Қарағанды облысының полицейлері интернеттің көмегімен қаржы пирамидасын құрған Өскемендік тұрғынды анықтады. Polisia.kz-тің мәліметінше, қаңтардың басынан Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық полиция бөліміне қала тұрғындарынан белгісіз азаматшаға алданып қалғаны туралы арыздар түсе бастаған.
Алаяқ жәбірленушілермен әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, ұтымды бизнеске ақша құюға үгіттеген. Ол жәбірленушілерді қомақты табыс табуға болатынын сендірген. Айтқанына сенген тұрғындар жиған-тергенін белгісіз біреуге жіберіп отырған. Бірі оған 100-200 мың теңге берсе, енді бірі 500-700 мың жіберген. Сәтбаевтың тағы бір тұрғыны алаяққа 2 миллион 700 мың теңге ақша жіберіп, сан соғып қалған. Кейін үстеме ақша былай тұрсын, өз ақшаларын ала алмай қалған тұрғындар полицияға арыз жазған.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабына (алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Полиция қызметкерлері аталған қылмысты ашу және күдіктіні анықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарған. Нәтижесінде полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен Өскемен қаласының 24 жастағы тұрғынын анықтап, ұстаған. Тергеу барысында оның осындай алаяқтықтың 18 фактіге қатысы бар болып шықты. Келіншектің арбауына тек Сәтбаев қаласының тұрғындары емес, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да түскен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 10 миллион екен.