Тағы да жол апаты...
Тағы да жол апаты...
143
оқылды

Қызылордада соңғы кездері жол-көлік оқиғасы жиі­леп кетті. Мөңке бидің «темірден болар ажалың» дегені осы автокөлікке қатысты ма деп ойлайсың. Ең өкініш­тісі, жол апаты салдарынан қанша жас қыршын кетіп, әке баладан, ана жа­ры­нан айырылуда. Елімізде көлік апа­тынан қаза тап­қандар санының өс­кені сонша маман­дар Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болған­дармен теңесуге жақын екенін айта­ды.

ЕРЕЖЕ БҰЗҒАНДАР САНЫ – 122 МЫҢ

Жыл сайын елімізде жол-көлік оқи­ғаларынан 3 мыңға жуық адам көз жұмады, 30 мыңнан астамы жарақат алады екен. Осының бәріне кім кінәлі? Сапасыз салынған жол ма, «жүгенсіз» жүргізуші ме? Дегенмен жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, желмен жарысқан «шу­ма­херлердің» жылдамдықты шамадан тыс асыруы, ішімдік ішіп, есірткі қолданып рөлге отыруы және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі секілді факторлар жол апатына әкелуі мүмкін. Мәселен, 2020 жылдың 12 айында облыс бойынша 122 мыңнан астам адам жол ережелерін бұзғаны анықталды. Оның ішінде көлік құралын масаң күйде басқару, жылдамдықты шамадан тыс асыру және жолдың қарсы бағытына шығу дерегі де кездеседі. Сонымен қатар жаяу жүргіншіге жол бермеу бойынша – 1 389, ұялы теле­фонмен сөйлесу – 3 998, қауіпсіздік бел­дігін тақпау – 10 908, жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзуы 1 494 дерек тіркеліп, көлік құралын масаң күйде басқарған бір мыңнан астам жүргізуші жауапкершілікке тартыл­ған. Ең сорақысы, қызылордалық мемле­кеттік қызметшілер де жол ережесін еле­мей­тін секілді. Олардың арасында мас күйін­де, жүргізуші куәлігінсіз көлік тіз­гіндегендер де анықталып отыр. Жергілікті Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін бірнеше мәрте айыппұл төлеген. Бір күнде бір емес, алты мәрте тәртіп бұзғандары да, екі апта бойы оқшаулау орнында болғандары да кездесті. Мұны әдеп жөніндегі кеңес отырысында облыстық Мемлекеттік қызмет істері де­партаментінің басшысы, кеңес төрағасы Рафхат Бисенов мәлімдеген болатын. Де­партамент басшысы әріптестерінің ара­сында атағы мен лауазымына кір келтіріп жүргендерді қатаң сынға алып, бақылау және түсіндіру жұмысын күшейту керегін жеткізді. Дей тұрғанмен, былтыр тәртіп сақшы­лары­ның қырағы жұмыстарының нәти­жесінде жол-көлік оқиғалары – 13 пайызға,  қайтыс болғандар – 35 пайызға және дене жарақатын алғандардың саны  14 пайызға  төмендепті.

ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ

Естеріңізде болса, 13 қаңтарда «Қызыл­орда–Құмкөл»  автожолының 69 ша­қырымында Mersedes-Bens Sprinter және Toyota Hilux автокөліктері  соқтығысып, 5 адам қаза тауып, 6 адам түрлі жарақат алған еді. Екі автокөліктің жүргізушілері және бір жолаушы оқиға орнында, екі жолаушы медициналық мекемеде қайтыс болды. Қалған 5 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің  хабар­лауын­ша, оқиға орнында полиция қыз­меткерлері, төтенше жағдай және меди­цина қызметкерлері жұмыс істеп, оқи­ғаның мән-жайын зерттеуде.

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?

Қала ішіндегі такси қызметін айт­па­ғанның өзінде, қазір Жалағаш–Қызылорда бағытына жолаушы тасымалдайтын 100-ге жуық такси ғана Мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкер ретінде заңды тіркелсе, заңсыз адам тасымалдап жүрген­дердің нақты саны белгісіз. Осы мәселеге байланысты құрылған арнайы жұмыс тобының бақылауының нәтижесінде жолаушылар тасымалымен заңсыз ай­налысып жүрген такси жүргізушілері анық­талып, ескерту жасалып келеді.

Қалаға күніне екі-үш мәрте қатынайтын жүргізушілер бұл жолды жаттап алған. Ойқы-шойқы жолды қуалап, көліктің доңғалағын жолдағы шұңқырларға түсір­мей зулап өтіп кетеді. Бірақ сол жолдан қашамын деп, талай адам қарсы беттегі көлікке де соқтығысты емес пе? Демек, жол апатының болуына бұл да себепші болып отыр деген сөз.

– Кейде шұғыл шаруамыз болғанда қоғамдық көлікке отырмай, жолақысы қымбат болса да, аудан мен қала аралығына такси қызметін пайдаланамыз. Осындайда байқайтынымыз, көп жүргізуші жолау­шы­лардың талабымен санаспайды. Мәселен, бұрылысы көп күре жолдың бойында кө­лік­ті өте жоғары жылдамдықпен жүргізетіні тағы бар. Жолаушылардың ескертуін құла­ғына да ілмейді. Оған себеп осы бағытта қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті, кезекке тала­сып, қоғамдық ортада жаға жыртысып, бірі-біріне былапыт, боқтық сөздер айтып жатқандарды талай көріп жүрміз. Сон­дықтан кейбір ақшаға құныққан такси жүргізушілері осы аралыққа бір күнде екі-үш мәрте қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Сол үшін олар тізгіндеген темір тұлпарын жүйткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуді көздейді, – дейді жолаушы Асқар есімді азамат. Ал мамандар рөлі оң жақта орналасқан және сырғыма есікті автокөліктерге такси қызметін атқаруға тиым салынатынын айтады. Заң талаптарын орындауға, ережелеріне бағынуға тиіспіз. Өйткені қоғамның басты байлығы – адам және адамның денсаулығы мен өмірі. Тағы бір айта кететін жайт, қазір такси жүргізу­шілердің дені жиырмадан жаңа асқан тәжірибесі жоқ жастар екені байқалады. Жолаушылар жастыққа тән алып-ұшқан көңілмен жолаушыларды діттеген жер­леріне жермен емес, «аспанмен» апарып, әкелетіндердің дені жас жүргізушілер екенін айтуда. Такси қызметіндегілер жол апатының жиілеуіне жолдың сапасыздығы да сеп болып отырғанын айтады. Қазіргі таңда Жалағаш–Қызылорда бағытындағы жол­дың сапасы сын көтермейтіні жасырын емес. Қалжан ахун ауылынан әрі ассаңыз болды, шұрқ тесік жолдарға тап боласыз. Қалаға күніне екі-үш мәрте қатынайтын жүргізушілер бұл жолды жаттап алған. Ойқы-шойқы жолды қуалап, көліктің доңғалағын жолдағы шұңқырларға түсір­мей зулап өтіп кетеді. Бірақ сол жолдан қашамын деп, талай адам қарсы беттегі көлікке де соқтығысты емес пе? Демек, жол апатының болуына бұл да себепші болып отыр деген сөз. Бұл жолдың жырын жақында жазған едік. Оған жауап берген Жолаушылар көлігі басқармасы облыстық бюджеттен аталған жолды орташа жөндеу жұмыс­тарына жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10 млн теңге бөлініп, Жалағаш–Қызылорда бағытындағы жолға жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Кү­тейік... Р.S.

Жыл басынан бері облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оған тікелей әсерін тигізетін құқықбұзу­шылық­тардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жедел-про­филактикалық іс-шара өткізілуде. Қа­былданып жатқан шараларға қарамас­тан, осы айдың өзінде бірнеше жол-көлік оқиғасы болды.

Қорыта айтқанда, ең бастысы – адам­ның амандығы маңызды. Адамды темір жеген бұл қоғамда балалар түгілі, үлкен­дердің өзі жол­да «екі шоқып, бір қарамаса» болмайды. Те­мір тұлпар – бөтендікі, ал тағдыр – өзіңіз­дікі. Сондықтан көшеде жүрсек те, көлікте отырсақ та, тіпті аял­дамада тұрсақ та, жан-жағымызға зер са­лып, желіккен жүргізушілер тізгіндеген көліктен қашық жүрейікші...

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы