Нұрлан Құралов: Ірі сауда желілері импорттық тауарларға құмар
Нұрлан Құралов: Ірі сауда желілері импорттық тауарларға құмар
310
оқылды

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек екенін айтқаны бар. Бірақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, сапалы тауар өндіргендердің де айы оңынан туып тұрған жоқ. Өнімдерін ел ішіндегі сауда желілеріне өткізе алмай, сансыз кедергілерге кездесіп жүргендер аз емес. Айталық, кәдімгі алмадан шырын даярлап, оны нарыққа шығарған кәсіпкерлер бар. Бірақ ірі сауда желілері олардың өнімдерін тым қымбатқа сатады немесе түрлі сылтаулар арқылы дүкен сөрелерінен ығыс­тырады. Біз осы мәселе жайлы және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне кездесетін өзге де кедергілер туралы Түркістан облысы «Амангелді» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Құраловпен сұхбаттастық.

– Нұрлан Амангелдіұлы, сіз ұзақ жылдан бері бау өсірумен ай­налысасыз. Әрі өңделген өнім де шы­ғарасыздар. Жағдайларыңыз қалай? – Біз қазір 500 гектар жерге бау егеміз. Оның 150 гектары жүзімдік болса, қалған 350 гектарына алма, шабдалы,  қара өрік, шие, алмұрт, айва тәрізді біздің аймақта өсетін жеміс ағаштары егілген. Біраз жылдар бұрын мемлекеттен алған субсидиялардың арқасында кәсі­біміз­ді аяққа тұрғыздық. Қазір ба­уымызды соңғы технологияларды қолдана отырып, күтіп-баптап отыр­мыз. Тамшылатып суару, қар­қынды бау әдістерін қолданамыз. Соңғысы дәстүрлі баудан бөлек әдіс. Яғни, әр гектарына 2-3 мың данаға дейін көшет отырғызамыз. Жалпы, жағдай жаман емес. Тек өнімді өткізу мәселесінде бірқатар кедергі бар. – Қандай кедергі? – Өнімдерімізді ірі сауда желі­лері арқылы сату қиын болып тұр. Мәселен, алманы алайық. Қазақ­стан алманың отаны саналатын ел болғанымен, жылына 200-300 мың тоннадай алманы шетелдерден импорттайды. Шырындар да солай. Оның үстіне, біздің нарықтағы же­міс шырындарының басым көп­шілігі қант пен бояуыштар қосыл­ған су ғана. Ал біз Қазығұртта алма жинап қана қоймай, одан табиғи шырын жасаймыз. 100 пайыз табиғи өнім. Алайда сол шырындар тұтынушыға жеткенге дейін екі есе қымбаттап кетеді. Айталық, біздің кәсіпорыннан 3 литрлік құтыдағы шырын 1 000 теңгемен шықса, ел­орда­дағы Magnum, Small дүкен­дерін­де олар 2 100 теңгеден са­тылады. Яғни, өнім қымбат сатыла­ды. Бұл өз кезегінде тұтынушы­лардың қалтасына салмақ салып қана қоймайды, одан бөлек тауар­дың өтуіне де кері әсерін тигізеді. Мұндай мәселе тек біздің өнімдерге ғана қатысты емес. Кез келген  шаруа­ның алдынан кесе көлденең шығатын дүние. Сондықтан шаруа­лар өңделген өнім шығаруға құлық­ты емес. Дайын астық, бау-бақша өнімдерін сатудан әріге бармайды. Тасымалдау шығындарының мол болуы, өнімді өткізетін жерлердің аздығы шаруалардың құлшынысын төмендетіп жібереді. Естеріңізде болса, былтыр Түркістан об­лысында 40 мың тонна қырыққабат шіріп кетті. Егер өнім қабылдайтын сауда желілері отандық тауар өндірушілерге оң қабақ танытқанда ондай шығын болмас еді. Ал еліміз­дегі ірі сауда желілері шаруалардың  өнімдерін қабылдауға ықылас таныта қоймайды. Әйтпесе, біз өн­дірген шырынға 110 пайыз үстеме қосылмас еді. Өзіңіз ойлаңызшы, зауыттан 1 000 теңгеге шығады да, дүкен сөресінде 2 100 теңгемен тұрады. Егер ірі сауда желілері 20 пайыз, тіпті 40 пайыз үстеме қосқанның өзінде ұтылмас еді. Арадағы делдалдар мен сауда желі­лерінің кесірінен баға осылай ас­пан­дап кетеді. Ал бұдан тұтыну­шы зардап шегеді. – Сонда еліміздегі ірі сауда желі­лері отандық тауар өндірушілерді қол­дауға ынталы емес пе? – Негізі, ірі сауда желілерін де бір­жақты айыптауға болмайтын шы­ғар. Олар да пайда тапқысы келеді. Дегенмен мемлекет олар­дың сөрелерінде әлеуметтік маңыз­ды азық-түлік тауарларының тұруы үшін ретробонус алуға тыйым сал­ған еді. Ретробонус дегенді қысқа­ша түсіндірер болсақ, дүкенде не­ме­се сауда желілерінде тауарыңыз сатылып кетсе, сол тауардың бел­гілі бір құнын әлгі желіге төлеуді осылай атайды. Әдетте тауар өн­дірушілер сауда желісіне кіру үшін ретробонус төлейді. Елімізде әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінен бөлек тауарларға, атап айтқанда, жеміс-жидек, шырын, сусын тәрізді өнімдерге ретробонус көлемі 5 пайыздан аспауы керек деп белгіленген. Алайда  ірі сауда желілерін бақылап отырған ешкім жоқ. Шаруалардан ретробонус үшін  миллиондаған теңге талап ету, келісімшарт бойынша жауап­кершіліктің барлығын шаруаларға артып қою тәрізді тәсілдер біздің ірі сауда желілеріне кіруімізге кедергі келтіріп тұр. Кейбір ке­лісім­шарттарда шаруаларға тиімсіз баптар болады. Мәселен, «та­уарыңыз көрсетілген көлемнен 1 келіге аз болса, айып ретінде бәлен келі өнім әкелесің», «тауардың ішінен бірнеше келі шіріген өнім шықса, барлық тауар қоқысқа тасталады» деген тәрізді шарттар бар. Одан бөлек, тауар жеткізуші­лердің бірі сөрелер үшін төлеуі мүм­кін, тағы біреуі тауарды ор­наластырғанына, енді бірі кон­сигнацияға төлейді. Сондықтан шаруалар ірі сауда желілерінің талаптарына төзбейді. Бұл талап­тарға шыдағанның өзінде сөз басында айтқанымдай, ірі сауда желілері біздің өнімдердің бағасын тым жоғары етіп белгілейді де, ақыр аяғында ұтылатын тауар өндіруші болады. Қоғамда отандық тауар өндірушілердің өнімі қымбат дейтін көзқарас қалыптасады. Ал іс жүзінде біздің шаруалар өндіретін өнімдер тым қымбат емес. Өйткені біз табиғи әрі пайдалы өнім өн­діреміз. Сөз басында сауда алаңдары жай­лы айттық, біздің елімізде сауда орындарының 30 пайызы отандық өнімдермен толтырылуы керек деген талап бар. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ. Оны тек­серіп жүргендерді де кездестірмедім. Бірер жыл бұрын отандық өнім­дерді тұтынуды сәнге айналдырмақ болған науқан жасалған. Кейін жым-жырт болды. Талап бойынша супермаркеттерде  «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар сөрелер тұруы керек. Қазір олар жоқ. Мұны түзету мәселесін Сауда және интег­рация министрлігіне айтсақ, «бізде дүкендерді тексеру құзыреті жоқ, әкімшілік шешеді» дейді, әкім­діктегілер «ойбай, кәсіпкер­лерді орынсыз тексере алмаймыз, оларға қысым жасағанмен бірдей» дейді. – Демек, тауарлардың тиімді бағамен дүкен сөрелеріне жетуіне әкімдіктер қолдай алмай отыр, солай ма? Айталық, жыл сайын әр облыс астанамызға ауыл шаруашылығы тауарларын әкеліп, жәрмеңке өткізіп жатады. Сондай шараларды тұрақты етуге болмас па? – Жәрмеңке қалай өтетінін білеміз ғой. Ол көзбояушылық қана. Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­сында жәрмеңке өтсе, «Шарын» базарынан алып келеді де, жәр­меңкеде сатады. Меніңше мұндай бір күндік жәрмеңке емес, шаруа­лар өз тауарларын әкеліп сататын жағдай жасауы керек. Айталық, елордада «Шапағат» коммуналдық базары бар. Ішіне кіріп көріңіз. Не сатылып жатқанын, кім сатып тұрғанын бақылаңыз. Онда бір де бір шаруа жоқ. Бәрі – алыпсатарлар. Сол базарда қазір азық-түліктен бастап, ішкиімге дейін сатылатын болған. Меніңше, ондай  болмауы керек еді. Базар коммуналдық де­ген атауға ие ме, ендеше онда шаруа­лар  өз өнімдерін сатуы ке­рек. Оның бір бұрышын Түркістан облысына, тағы бір бөлігін Шығыс Қазақстан облысына, енді бір бұрышын басқа облысқа берсін, сөйтіп әр өңірдің өнімдері са­тылатын, шаруалар ешқандай дел­далсыз қызмет ететін орынға ай­налуы керек. Сонда ғана бұқара өз шаруаларымыз өндіріп жатқан  өнімді танып, лайықты бағасына таза азық-түлік алар еді. Әрі баға­ның да өсуін болдырмас еді. Қазір сол «Шапағат» коммуналдық база­ры бастапқы идеясынан әлдеқашан ауытқып кеткен. Әу баста ол ша­руа­лар өз өнімдерін тікелей әкеліп, өздері сататын базар болуы тиіс деп ашылған еді. Қазір олай емес. – Не істеу керек? Министрліктер мен әкімдіктер араласуы қажет пе? – Отандық шаруалардың өні­мін өткізу мәселесін біржақты қа­рас­тыруға болмайды. Бұл мәселеге қатысты қазір қалыптасқан жағдай И.Крыловтың мысалындағы аққу, шортан һәм шаянның тірлігіне ұқ­сайды. Әркім өзінікін жөн санайды. Егер тауар өндіруші, сауда желілері, мемлекет үшеуі бұл мәселені ше­шудің оңтайлы жолын тапса дүкен сөрелерінде біздің шаруалар өн­дірген азық-түлік аз болмас еді. Әзірге супер және гипермаркеттерде шетелдік өнімдер толып тұр. Өйткені импорттық өнімдерді сату тиімді болып тұр. Біздің әңгімеге арқау болған алманы алайық. Супермаркеттерде ірі-ірі, жып-жылтыр болған алмалар тұрады. Олардың құнары біздің алмалардан төмен болуы мүмкін, бірақ сыртқы көрінісі, тауар ретіндегі бейнесі әдемі. Шырындар да солай. Біздің өнімдерден арзан, қаптамалары да жарқ-жұрқ етіп тұрады. Алайда  мұндай өнімдердің барлығы «ша­ғын химия лабораториясына» ай­налып кеткен. Шырындар қант пен концентраттардың қоспасы ғана. Бірақ олар отандық ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілеріне нарықта өте күшті қысым жасайды. Ал Президент Қ.Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімділігін 2030 жылға қарай 4,5 есеге арттыру мүмкіндігі бола­тынын айтқан. Бірақ әркім өз бе­тінше әрекет етіп жатқан қазіргідей үрдіспен оған жету қиын сияқты. Өзара үйлесім жоқ. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің өз жос­пары, Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің өз бағыты, жергілікті әкімдердің өз уәжі бар. Әркім өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығарып,  жүйелі сауда ұйымдас­тыру үшін салаға қатысы бар құ­рылымдардың тізе қоса әрекет еткені керек. – Сонда «Алқаптан сөреге дейін» деп аталатын жоба да өзін ақтамай тұрғаны ма? – Олай демес едім. «Алқаптан сөреге дейін» жобасы шаруалар үшін өте тиімді бастама болды. Бірқатар аймақтарда пилоттық ре­жимде жүзеге асырылған жоба биыл толық бағдарламаға ай­на­латын шығар. Шаруаларға жылдық 0,01 пайызбен несие беруді көз­дейтін жоба өзін ақтай бастады. Алай­да оны жүзеге асырудың механизміне көңілім толмады. Мәселен, былтыр жоба бойынша қаржы шаруаларға қарашада берілді. Ал қараша дегеніңіз – барлық жиын-терім жұмыс­тарының аяқталар кезі. Шаруаға ақша қаңтар-ақпан айларында берілуі керек. Түстікте ерте көк­темде егіс жұмыстары басталады. Біреулер картоп, сәбіз, пияз тәрізді бақша өнімдерін егуге даярланса, бау өсіретіндер ағаштарды күтіп-баптап, тыңайтқыш беріп, көктемге әзірлейді. Сондықтан бағдарлама қаржысы шаруаның қолына қажет кезінде түсуін пысықтаған абзал. Әйтпесе, қаңтарда сұраған ақ­шаңызды қарашада берсе, тұтас бір маусым текке кетеді деген сөз. Одан соң шаруадан өнімнің баға­сын арзандатуды сұраудың өзі абсурд болар еді. – Шаруалар өнімдерін өткізе алмай жатса, ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін маман­дарды да ұстап тұру қиын шығар. Бұған не дейсіз? – Негізі, ауыл шаруа­шылы­ғының кейбір салалары маусымдық жұмысқа негізделген. Айталық, бау-бақша, егін тәрізді салаларда мамандар жыл бойы жұмыс істей бермейді. Қыста бірқатар маман бос болады. Сондықтан үйде бос