Мұғалімдер тиісті жалақысын талап етті
Мұғалімдер тиісті жалақысын талап етті
191
оқылды

Ақмола облысының Сандықтау ауданында мектеп мұ­ғалімдері шу шығарды. Бұған дейін онлайн режимде қа­шықтан оқытылып келген оқушылар бірінші қаңтардан дәс­түрлі түрде мектепте оқытыла бастаған. Бірақ орын саны шек­телгендіктен, әрбір сынып екі топқа бөлініп оқып жатыр. Ал мұғалімдерді қинайтыны – бір сыныпқа екі рет сабақ бергені үшін ешқандай жалақы төленбеуі. Ұстаздар өз­деріне тиісті жалақы төленбегеніне наразылық білдірді. Ал облыстық Білім басқармасы тиісті қаражаттың төлен­беуіне Сандықтау аудандық білім бөлімін кінәлап отыр. 

Ұстаздардың айтуынша, сы­нып кабинеттерінің үлкендігі ба­ла­лардың әрқайсысын жеке отыр­ғызуға сәйкес келмейді. Сон­дықтан бүтіндей жиырма ба­ланы бір мезетте оқыту мүмкін болмағандықтан әрбір сынып екі ауысымда оқытыла бастаған. «Біз 1 қаңтардан бастап штат­тық режимге ауыстырыл­ған­быз. Мектептегі барлық сынып екі топқа бөлінді. Сөйтіп, әрбір сынып екі ауысымда оқытыла­тын болды. Сынып­тар­дың әр­қай­сысында жиырмадан артық бала оқиды. Ал кабинет­терге әр­қайсысын жеке отыр­ғызуға мүл­дем сыймайды. Сон­дықтан санитарлық-эпидеми­ологиялық талаптарға сәйкес орындауға мәжбүр болдық. Бірақ бізге Сан­дықтау ауданы білім бөлімі штат­тық режимге кө­шірілген оқушыларды екі ауысым­да оқытқаны үшін екі еселік жалақы қарас­тырыл­маға­нын айтады. Мұндай төлемдер тек кезекші сынып­тарға ғана қарас­тырылыпты. Сонда дәл осылай қызмет ат­қарып жүрген біздің кінәміз қандай?», – дейді Сандықтау ауданының ұстаз­дары. Мектеп мұғалімдерінің ай­туын­ша, оларға бір сынып екіге бөлінсе де, бұрынғыдай жалақы тағайындалыпты. Яғни, ұстаздар бір сыныпта күніне екі мәрте са­бақ беруге, екі мәрте сол та­қырыпты түсіндіруге мәжбүр. Ал әрбір партаға екі баладан отыр­ғызуға санитарлық-эпидеми­ологиялық станса мамандары рұқсат бермеген. Ал Сандықтау аудандық білім бөлімінің маман­дары мектеп штаттық режимге кө­шірілгендіктен екі еселік тө­лем қарастырылмағанын мәлім­деді. «Сыныпта балалар әрбір пар­та­ға бір-бірден ғана отыруы тиіс. Бұл –санитарлық талап. Ал ол орындалмаған жағдайда айып­пұл сол мектепке емес, бізге яғни білім бөліміне салынады», – дейді Сан­дықтау ауданы білім бөлімі. Ал мұғалімдер өздерінің атқар­ған жұмыстары үшін тие­сілі жалақы төленгенін қалай­тынын айтты. «Біз әділдікті талап етеміз. Қатар­дағы мұғалімдерге мектеп қандай штаттық режимде жұмыс істейтіні маңызды емес. Бізге оқушыларымыздың  да өзіміздің қауіпті жұқпалардан аулақ болғанымыз маңызды. Дегенмен екі еселенген жұмыс үшін тиісін­ше жалақы төленуі тиіс, – дейді Сандықтау ауданының ұстаз­дары. Мәселені Ақмола облысы­ның Білім басқармасынан біл­мек болып, сауал қойдық. «Егер сынып екі кезекші сы­нып­тарға бөлінсе, онда төлем қосымша тарификация бойынша өткізілген сағаттар үшін жүргіз­іледі. Аталған мәселе Сандықтау аудандық білім бөлімінің кінә­сінен болған. Қазіргі сәтте білім бөлімімен қайта есептесу жүр­гізіліп жатыр. Өткізілген сағаттар үшін төлем жақын арада жүргіз­ілетін болады», – делінген Ақ­мо­ла облысы Білім басқар­масының ресми жауабында.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы