Мүмкіндігі шектеулі. Құқығы ше?
Мүмкіндігі шектеулі. Құқығы ше?
507
оқылды

Жақында Шымкент тұрғыны Әлия Мамутова мүгедек қызы қалалық интернатта зорланғанын және интернат дәрігерлері өзіне хабарламай спираль салып тастағанын айтып ашынды. Полиция тергеуді ұзаққа созып жібергендіктен, әйел бейнеүндеу жариялаған. Осының өзі еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы да шектеулі екенін анық аңғартады.

Конституция  бойынша әрбір азамат тең құқылы. Заң мен адамгершілік қағи­дат­тары шең­берінде ешкім қо­ғамнан шетте­тілмеуі тиіс. Осы орайда, мүмкіндігі шек­теулі жандарға да барлық жағ­­дай жасалуы керек. Мү­гедектер мемле­кетке масыл болмай, басқа­лармен бірдей жұмыс істеп, ел дамуына өзін­ше үлес қосқаны аб­зал. Бірақ кемтарлығына бай­ланысты ғаріп­тердің қайна­ған өмірден сырт қалып жата­тынын жасыра алмаймыз. 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Кон­венциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көп міндеттемені мой­нына алды. Құжатта «Кон­вен­цияның мақсаты – мүгедектерге адам құқықтары мен негізгі бос­тан­дықтарын толық пайда­лануға жағдай жасау, оларды қолдау, қор­ғау және ар-ожданын құр­­меттеуді қамтамасыз ету» деп жа­зылған. Алайда қоғам белсенділері одан бергі бес жылда кемтар жандардың жалпы ахуалы онша өзгере қой­маған деп санайды. Кон­венцияны ратификациялауға дейін болған кедергілер әлі кездеседі екен. Дис­криминация, қоғамдық орта­ның қолжетімсіздігі, көпе-көрінеу құқық бұзу мәселелері сол күйі өзекті. «Интернатта мүгедек қы­зым зорланды» деп арызданған шым­кенттік әйелдің жанайқайы да мұны қуаттай түседі. Желтоқсан айында сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз мекемесінің мүгедек жандар мәселесін қалай шешіп жатқанын баяндап, 2025 жылға дейін 64 шарадан тұратын ұлттық жоспар жүзеге асып жат­қанын мәлімдеген. Экс-министр Біржан Нұрымбетов мүгедектерге көмек­тесуді Үкіметтің маңызды міндеті деп сипаттап, оларға бе­рілетін әлеуметтік төлемдер 12 пайыз арт­қанын, бір жыл ішінде 13 мың адам жұмысқа орналас­қанын хабар­лады. Министрліктің бол­жамына сенсек, 2025 жылға қарай Қазақ­станда мүгедек жан­дарды оңалту орталықтарымен қамту 100 пайыз­ға жетеді (қазір ол 47 пайыз), ең­бекпен қамту 7 пайыз өседі, ал 2021 жылы бүкіл өңірде мемле­кеттік тапсырыс негізінде әлеу­меттік қол­дау және жұмыспен қам­ту орта­лықтары ашылмақ. Кейбір сарапшылар елімізде Конвенцияны орындау бағытында біз білмейтін бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтады. Рати­фикация жасалғалы ондаған заң мен заң актілері өзгерген. Бюро­кра­тиялық кедергілер біршама азайып, жекелеген оңалту бағдар­ламасына қажет тауарлар мен қызметтерді алу процесін тезде­тетін әлеуметтік қыз­меттер порта­лы, жарымжан жан­дарға арналған ма­мандықтар атласы әзірленген. Үкімет жа­нын­дағы мүгедектердің өмір сап­асын жақ­сарту жөніндегі үйлестіру кеңесі реформадан өткен.

Көз жанары мәңгіге сөнген жандар үшін депозит ашу да арман. Өйт­кені олар құжатқа қол қоя алмайды. Жалпы, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың қаржылық инклюзиясы – шешімін таппаған маңызды мәселе. Әлеу­меттік сауал­нама қоры­тындысы осылай дейді. Көзі көрмейтіндер қол қоюдың орнына «штамп кли­­ше» қолданады. Ал банктер оны қабылдамайды.

Ресми дерекке жүгінсек, қазір Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедек бар. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда 4 пайыз көбейген. Оның 94 мыңы – балалар, 181 мыңы – зейнеткерлер. Кемтар азаматтардың 23 пайызы, немесе еңбекке қабілетті 430 мың адамның 100 мыңы ғана жұмыспен қам­тылған. Иә, мүгедек жандар елдегі ең осал әрі ең кедей топ екенін мойындауға мәжбүрміз. Көбінің жоғары білімі жоқ, сондықтан олар бәсекелі ортадан жұмыс таба ал­майды. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтың кемсітушілікке ұшырағанын дәлелдеу де қиын. Өйткені ондай дискриминацияның қандай болатыны заңда анық жазыл­маған. Қайбір жылы Мәжіліс де­пу­таты Ирина Смирнова Білім және ғылым министрінің атына де­путаттық сауал жолдап, Үкімет пен қоғам назарын құлағы есті­мейтін мүге­дектердің мәсе­лесіне аударған. Халық қалау­лысының сөзінше, Қазақстанда бірде-бір ЖОО-да, сондай-ақ колледждердің көбінде ым тілін білетін аудармашы ма­мандар жоқ екен. «Менің ойымша, толыққанды инклюзияға қол жеткізу үшін заң жүзінде ым тіліне мемле­кет­тік тіл мәртебесін беру керек, қа­зір ол тұлғааралық қарым-қа­тынас мәр­тебесіне ие. Исландия мен Жаңа Зеландияда ым тіліне мем­лекеттік мәртебе берілсе, Пор­ту­галияда ресми тіл, Жапо­нияда жапон тіліне теңестірілген», – дейді депутат. Елімізде мүгедектердің ма­гистратурада оқуы мүлдем мүмкін емес. Себебі магистратураға тү­серде тапсыратын шет тілі емти­ханында «тыңдалым» деген сынақ бар. Мы­салы, қазақ, орыс тіл­дерінің ым кеңістігінде аса бір айырмашылық жоқ болса, ағыл­шынның ым тілі ерекше. Сон­дықтан құлағы есті­мейтін аза­маттар ағылшын тілінен емтихан тапсыру үшін осы ым ті­лінің қыр-сырын үйренуге міндетті. І және ІІ топтағы мүгедектерге көбіне банктер несие бермейді. Көз жанары мәңгіге сөнген жандар үшін депозит ашу да арман. Өйт­кені олар құжатқа қол қоя алмайды. Жалпы, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың қаржылық инклю­зиясы – шешімін таппаған маңызды мәселе. Әлеу­меттік сауал­нама қоры­тындысы осылай дейді. Көзі көр­мейтіндер қол қоюдың орнына «штамп кли­­ше» қолданады. Ал банк­тер оны қабылдамайды. Қар­жылық инклю­зия проблемасы тек банк сек­то­­рымен бітпейді. Туристік агенттік­­тер де жарымжан адамды сақ­тан­дырмайды. Әрине, мүгедектердің құқығы дегенде бірден олардың мате­риал­дық жағдайы ойға оралады. Мем­лекет мүгедектерге көмек­тес­кенде көп жағдайда жәрдемақы беру мен зейнетақы тағайындаумен ғана шектелетіні рас. Баспанамен қамту жолдары нақты шешілмеген. Мүге­дектерді жергілікті әкімшілік есепке қойғанымен, бұл норма кемтарлар үшін кепілдік емес. Мүгедектер өзін қоғамның то­лыққанды мүшесі ретінде сезінсін десек, көшеде жүретін, ғимаратқа кіретін пандус жасадық, арнайы көлік тұрағын дайындадық деп арқаны кеңге салмай, олардың кә­сіппен айналысуына, оқуына, спорт­пен шұғылдануына, ем­ханада емделуіне барынша жәр­демдескен абзал. Ең алдымен, ға­ріптерге де­ген қоғамның көзқа­расын өз­герту керек.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