Маңғыстау облысының екі мыңға жуық тұрғыны бар Ұштаған ауылында 30 егіз тұрады. Бұл туралы Qazaqstan арнасы хабарлады. Олардың үлкені 40-тан асса, ең кішісі – 4 айлық сәбилер. Кішкентай ғана ауылда жыл сайын кемінде бір отбасыда егіздер өмірге келген.
«Жаңа ауыл» көшесі ел арасында «Егіздер көшесі» деп аталып кеткен. Өйткені мұндағы 7 үйде егіздер тұрады. Ал мына шаңырақта екі рет егіз бала дүниеге келген. Гүлзира мен Гүлмираны өмірге әкелген Назаровтар отбасының шаңырағы. Үйдің тұңғыштары 1997 жылы дүниеге келсе, араға 4 жыл салып ерлі-зайыптылар егіз ұлды болыпты.
Мұндай сирек кездесетін жайтты үй иесі Айдос Назаров «тәңірдің сыйы» деп санайды. «Ұрпақтарымыздың солай жалғасқанына Аллаға шүкіршілік. Кеудеңде қуаныш кернеп тұрады ғой», – деді Айдос Назаров.
Маманның айтуынша, бұл құбылыс әлі толық зерттелмеген. Бірақ генетикалық тұрғыда бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. «Жасы үлкейген жанұяларда болуы мүмкін. Арғы аталарында айтып кеткендей, әйел жағынан егіз болған жағдайда егіз туылу мүмкіндігі көбірек. Ер адам тасылмалдаушы болып, кейін қыздары егіз босануы мүмкін. Экологиялық факторлар да әсер етеді. Радиация, химия болған жерлерде көптеп кездеседі. Тамақтануға байланысты деп айтып жатады. Көбінесе белок тағамдарын көп жейтін адамдарда», – дейді генетик Нұргүл Жүсіпова.