Бойжеткендерге бас-көз бола алмаған басшыдан бастап күзетшіге дейін қызметтен кетуге арыз жазды. Бұл туралы КТК хабарлады.
Павлодар облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы: «Жеке өтініш жазып, бір медбике, екі тәрбиешінің көмекшілері, қарауыл өз еркімен жұмыстан босатылды», – деді.
Әзірге төрт қызметкер арыз жазған бойда жұмыстан босатылған. Ал арнайы орталық директорының өтінішін білім басқармасы әлі мақұлдаған жоқ. Олар тергеу ісінің аяқталғанын күтіп жатыр.
Мекеме басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен тағы бірнеше қызметкерге қатаң сөгіс берілді. Қаңтар айының басында балаларға арналған арнайы орталықта тәрбиеленетін үш қыз антисептик ішіп уланып қалған. Жаңа жылды атап өту үшін ішімдік таппағандар санитайзерге су араластырып ішкен. Соның салдарынан бір бойжеткеннің миы ісініп қайтыс болған.
Марқұмның құрбылары он күн ауруханада емделіп шыққан. Бірақ одан бері бір ай өтсе де үн-түнсіз жатқан орталық қызметкерлері тек қайғылы оқиға жұртқа мәлім болғанда ғана жұмыстан кетуге арыз жазған.