Өрлеуден үміт бар

Өрлеуден үміт бар

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның ЖІӨ-і пандемия жайлаған 2020 жылы өсу орнына 2,6%-ға кеміп, ел экономикасы рецессияға ұшырады. Яғни, еліміз үшін дамыған мем­лекеттер қатарына қосылатын күн алыстай түсті. Сондықтан өткен жұ­мада Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің ІІІ отырысында ел Пре­зиденті 2025 жылға қарай 5 пайыздап өсуге көшу міндетін қойды. Бұл мүмкін бе?

ЖІӨ жұтап қалды...

Отставкаға кеткен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов о баста коро­навирус пандемиясы және шектеулер сал­дарынан 2020 жылы ЖІӨ 0,9%-ға ғана төмендейді деп болжаған. Кейін ол бол­жамын 2,1%-ға дейін нашарлатты. Бірақ бәрібір дөп баса алмады. Ел экономикасының бірден 2,6 пайызға құлдырауын кейбір сарапшылар ақпарат құралдарында «ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш» деп жариялауға асықты. Шы­нында олай емес. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1992 жылы – 5,3%-ға, 1993 жылы – 9,2%-ға, 1994 жылы – 12,6%-ға, 1995 жылы – 8,2%-ға, араға екі жыл салып, 1998 жылы  1,9%-ға кеміді. Содан бері экономика тек өсумен болды және осынша құлап көрмепті. Өсімнің шырқау шегі 2001 жылдың еншісіне тиді – 13,5%. Содан 2007 жылға дейін орташа есеппен 8-9 пайыздап ұлғайды. Ізінше төмендегенімен, 2010-2011 жылдарға дейін 11,3-11,4 пайызға дейінгі өсім сақталды. Бұл ел Үкіметінің көңіліне желік бітірді. Шенеуніктер Азиада, ЭКСПО-2017, ЛРТ секілді ірі имидждік жобаларға елікті. 2018 жылғы 4,1%, 2019 жылғы 4,5% өсімнен кейін 2020 жылы экономиканың бірден 2,6 пайызға кері кетуі Үкіметті абдыратып тастағандай. Әрине, КВИ та­рауы және дағдарыс кесірінен рецессия одан да алапат болуы ықтимал еді. Елде шұғыл қабылданған шаралар күйзелістің біршама тігісін жатқызып, ахуалды түзеуге мүмкіндік берді. Экономистердің болжамынша, биыл Қазақстанның ЖІӨ-і 4%-ға өседі. Дегенмен былтырғы төмендеу кесірінен бұл өсім де республиканы бұрынғы даму даңғылына шығара алмайды. Оның үстіне, тоқтаусыз құнсызданған теңге де өсім ұстынын нығайтуға ықпал етпеуде. Мысалы, 2013 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 236 миллиард доллар болды. Бұл – 30 жылдағы рекорд. Ұлттық ва­лютаның жа­санды тежеліп келген бағамы 2015 жылғы тамызда еркін айналымға жібе­рілгенде, бұл көрсеткіш екі есе дерлік, 137 миллиард долларға дейін бір-ақ құлады. 2019 жылы ІЖӨ 67,7 трлн теңге немесе 179,5 миллиард доллар болды. Демек, ел Үкіметі алдында қазіргі кезде дамыған елдердің емес, Қазақстанның 2013 жылғы көрсеткішіне қол жеткізу мұрат болса керек. Әлем елдерін ЖІӨ көлеміне қарай орын-орнына қойып шыққан Дүниежүзілік банктің рейтингіне сәйкес, Қазақстан 2014 жылы 40-орынға шыққан екен. 2019 жылы 54-орынға түсіп кетті. 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша баянжазба әзірге жа­рияланған жоқ. Бірақ экономикасы кері кеткен ел рейтингте жоғарыламасы сөзсіз.

Енді елді не күтеді?

Отандық FinReview агенттігі сарап­шыларының пессимистік сценарийі бойынша егер биыл қатысушы елдер міндетін орындамай, ОПЕК+ мәмілесі сәтсіздікке ұшыраса, Brent маркалы мұнай бағасы 30 долларға дейін құлдыраса, коронавирус күшейіп, қайта айналып соқса, қатаң локдаун енгізілсе, ел экономикасы 2,3-2,7%-ға ғана өсуі мүмкін. Оптимистік сценарийге сай, ОПЕК+ келісімі қатаң немесе артығымен орындалса, әлемдік экономика қалпына келіп, мұнайға сұраныс артса, оның бағасы 50 баррельден жоғары болса, онда отандық экономика орташа есеппен 3,8-4,2% аралығында өсуі ықтимал. Кейбір экономистер мұны азсынады. «Таяуда іс басындағы Үкімет ел бас­шылығы мен Парламенттің «сенім во­тумын» иеленді. Әйтсе де, бұл Министрлер каби­неті экономиканы ары қарай құл­дырата берсе болады дегенді білдір­мейді. Қайта та­­ғайындалған Асқар Мамин Үкі­метінің қызметі ел экономикасын 5 пайыз­дық өсу даңғылына қаншалықты шығара алғанына қарай бағаланады. Бүгінде Үкіметтің эко­номикалық-қаржылық қа­наты соған қалай қол жеткізу мәселесіне бас қатыруда. Эко­номиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қам­тамасыз ету бойынша шұғыл шаралар топ­­тамасы алдағы дүй­сенбіде, 8 ақпанда Эко­­номикалық өсімді қалпына келтіру жө­­ніндегі мем­лекеттік комиссия оты­ры­сында қара­лады деп күтілуде. Одан кейін Президент Жар­лығымен Жалпыұлттық басымдықтар мен елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары қабыл­дана­ды. Өсуге қа­­­ысты міндетті жүзеге асы­рудың егжей-тегжейі сонда белгілі болуы мүм­­кін», – дейді эко­номист Әділ Кен­жетаев. Оның байламынша, барлық сала бірдей өркендемесе, экономика орнықты өспейді. Осы орайда салалық бағдарламалар әр сек­тордың өрлеуін қамтамасыз етуі тиіс бо­латын. Алайда олар «өсім драйверіне» емес, жемқорлардың жемсауына айналып кет­кендей. «Сондықтан Мемлекет басшысы мем­лекеттік-салалық бағдарлама атаулыдан бас тартып, орнына «ұлттық жобаларды» ен­гізуге бастамашы болды. Үкімет 1 ай мер­зімде, наурызда осы ұлттық жобалардың тізімін қалыптастырып шығады. Бұл ретте біздің шенеуніктер салалық бағдарлама орнына «национальные проекты» дегенді енгізген Ресейдің сәтсіз тәжірибесін кө­шіріп, соның ізін баспаса болғаны. Өйт­кені солтүстік көршіде бірде-бір «нац­проект» нысаналы көрсеткіштеріне жетпе­генін ресейлік әріптестеріміз айтып жүр», – дейді экономист.

5 триллион береке әкелсе...

Экономикаға жан бітіру үшін мемлекет өз ақшасын ғана емес, активтерін де шы­ғындамақ. Қаржы, Ұлттық экономика ми­нистрліктері, Бәсекелестікті қорғау агент­тігімен бірлесіп, ақпан айының ор­тасына дейін «Жекешелендірудің 2021-2025 жыл­дарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру жөніндегі келісілген ұсы­ныстарды әзірлеп шығады. Жекешелендіру толқыны бәсекелестік ортаның жағасына жалпы құны 5 триллион теңге тұратын мемлекеттік активті шығарып тастамақ. Ұтымды әрі құнтты жұмсап, жарата білсе, бұл кәсіп­керлерді керемет байытады. Оның үстіне, жаңа инвесторлардың келуіне жол ашылады. Әйтпесе, 2020 жылы негізгі капиталға салынған инвес­ти­ция­лардың жалпы көлемі 3,4 пайызға кеміп кеткен. Яғни, әзірге инвесторлар қашуда. Сонымен бірге мемлекеттің эко­но­микаға араласу үлесі ел тарихында бұрын болмаған 14 пайызға дейін қысқармақ. Бұл бюджетке түсетін ауырт­палықты азайтады. Бұған дейін қаптаған мемкәсіпорын, мемлекеттік ұйым, ком­муналдық кә­сіпорын, ұлттық компания мен хол­динг­терді ұстап тұруға трил­лиондаған бюджет қа­ражаты жұмсалды. Олар босаса, әлеу­меттік шараларға, әлеуметтік ин­фра­құ­рылымды жаңғыртуға жұмсауға мүм­кіндік туады. Салалар ғана емес, өңірлердің де өр­кендеуі маңызды. Сол себепті Ұлттық экономика министрлігіне өзектендірілген «Аумақтық даму жоспарының» жобасын Премьер-Министр кеңсесіне биылғы 1 сәуірге дейін енгізу тапсырылды. –Реформалардың жаңа пакеті қыс­қамерзімді уақытта экономиканы қал­пына келтіруге, негізгі саясатты жедел қайта рет­теуді қамтамасыз етуге, елді тұ­рақты әрі сапалы экономикалық өсу траек­­ториясына шығаруға жағдай жасауы тиіс! – деп қадап айтты Премьер-Министр Асқар Мамин. Өсімнің тағы бір драйвері ретінде мем­лекет индустрияландыруға қайта орал­ды. 2021 жылы агроөнеркәсіп кеше­нінде, металлургияда, химия және жеңіл өнер­кәсіптерде, құрылыс индус­триясында, ма­шинажасау саласында барлығы 112 ірі зауыт-кәсіпорын іске қосылады деп жос­парланған. Осының арқасында өңдеу өнеркәсібі 10%-ға өсуі тиіс. Бұл жобаларға 2 триллион теңге қаражат салынады. Бұ­ларда шамамен 13,4 мыңдай ғана тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар экономиканы өсіру үшін Үкімет шикізатқа да иек артады. 2020 жылы Қазақстан 85,7 миллион тонна мұнай және 55,2 млрд текше метр газ өндіріпті. Биыл отын-энергетикалық ресурстар өн­дірісі өрістейді. Нәтижесінде, 2021 жылы ең кемі 86 миллион тонна «қара алтын» және 56 миллиард текше метрге жуық «көгілдір отын» шығарылмақ. Сарапшылар осы істің бәріне ашықтық, жариялылық жетіспейтініне назар ау­дартады. «Қазақстан ЖІӨ өсімін жеделдету және дамыған елдерді қуып жету үшін құ­рылымдық реформаларды бұрыннан жүр­гізуде. Қазір міне, жеке агенттік қайта құрылды. Ұқсас сөздер бұрыннан айтылған, ұқсас әрекеттер бұған дейін жасалған. Реформаларға арналған өзгерістер баяғыда-ақ заң жобаларына енгізіліп, Парламент қабылдаған. Жекешелендіру міндеттері де ұлттық компаниялардың стратегиялық құжаттарында көрініс тапты. Әзірше жаңа ештеңе көріп отырған жоқпыз. Бәлкім, алда Үкімет ел экономикасына серпін беріп, елдің секіріс жасауына септесетін тың бірдеңе жариялап қалар», – дейді эконо­микалық шолушы Сергей Домнин. Сарапшылар Президент қойған «5 пайыз­дап өсу» міндетін орындауға кі­ріскен Үкіметтен осы істің анық-қанығын жария­лауын күтіп отыр. Себебі ұлттық өр­леу мұ­раттары да экономиканың қар­қынды өркендеуімен тығыз байланысты.

Айхан ШӘРІП