Биыл Алматы қаласында Сайран, Аэропорт көлі және Алматыдағы Қарасу тоғанының түбі тазартылады. 2020 жылдың желтоқсанынан бастап шаһарда үш су айдынының түбін тазалау үшін ЖСҚ әзірленген.
Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы 2020 жылғы желтоқсаннан бастап Сайран су қоймасы, Аэропорт көлі және Қарасу шағынауданындағы тоғанды механикалық тазалауға ЖСҚ әзірлеп жатыр. Бұл жоба маусым айына дейін сараптамадан өтеді. Сараптама нәтижесіне сай қаржы бөлінгеннен соң су айдындарын тазалау жұмысы басталады. Техникалық ерекшелікке сай жобаның бірнеше міндеті бар. Атап айтқанда, су түбін тұнба мен шөгінділерден тазартады. Жобада жергілікті жағдайға және мамандандырылған техниканың болуына байланысты тазартудың неғұрлым қолайлы тәсілі анықталады. Оның ішінде жағалау сызығын қоқыстан тазарту бар. Зерттеу нәтижесі бойынша тұнба көп жиналған аймақтарды анықтап, тереңдетіп қазады. Эрозияға және шайылуға ұшыраған жекелеген учаскелерді бекітеді. Сондай-ақ су объектілерінің экологиялық жай-күйін қалпына келтіру, қорғау шаралары іске асады. Су басу және судың тіршілік әрекетін бұзу қаупі мен салдарын азайту шаралары қолға алынады. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жоба, сонымен қатар су қоймаларының гидравликалық сипаттамасын, ұзақ уақыт бойы алынған оң өзгерістерді сақтауды қарастырады. Әрі Аэропорт көлінің су қорғау белдеуін қалпына келтіріп, абаттандыру жұмысы жүргізіледі.А.АЙДАРҚЫЗЫ