Жаңа жылдағы шығыныңыз қанша?
Жаңа жылдағы шығыныңыз қанша?
123
оқылды

Жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындалатын ел­дер­дің қатарында Қазақстан да бар. Дәл осы мереке қар­саңында туған-туыс пен дос-жаранға сыйлық алар­да мәрттігімізде шек болмайды. Сөйтетіндей бұл мере­кенің не сиқыры бар? Биыл отандастарымыз Жаңа жыл­ды атап өту үшін қанша қаржы жұмсамақ?

Жаңа жыл жақындағалы еліміздің сауда нүктелері ха­лық нөпірінен аяқ алып жүргісіз. Бүкіл ел дүкен аралап кеткендей. Оларды қызықтыру үшін сауда нүктелері түрлі іс-шаралар ұйымдастырып үлгерген, қай сауда орны тартымды – клиент соған ағы­ла­ды. 2016 жылы ranking.kz агенттігі қазақ­стан­дықтардың Жаңа жылға дайындық үшін 1 трил­лион теңгеге жуық қаржы жұмсағанын жазған-ды. Одан бері өткен 3 жылда бұл сома көбеймесе, азай­май­тыны белгілі. Жаңа жыл дайындығына қаржы ая­май­тындардың басым бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қа­ласында тұрады. Алматылықтар 3 жыл бұрын Жаңа жыл­да 243 млрд, ал астаналықтар 110 млрд теңге жұм­саған болса, үшінші орынды ШҚО 100 млрд теңгемен қо­рытқан екен. Аталған агенттік қалада тұратын қа­зақстандықтардың әрқайсысы Жаңа жыл үшін 91 мың теңге жұмсайтынын есептеп шығарған еді. Ал биыл астаналықтар тек сыйлық үшін орта есеппен 150 мың теңгеден астам қаржы жұмсағанын айтып отыр. Бірақ олар есімін жария етпеуді өтінді. Ал Тараз қа­ласының тұрғыны Жанна Әмірхан Жаңа жылды атап өту, дастарқан жаю мен жақындарға сыйлық жа­сау­ға оңтүстік өңірде, шамамен 45-50 мың теңге жұм­салатынын айтады.

«Дастарқанға міндетті түрде ет асамын, бауырсақ пі­сі­ремін, тауықтың етінен чикен дайындап, балық пісі­ремін. Үш түрлі салат дайындаймын, бірақ ара­сын­да «оливье» жоқ. «Жаңа жылды қалай қарсы ал­саң, жылды солай өткізесің» деген түсінік бала ке­зі­міз­ден санамызға сіңіп кеткен ұрпақпыз ғой, бір жа­ғынан ертеңге деген сеніммен өмір сүру, жақсылық күту, үміт үзбеу де жақсы қасиет деп ойлаймын. Сон­дық­тан бұл күні барымды салып дайындаламын. Жаңа жыл əәр отбасыға жақсылық əкелсін!», – дейді ол.

Ал астаналық кәсіпкер әрі суретші Аңсаған Мұс­тафа бұл мерекені бала кезден асыға күтетінін айтады. Себебі әкесінің сағат тілі түнгі он екіге жақындағанда есік­ті қағып, шырылдатып, ашып-жауып, Сантаға рақ­метін айтып, сыйлықтарын беріп қуанту дәстүрі бар екен. «Өсе келе Сантаны көргіміз келіп інім екеу­­­міз аңдуға көштік. Інім терезеден аулаға қараса, мен үй артындағы терезеге үңілетін ем, бірақ анам да бұл ойында әкеме көмектесіп, бізді тамаққа шақыра қояды, сол кезде Санта сыйлығын әкеме «беріп кетіп жүріпті». Сол кездерді бүгінде сағына еске аламын. Бүгіндері балаларымды мен де солай құттықтаймын. Сенеді. Өткен жылы Сұлташ алдыңғы жылы көрмей қал­дым, терезе көп, бәрін қадағалау мүмкін емес деп, бәріміздің телефонымызды жинап алып, терезеге қа­ратып, видео түсіретін қылып, оны теледидарға қосып, өзі қарап жатты. Бізге енді не істер екенсіңдер деп қуланып қояды. Бала көп, үйге кіргізіп үлгермей есік алдына қалдырып кетіпті, тезірек барып алмасаң, бас­қа бала алып кетеді деп құтылдық. Биыл жасы 12-де, сенген балаға сыйлық бар, сенбегенге сыйлық жоқ деп ем, сенем-сенем деп, тапсырыс берген құлақ­қабын күтіп жүр. Енді алданып жүрген Байжігіт қана, шын сенеді. Екі апта бұрын терезеден айқайлап сұра­ған ойыншықтары бар, соны күтіп жүр. Сатып алып қойдық. Балалардың сыйлығына 20 мың теңге жұмсалды. Өзім Жаңа жылды жақсы көремін, есейіп кетсем де ғажайыптар күтемін», – дейді суретші.

Қарағандылық көпбалалы ана Сандуғаш Ха­сенова да ғажайыпқа сенушілер қатарынан бо­лып шықты. «Анам ет асып қоятын, ата-анамыз төр­д­е оты­рады, ағам Аяз ата, Ақшақар жылда ауы­са­ды. Бәріміз Жаңа жыл кіретін уақытты күтуге дайын­даламыз. Дастарқан жасаймыз, үйде қанша қыз-келін бар, сонша салат пен торт түрі болады. Ел­басының құттықтауын күтеміз. Содан соң Жаңа жылды біздің үйде қарсы алуға келген туған-туысқан мен көршілерді аралаймыз. Әкем 80-ге келгенше көршілердің дастарқанынан дәм татты. Соң­ғы жылдары денсаулығы сыр берген соң, сендер ба­рыңдар, ұят болады, тосып отыр ғой деп бізді ма­за­лайтын... Сондықтан да Жаңа жыл мен үшін ең керемет мереке. Жаңа жылдың жақсылығына сену керек», – дейді.

Оралдық Әлфия Шамаева Жаңа жыл ғана емес, бар­лық мерекеде жанына жақын жандарға сыйлық жасауды әдетіне айналдырған. Ол үшін көлемі мен бағасы маңызды емес. «Мен үшін жақындарымның көңіл күйі маңызды! Қанша қаржы жұмсалса да ысырап деп ойламаймын, бұл – бір-бірімізге көңіл бөлу мүмкіндігі. Бүгінгі таңда дәл осылай көңіл бөлу қат болып кетті. Мен үшін сыйлық алған адамның қуа­нышынан асқан қымбат сәт жоқ», – дейді.

Ал блогер Алмас Тоқбаев Жаңа жылдың шығынын «0» теңге деп бағалады. «Себебі 1 қаңтар анамның туған күні, мерекенің барлық қызығы сол күні болады. Адам­ды алға жетелейтін үміт, жыл ауысқанда бағалы сый­лық берсек алдағы жыл да солай көңілді болады де­ген үміт қолды ашып жібереді. Ал бұл мерекенің си­қыры сол, сіз түнде ұйықтап, таңертең оянғанда жаңа күнді емес, Жаңа жылды қарсы аласыз. Жаңа күн­парақ. Жаңа цифр. Барлық магия осында», – дейді ол.

Ал сіз қанша қаржы жұмсайсыз?

 

Айдана БЕГІМ