Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның ЖІӨ-і пандемия жайлаған 2020 жылы өсу орнына 2,6%-ға кеміп, ел экономикасы рецессияға ұшырады. Яғни, еліміз үшін дамыған мемлекеттер қатарына қосылатын күн алыстай түсті. Сондықтан өткен жұмада Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің ІІІ отырысында ел Президенті 2025 жылға қарай 5 пайыздап өсуге көшу міндетін қойды. Бұл мүмкін бе?
ЖІӨ жұтап қалды...
Отставкаға кеткен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов о баста коронавирус пандемиясы және шектеулер салдарынан 2020 жылы ЖІӨ 0,9%-ға ғана төмендейді деп болжаған. Кейін ол болжамын 2,1%-ға дейін нашарлатты. Бірақ бәрібір дөп баса алмады. Ел экономикасының бірден 2,6 пайызға құлдырауын кейбір сарапшылар ақпарат құралдарында «ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш» деп жариялауға асықты. Шынында олай емес. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1992 жылы – 5,3%-ға, 1993 жылы – 9,2%-ға, 1994 жылы – 12,6%-ға, 1995 жылы – 8,2%-ға, араға екі жыл салып, 1998 жылы 1,9%-ға кеміді. Содан бері экономика тек өсумен болды және осынша құлап көрмепті. Өсімнің шырқау шегі 2001 жылдың еншісіне тиді – 13,5%. Содан 2007 жылға дейін орташа есеппен 8-9 пайыздап ұлғайды. Ізінше төмендегенімен, 2010-2011 жылдарға дейін 11,3-11,4 пайызға дейінгі өсім сақталды. Бұл ел Үкіметінің көңіліне желік бітірді. Шенеуніктер Азиада, ЭКСПО-2017, ЛРТ секілді ірі имидждік жобаларға елікті. 2018 жылғы 4,1%, 2019 жылғы 4,5% өсімнен кейін 2020 жылы экономиканың бірден 2,6 пайызға кері кетуі Үкіметті абдыратып тастағандай. Әрине, КВИ тарауы және дағдарыс кесірінен рецессия одан да алапат болуы ықтимал еді. Елде шұғыл қабылданған шаралар күйзелістің біршама тігісін жатқызып, ахуалды түзеуге мүмкіндік берді. Экономистердің болжамынша, биыл Қазақстанның ЖІӨ-і 4%-ға өседі. Дегенмен былтырғы төмендеу кесірінен бұл өсім де республиканы бұрынғы даму даңғылына шығара алмайды. Оның үстіне, тоқтаусыз құнсызданған теңге де өсім ұстынын нығайтуға ықпал етпеуде. Мысалы, 2013 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 236 миллиард доллар болды. Бұл – 30 жылдағы рекорд. Ұлттық валютаның жасанды тежеліп келген бағамы 2015 жылғы тамызда еркін айналымға жіберілгенде, бұл көрсеткіш екі есе дерлік, 137 миллиард долларға дейін бір-ақ құлады. 2019 жылы ІЖӨ 67,7 трлн теңге немесе 179,5 миллиард доллар болды. Демек, ел Үкіметі алдында қазіргі кезде дамыған елдердің емес, Қазақстанның 2013 жылғы көрсеткішіне қол жеткізу мұрат болса керек. Әлем елдерін ЖІӨ көлеміне қарай орын-орнына қойып шыққан Дүниежүзілік банктің рейтингіне сәйкес, Қазақстан 2014 жылы 40-орынға шыққан екен. 2019 жылы 54-орынға түсіп кетті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша баянжазба әзірге жарияланған жоқ. Бірақ экономикасы кері кеткен ел рейтингте жоғарыламасы сөзсіз.Енді елді не күтеді?
Отандық FinReview агенттігі сарапшыларының пессимистік сценарийі бойынша егер биыл қатысушы елдер міндетін орындамай, ОПЕК+ мәмілесі сәтсіздікке ұшыраса, Brent маркалы мұнай бағасы 30 долларға дейін құлдыраса, коронавирус күшейіп, қайта айналып соқса, қатаң локдаун енгізілсе, ел экономикасы 2,3-2,7%-ға ғана өсуі мүмкін. Оптимистік сценарийге сай, ОПЕК+ келісімі қатаң немесе артығымен орындалса, әлемдік экономика қалпына келіп, мұнайға сұраныс артса, оның бағасы 50 баррельден жоғары болса, онда отандық экономика орташа есеппен 3,8-4,2% аралығында өсуі ықтимал. Кейбір экономистер мұны азсынады. «Таяуда іс басындағы Үкімет ел басшылығы мен Парламенттің «сенім вотумын» иеленді. Әйтсе де, бұл Министрлер кабинеті экономиканы ары қарай құлдырата берсе болады дегенді білдірмейді. Қайта тағайындалған Асқар Мамин Үкіметінің қызметі ел экономикасын 5 пайыздық өсу даңғылына қаншалықты шығара алғанына қарай бағаланады. Бүгінде Үкіметтің экономикалық-қаржылық қанаты соған қалай қол жеткізу мәселесіне бас қатыруда. Экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар топтамасы алдағы дүйсенбіде, 8 ақпанда Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында қаралады деп күтілуде. Одан кейін Президент Жарлығымен Жалпыұлттық басымдықтар мен елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары қабылданады. Өсуге қаысты міндетті жүзеге асырудың егжей-тегжейі сонда белгілі болуы мүмкін», – дейді экономист Әділ Кенжетаев. Оның байламынша, барлық сала бірдей өркендемесе, экономика орнықты өспейді. Осы орайда салалық бағдарламалар әр сектордың өрлеуін қамтамасыз етуі тиіс болатын. Алайда олар «өсім драйверіне» емес, жемқорлардың жемсауына айналып кеткендей. «Сондықтан Мемлекет басшысы мемлекеттік-салалық бағдарлама атаулыдан бас тартып, орнына «ұлттық жобаларды» енгізуге бастамашы болды. Үкімет 1 ай мерзімде, наурызда осы ұлттық жобалардың тізімін қалыптастырып шығады. Бұл ретте біздің шенеуніктер салалық бағдарлама орнына «национальные проекты» дегенді енгізген Ресейдің сәтсіз тәжірибесін көшіріп, соның ізін баспаса болғаны. Өйткені солтүстік көршіде бірде-бір «нацпроект» нысаналы көрсеткіштеріне жетпегенін ресейлік әріптестеріміз айтып жүр», – дейді экономист.5 триллион береке әкелсе...
Экономикаға жан бітіру үшін мемлекет өз ақшасын ғана емес, активтерін де шығындамақ. Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, ақпан айының ортасына дейін «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру жөніндегі келісілген ұсыныстарды әзірлеп шығады. Жекешелендіру толқыны бәсекелестік ортаның жағасына жалпы құны 5 триллион теңге тұратын мемлекеттік активті шығарып тастамақ. Ұтымды әрі құнтты жұмсап, жарата білсе, бұл кәсіпкерлерді керемет байытады. Оның үстіне, жаңа инвесторлардың келуіне жол ашылады. Әйтпесе, 2020 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 3,4 пайызға кеміп кеткен. Яғни, әзірге инвесторлар қашуда. Сонымен бірге мемлекеттің экономикаға араласу үлесі ел тарихында бұрын болмаған 14 пайызға дейін қысқармақ. Бұл бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтады. Бұған дейін қаптаған мемкәсіпорын, мемлекеттік ұйым, коммуналдық кәсіпорын, ұлттық компания мен холдингтерді ұстап тұруға триллиондаған бюджет қаражаты жұмсалды. Олар босаса, әлеуметтік шараларға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсауға мүмкіндік туады. Салалар ғана емес, өңірлердің де өркендеуі маңызды. Сол себепті Ұлттық экономика министрлігіне өзектендірілген «Аумақтық даму жоспарының» жобасын Премьер-Министр кеңсесіне биылғы 1 сәуірге дейін енгізу тапсырылды. –Реформалардың жаңа пакеті қысқамерзімді уақытта экономиканы қалпына келтіруге, негізгі саясатты жедел қайта реттеуді қамтамасыз етуге, елді тұрақты әрі сапалы экономикалық өсу траекториясына шығаруға жағдай жасауы тиіс! – деп қадап айтты Премьер-Министр Асқар Мамин. Өсімнің тағы бір драйвері ретінде мемлекет индустрияландыруға қайта оралды. 2021 жылы агроөнеркәсіп кешенінде, металлургияда, химия және жеңіл өнеркәсіптерде, құрылыс индустриясында, машинажасау саласында барлығы 112 ірі зауыт-кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланған. Осының арқасында өңдеу өнеркәсібі 10%-ға өсуі тиіс. Бұл жобаларға 2 триллион теңге қаражат салынады. Бұларда шамамен 13,4 мыңдай ғана тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар экономиканы өсіру үшін Үкімет шикізатқа да иек артады. 2020 жылы Қазақстан 85,7 миллион тонна мұнай және 55,2 млрд текше метр газ өндіріпті. Биыл отын-энергетикалық ресурстар өндірісі өрістейді. Нәтижесінде, 2021 жылы ең кемі 86 миллион тонна «қара алтын» және 56 миллиард текше метрге жуық «көгілдір отын» шығарылмақ. Сарапшылар осы істің бәріне ашықтық, жариялылық жетіспейтініне назар аудартады. «Қазақстан ЖІӨ өсімін жеделдету және дамыған елдерді қуып жету үшін құрылымдық реформаларды бұрыннан жүргізуде. Қазір міне, жеке агенттік қайта құрылды. Ұқсас сөздер бұрыннан айтылған, ұқсас әрекеттер бұған дейін жасалған. Реформаларға арналған өзгерістер баяғыда-ақ заң жобаларына енгізіліп, Парламент қабылдаған. Жекешелендіру міндеттері де ұлттық компаниялардың стратегиялық құжаттарында көрініс тапты. Әзірше жаңа ештеңе көріп отырған жоқпыз. Бәлкім, алда Үкімет ел экономикасына серпін беріп, елдің секіріс жасауына септесетін тың бірдеңе жариялап қалар», – дейді экономикалық шолушы Сергей Домнин. Сарапшылар Президент қойған «5 пайыздап өсу» міндетін орындауға кіріскен Үкіметтен осы істің анық-қанығын жариялауын күтіп отыр. Себебі ұлттық өрлеу мұраттары да экономиканың қарқынды өркендеуімен тығыз байланысты.Айхан ШӘРІП