Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерін, шағымы мен өтініштерін шешуге атсалысып жатыр. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темір Қырықбаев «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдау өткізді.
Сонымен қатар Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жұмағали Төреқұл, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов та жергілікті тұрғындарды қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдады. Шараға аудан әкімдігінің бөлім басшылары да қатысты. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың бірі – Жаңа ауыл елді мекенінің тұрғыны Шариф Давранов ауылда спорт комплексінің жоқ екенін айтып, аталған елдімекен мектебінің спорт залында спорттық үйірмелер ұйымдастыруға көмек сұрады. Сонымен қатар Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Құрбанай Муссулумова әжесінің зейнетақы көлемінің тым төмен екенін алға тартса, қабылдауға келген У.Ермаханбетова өзінің зейнетақы қорындағы қаражатымен несиесін жабуға көмек көрсетілсе деген өтінішін жеткізді. Ал Жетісай қаласының екі тұрғыны баспана мәселесін алға тартты. Халық қалаулыларының қабылдауында болған Қызылқұм ауылдық округі, Қызылқұм ауылының тұрғыны С.Аджиханов ескі үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына көмек сұрады. Бүгінде 4 перзентімен 1950 жылы салынған ескі үйде тұрып келе жатқан жалғызбасты әке еденнің ескіріп, терезелерінің қирап жатқанын айтады. Жалғыз өзінің жалдамалы жұмыстан тапқан табысы ас-ауқаттан артылмайтын көрінеді. Айтылған бұл өтінішке байланысты облыстық мәслихат депутаты Темір Қырықбаев алдағы 2 айда өз қаржысы есебінен тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге уәде етті. Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Сырабад елді мекенінен келген М.Бегалиеваның да мәселесі оңды шешілді. Кәмелет жасына толмаған аурушаң перзентінің өздігінен жүріп-тұруы қиындаған. Қажетті дәрі-дәрмектері табылған жағдайда физиотерапиялық емді 30 күн қабылдауы керек екен. Отағасы екеуі жалдамалы жұмыспен балаларын асырап отыр. Қызының денсаулығы алаңдатқан ана тиісті емдік курсқа қаржының жетпей тұрғанын айтып, көмек сұрады. Бұл мәселеге байланысты аудандық мәслихат депутаты Жұмағали Төреқұл қаржылай көмек беріп, «Жетісай» аудандық ауруханасы дәрілері мен тиісті емдерін тегін жүргізуге уәде берді. Қоғамдық қабылдау барысында мәселесін айтқан әрбір азаматқа тиісті сала мамандары тарапынан құқықтық кеңес беріліп, өтініштер бойынша заң аясында жұмыс жүргізілетін болды.Әбілмансұр ЖАСАН