жатпас үшін мамандар қалаларға кетеді де, көп жағдайда кері орал­майды. Саладағы маман тап­шылығын туғызатын фактор – осы. Дегенмен мамандарды ұстап тұру үшін әркім әртүрлі амалдар қарас­тыратынын да мойындау керек. Біз мамандарымызға жыл бойы жала­қы төлеу үшін олар қыста да ай­налысатын жұмыс тауып беруге тиіс едік. Сөйтіп, көшет өсіретін тәлімбақ аштық. Қазір маман­дарымыз сонда еңбек етіп жатыр. Жылына 1 млн данадан астам кө­шет сатамыз. Сөйтіп, еңбеккер­леріміздің табысын молайту үшін әрекет етіп жатырмыз. Әрине, та­уар­ларымыз жылдам өтіп, кедер­гілер жойылар болса, мамандарға да лайықты жалақы төлейтін едік. Айталық, біздің еңбеккерлер таң­нан кешке дейін аптап ыстықта да, қақаған аязда да еңбек етіп, күніне 4-5 мың теңге табатын болса, ірі қалаларда мұндай соманы жарты сағатта, бір сағатта табатын кәсіп иелері бар. Мәселен, елордада бір шаштаразға кірдім, бір рет шаш қысқартуға 6 мың теңге сұрады. Бер­дік. Ал бұл дегеніңіз – кәсіп­керлік емес, қызмет көрсету ғана. Екіншіден, қала тұрғындарына арналған түрлі  бағдарламалар бар. Мысал ретінде айтар болсақ, тұрғын үйге қатысты бағдар­лама­лардың барлығы қала ыңғайына қарай жасалған. «7-20-25», «Бақыт­ты отбасы» тәрізді жобаларға қатысатын банктер ешқашан ауыл­ды жерлерде қызмет көрсеткісі кел­мейді. Бұл өз кезегінде урбани­зацияның жеделдеп, мамандардың қалаға ағылуына себеп болады. Сондықтан ауылды жерлерде ма­мандардың тұрақтап қалуына қа­тысты мәселені жан-жақты қарас­тыру керек. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрткен жараспас. Маған жеткен кейбір мәліметтерге сенсек, Индустрия және инфра­құрылым­дық даму министрлігі ауылды жер­лерде баспана алу үшін субсидия қарастыратын бағдарлама әзірлеп жатыр деседі. Егер ондай бағдар­лама даярланса, ауылға мамандар бет бұрар еді. Қазір ауыл шаруа­шылығында мамандар өте тапшы. Әсіресе, орта буын мамандары аз. Бізге механизатор, дәнекерлеуші, гидротехник, тоңазытқыш опе­раторлары, агроном, бухгалтер, эко­номист тәрізді мамандар керек. – Субсидия демекші, логистикаға да сондай көмек керек шығар. Қалай ойлайсыз? – Қазір көлік-логистикаға бай­ланысты субсидия экспортқа өнім шығарсаңыз ғана беріледі. Ел ішіндегі тасымалға ондай субсидия жоқ. Мысалы, мен Шымкенттен Атырауға өнім апарсам, жол шы­ғын­дарын өзім көтеремін. Демек, өнімдерді еліміздің бір аймағынан екіншісіне жеткізу қымбатқа түседі. Сондықтан көптеген сау­дагерлер өнімді Қытайдан, Ресей­ден, тіпті Еуропадан алып келеді. Кейде шетелден әкелінетін өнімнің шығыны аз болады. Осы тұста кәсіпкерлік ұғымына жаңа көзқарас керек сияқты. Сауда орындары және қызмет көрсету деп жеке қарастырған дұрыс. Меніңше, олар кәсіпкерлік емес. Менің түсінігімде кәсіпкер деген бірдеңе өндіретін, өнім шығарушы болуы тиіс. Әкімдіктерге барсаңыз, мың­даған кәсіпкерлік нысаны ашыл­ғанын айтып, жоғарыға есеп беріп жатады. Ал олардың басым бөлігі – кәдімгі сауда-саттық. Біреу дөнер са­тады, біреу дүкен ашады деген­дей. Нақты тауар өндіріп жатқан­дары сирек. Көрші қырғыздар да, өзбектер де бірдеңе өндіріп, бізге сатып жатыр. Базарлардағы құрақ көрпеден бастап, тойбастарларға дейін сол көршілердің  өнімі. Ресейді айтпай-ақ қоялық. Қытай тіптен бөлек әңгіме. Қысқасы, бәрі өндіріп жатыр, біз өз-өзімізді ал­дап, сауда-саттықпен ғана жүрміз. Бір мысал келтірейін. 300 мың тұрғыны бар Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ екен. Келес ауданында да солай. Мақтаарал ауданында да жоқ. Бұдан кейін кәсіпкерлік туралы бірдеңе айтудың өзі артық па деймін. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН