейде шұғыл шаруамыз болғанда қоғамдық көлікке отырмай, жолақысы қымбат болса да, аудан мен қала аралығына такси қызметін пайдаланамыз. Осындайда байқайтынымыз, көп жүргізуші жолаушылардың талабымен санаспайды. Мәселен, бұрылысы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жылдамдықпен жүргізетіні тағы бар. Жолаушылардың ескертуін құлағына да ілмейді. Оған себеп осы бағытта қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті, кезекке таласып, қоғамдық ортада жаға жыртысып, бірі-біріне былапыт, боқтық сөздер айтып жатқандарды талай көріп жүрміз. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан такси жүргізушілері осы аралыққа бір күнде екі-үш мәрте қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Сол үшін олар тізгіндеген темір тұлпарын жүйткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуді көздейді, – дейді жолаушы Асқар есімді азамат. Ал мамандар рөлі оң жақта орналасқан және сырғыма есікті автокөліктерге такси қызметін атқаруға тиым салынатынын айтады. Заң талаптарын орындауға, ережелеріне бағынуға тиіспіз. Өйткені қоғамның басты байлығы – адам және адамның денсаулығы мен өмірі. Тағы бір айта кететін жайт, қазір такси жүргізушілердің дені жиырмадан жаңа асқан тәжірибесі жоқ жастар екені байқалады. Жолаушылар жастыққа тән алып-ұшқан көңілмен жолаушыларды діттеген жерлеріне жермен емес, «аспанмен» апарып, әкелетіндердің дені жас жүргізушілер екенін айтуда. Такси қызметіндегілер жол апатының жиілеуіне жолдың сапасыздығы да сеп болып отырғанын айтады. Қазіргі таңда Жалағаш–Қызылорда бағытындағы жолдың сапасы сын көтермейтіні жасырын емес. Қалжан ахун ауылынан әрі ассаңыз болды, шұрқ тесік жолдарға тап боласыз. Қалаға күніне екі-үш мәрте қатынайтын жүргізушілер бұл жолды жаттап алған. Ойқы-шойқы жолды қуалап, көліктің доңғалағын жолдағы шұңқырларға түсірмей зулап өтіп кетеді. Бірақ сол жолдан қашамын деп, талай адам қарсы беттегі көлікке де соқтығысты емес пе? Демек, жол апатының болуына бұл да себепші болып отыр деген сөз. Бұл жолдың жырын жақында жазған едік. Оған жауап берген Жолаушылар көлігі басқармасы облыстық бюджеттен аталған жолды орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10 млн теңге бөлініп, Жалағаш–Қызылорда бағытындағы жолға жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Күтейік... Р.S.Қалаға күніне екі-үш мәрте қатынайтын жүргізушілер бұл жолды жаттап алған. Ойқы-шойқы жолды қуалап, көліктің доңғалағын жолдағы шұңқырларға түсірмей зулап өтіп кетеді. Бірақ сол жолдан қашамын деп, талай адам қарсы беттегі көлікке де соқтығысты емес пе? Демек, жол апатының болуына бұл да себепші болып отыр деген сөз.
Жыл басынан бері облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оған тікелей әсерін тигізетін құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, осы айдың өзінде бірнеше жол-көлік оқиғасы болды.
Қорыта айтқанда, ең бастысы – адамның амандығы маңызды. Адамды темір жеген бұл қоғамда балалар түгілі, үлкендердің өзі жолда «екі шоқып, бір қарамаса» болмайды. Темір тұлпар – бөтендікі, ал тағдыр – өзіңіздікі. Сондықтан көшеде жүрсек те, көлікте отырсақ та, тіпті аялдамада тұрсақ та, жан-жағымызға зер салып, желіккен жүргізушілер тізгіндеген көліктен қашық жүрейікші...
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы