Қылмыс көрсеткіші 37 пайызға төмендеді
Қылмыс көрсеткіші 37 пайызға төмендеді
210
оқылды

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев­ты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке Ішкі істер ми­нистр­лігінің 2020 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен криминогендік ахуалдың жай-күйі туралы ақпарат берілді. Министр­дің айтуынша, еліміздегі қылмыс көрсеткіші 37 пайызға төмендеген, сондай-ақ ұрлық, қарақшылық, тонау, бұзақылық және зорлау түріндегі қылмыстардың да саны азайған. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артқан. Жол-көлік оқи­ғаларының және соның салдары­нан жарақаттанған, қаза болған адамдардың саны қысқарған. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты ба­қылауда ұстау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Президентке бұрын берілген тапсырмалардың орындалу нәтижелері туралы есеп берілді. Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігі жүйесінде 2021 жыл­дың «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жарияланғанын айтып, ішкі істер органдарын ре­формалау жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуына егжей-тег­жейлі тоқталды. Атап айтқанда, жұ­мыстың сервистік моделін енгізу, «жұртқа жақын полиция» қа­ғидатын қамтамасыз ету, учас­келік инспекторлар қызметін ре­формалау жөнінде сөз болды. Мемлекет басшысына ішкі істер органдарының қызметін цифрландыруға қатысты жобалар, азаматтарға полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік беретін Police 102 мобильдік қо­сым­шасын іске қосудың алғашқы нәтижелері туралы баяндалды. Президент азаматтардың по­ли­цияға деген сенімін арттыруда айтарлықтай жетістікке қол жет­кізуге мүмкіндік беретін сапалы реформа жүргізу қажеттігіне баса мән берді. Осы ретте Ішкі істер министрі ка­дрларды іріктеу жүйесінің жетілдіріліп жатқаны, жаңа білік­тілік талаптарының бекітілгені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттің қалыптасуы, идео­логиялық және имидждік жұмыс­тардың күшейтілгені жайында мәлімет берді. Бұдан бөлек Президентке қыл­мыстық-атқару жүйесін жаңғырту, жазасын өтеушілердің жағдайын жақсарту және оларды жұмыспен қамту, сондай-ақ колонияларда жаппай бейнебақылау құрылғы­ларын орнату бойынша қабыл­данып жатқан шаралар туралы баяндалды. Министр еңбекақыны кө­бей­туге және әлеуметтік жағдайды жақ­­сартуға қатысты мемлекеттік қол­­дау шаралары үшін Прези­дент­ке қызметкерлердің алғысын жеткізді. Кездесу қорытындысы бо­йынша Мемлекет басшысы елі­міздегі құқықтық тәртіп деңгейін одан әрі арттыруға, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұрудың тиім­­ділігін қамтамасыз етуге бағыт­талған бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет көр­сету ісін цифр­ландыру жұмыста­рын жалғас­тыру маңызды деп санайтынын айтты.