Әуелі әңгіменің басын ашып алайық. Жергілікті әкімдерді сайлау тәжірибесі Қазақстанда 2013 жылдан бері бар. 2013 және 2017 жылдары елдегі 2,5 мыңға жуық әкімнің 1 416-сы жанама түрде 4 жылға сайланған. Жалпақ тілмен түсіндірсек, әкімдерге тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары дауыс берген. Оның үстіне, кандидаттарды аудан әкімдері ұсынатын. Сайланды деген аты болмаса, іс жүзінде мұндай сайлаудың тағайындаудан айырмасы шамалы еді. Бірқатар сарапшылар сол кездегі әкімдер сайлауын «демократияның декорациясы» деп атаған. Осының бәрін ескерген Мемлекет басшысы 2021 жылдан бастап ауыл әкімдері тікелей сайланады деп шешті.
Қоғам өз әкімін өзі таңдауға дайын ба?
Сонымен, биыл ауыл, кент және аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтты. Президент жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді араласа бастауын Ордабасы, Күлтөбе, Ұлытаудағы ұлы жиындармен салыстырады. «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз», – деді Мемлекет басшысы. Жергілікті әкімдерді сайлау мәселесін ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы көтерген. 1999 жылы Алматы облысындағы Шамалған ауылының әкімі тікелей жолмен сайланды. Билік мұны «эксперимент» деп таныстырып, «егер сәтті болса, республиканың басқа аймақтарына енгіземіз» деп мәлімдеді. Алайда көп ұзамай бұл үрдіс Шамалған ауылында да, өзге өңірлерде де жалғаспай қалды. Әдетте демократияның отаны деп АҚШ-қа тамсанамыз ғой. Міне, осы америкалықтар тек президенті мен конгресін ғана емес, штат губернаторларын, қала мэрлерін, аудандағы атқарушы билік өкілдерін, сот қызметкерлерін, тағы да басқа жүздеген саяси қызметкерін сайлайды. Бірнеше аудан мектептерін біріктіретін атқарушы орган бар, оның да басшысын дауыс беру арқылы таңдайды. Былтыр біздің Ұлттық экономика министрлігі Американың үлгісімен «Сайлау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, заң жобасын талқылауға ұсынған. Құжатта «ауыл әкімін аудан әкімі кез келген уақытта қызметінен қуып жібере алады» деген сөз ерекше назарымызды аударды. Тағайындалған әкім сайланған әкімді орнынан алып тастаса, сайлаушылардың құқығын қайда қоямыз? Ауыл әкімі аудан басшысының тілін табамын ба, әлде сайлаушылардың көңілін аулаймын ба деп екі жаққа жалтақтап жүргенде өкілеттік мерзімін өткізіп алуы мүмкін ғой. Бірақ таяқтың екінші ұшын да ұмытпайық. Егер ауыл әкімі өзінен жоғары басшыларға бағынбаса, мұның соңы мемлекеттік басқару жүйесін тоқыратып, ұлт тұтастығына қатер төндіруі ықтимал. Иә, кабинеттен аттап шықпайтын, жылына екі рет ел алдында есеп беріп, кейін халықтан іргесін аулақ салатын әкімдердің дәурені өтіп барады. Қазіргі жағдай ауыл әкімдерінің күндіз-түні шапқылап, халықпен қоян-қолтық жұмыс істегенін талап етіп отыр. Әкімдер осы талаптың үдесінен шықса игі. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қоғамдағы келеңсіздіктерді ашық сынап, онымен күресетін саяси, қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажет деп санайды. «Президент айтқандай, біз халық үніне құлақ асатын мемлекетті құруымыз қажет. Қазіргідей коронавирус кезінде көп жерлерде жергілікті басшылар, аудан, ауыл әкімдері кейбір мәселелерді шешпегенін, жағдайға мән беріп, қамданбағанын көріп жатырмыз. Халықтан арыздың көбеюі, түрлі мәселелер 1 емес, 100 рет көтерілсе, әрине оны жүйелі проблема деп айтуға болады. Сайланған әкімдер осы мәселелерге көбірек мән беріп, көңіл бөледі», – дейді саясаткер. Жаңа біз тілге тиек еткен заң жобасында «ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің кандидатурасын партиялар ұсынады» деп жазылған. Яғни, кешегі Мәжіліс сайлауы сияқты. Сіз партияға дауыс бересіз, бірақ партияның атынан кім әкімдікке ұсынылғанын партия басшылары шешеді. Жалпы, қоғамда пропорционалды сайлау жүйесіне қатысты екіұшты көзқарас қалыптасқан. Біреулер үміткерді партиялық тізіммен сайлау саяси мәдениетті арттырады, халық жекелеген тұлғалардың емес, озық идеялардың төңірегіне топтасады десе, екінші тарап пропорционалды жүйе демократияны тежейді деп есептейді. Дегенмен Президент саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдырып, жалаң ұранға еру мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратады деп сақтандырады.Қоғамда ауыл-аймақтағы әкімдер сайлауы рушылық дертін қоздырады деген қорқыныш басым. Тұрғындар «біздің елдің жігіті ғой» деп руласына бұра тартса, нағыз талантты мамандар тасада қалады. Президент көмекшісі Ерлан Қариннің пікірінше, бір жағынан, трайбализм демократиялық институттардың қызметін тежеуі мүмкін, екінші жағынан, демократиялық институттарды енгізу арқылы біз жаңағыдай жағымсыз факторлардың ықпалын әлсіретеді екенбіз.
«Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық», – дейді Тоқаев. Негізі, партияның атынан сайлауға түсу – әлемде кең тараған тәжірибе. Еуропаның көп елінде мэрлер партиялық тәртіппен таңдалады. Қазақстанда 2,5 мыңнан астам әкімнің 90 пайызы ауыл әкімдері екенін ескерсек, алдағы сайлауды жалпыұлттық науқан деуге болады. Қоғамда ауыл-аймақтағы әкімдер сайлауы рушылық дертін қоздырады деген қорқыныш басым. Тұрғындар «біздің елдің жігіті ғой» деп руласына бұра тартса, нағыз талантты мамандар тасада қалады. Президент көмекшісі Ерлан Қариннің пікірінше, бір жағынан, трайбализм демократиялық институттардың қызметін тежеуі мүмкін, екінші жағынан, демократиялық институттарды енгізу арқылы біз жаңағыдай жағымсыз факторлардың ықпалын әлсіретеді екенбіз. Өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған өңірде сайлау өткізу де қауіпті. Мысалы, АҚШ-та амиштер, масондар немесе испантілділер мол шоғырланған жерлерде тек солардың өкілдері не солардың шашбауын көтеретін тұлғалар ғана сайланады. Сондықтан біздің ойымызша, кандидаттарға мемлекеттік тілді міндетті түрде жетік меңгерсін деп нақты талап қойған дұрыс. Бұл талап «Әкімшілік іс жүргізу туралы» және «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» секілді қолданыстағы заңдарға сай келеді. Бұл ұлтаралық араздықтың алдын алуы да мүмкін. Әкімдерді сайлау тағы да сәтсіз тәжірибеге айналмасын десек, сайланған әкімнің қолына қомақты бюджет ұстатуымыз керек. Обалы нешік, Қазақстанда төртінші деңгейлі бюджет енгізілгелі бірнеше жылдың жүзі болды. Ауыл округтері мен кенттердің шағын бюджеті бар. Бірақ ондағы азын-аулақ қаражат жұртты мазалайтын түйткілдерді шешуге жетпейді. Ауыл әкімдерінің қаржысы ауланы таза ұстап, көшеге гүл мен ағаш егуден, айналаны жарықтандырудан артылмайды. Тағайындалған әкімнен сайланған әкімнің жауапкершілігі жоғары болса, ертең ол мардымсыз ақшамен мыңдаған тұрғынның көңілін қалай таппақ? Қайбір жылы Қоғамдық кеңестер деген институт құрылып, арнайы заң қабылданғаны есімізде. Кеңес мүшелерінің 23 пайызы мемлекеттік органдардың қызметкерлері болса, 20,7 пайызы ғана үкіметтік емес ұйым өкілдері екен. Амал қанша, аталмыш институт халықтың мұң-мұқтажын төрдегі төрелерге жеткізетін шын мәніндегі өзін-өзі басқару органына айнала алмады. Әкімдер дегенде ең алдымен еске түсетіні – ел алдындағы есептілік десек, оның да нақты тетіктері әлі беймәлім. Шенеуніктер «сайланған әкім сайлаушылардың алдында жауап береді» дейді де, қалай жауап беретінін ашып айтпайды. Белгілі саясаттанушы Дос Көшім жергілікті өзін-өзі басқару дегенді «ауыл әкімі аудан әкімін танымайды, ал ауданның әкімі облыстың әкіміне сәлем бермейді, міне, жергілікті өзін-өзі басқару» деп сипаттапты. Ғалымдар муниципалды басқару түрінің пайда болғанына 2000 жылдан асты деп шамалайды. Дала демократиясы дәстүрімен өмір сүрген қазақтардың да жергілікті басқару жүйесі болды. Әр ауыл өзінің ішкі мәселесін өзі шешкен. Демек, ауыл, аудан әкімдерін сайлаудың біздің халыққа жаттығы жоқ. Ал бұл қадам бірінші кезекте еліміздегі демократиялық үрдістерді тереңдетіп, саяси жүйені жетілдіре түссе, екіншіден әкімдерді сайлау олардың есептілігін де екі есе арттырады. Бюджеттің орынды жұмсалуы мен жергілікті мәселелерді шешуге де бұл бастаманың әсері мол болмақ әрі бұқараның саяси үрдістерге көбірек қатысуына ықпал етері сөзсіз.Еркебұлан НҰРЕКЕШ