Су қоймасын салу: салдары мен зардабы
Су қоймасын салу: салдары мен зардабы
833
оқылды

Мемлекет басшысы 2020 жыл­дың қыркүйек айындағы Жолдауында суармалы жер­лердің кө­лемін 3 млн гектарға дейін жеткізуді тапсырған бола­тын. Ал ол үшін жаңа су қой­маларын салу керек. Жа­қында осы мәселеге қа­тысты Экология, гео­ло­гия және табиғи ре­сурс­тар министрі Мағзұм Мыр­за­ғалиев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заман­ғы сын-қатерлер мен ола­рды шешу перспек­тива­­лары» тақырыбындағы Се­нат­тағы үкіметтік сағатта мәлім­де­ме жасады. Ми­нистрдің сө­зінше, елі­міздің тоғыз өңі­рінде 39 жаңа су қой­масын салу жос­парланып отыр.

Су қоймалары Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында са­лынбақ, олардың көлемі жылына 3,6 млрд текше метр болады деп жос­парланған. Ол үшін 115 млрд теңге қа­жет екені айтылды. Жалпы, қазір ел аумағында 309 су қоймасы бар, оның 83-і мемлекеттікі, 191-і ком­муналдық, 35-і жекеменшікте екен. 31 су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Су қоймасын салудағы мақсат – көктем сайын су тасқынынан зәрезап болатын 70 шақты елді мекендегі қауіпті сейілту. Оған қоса су қоймалары 394 мың гектар суармалы жерді айна­лымға енгізуге, сол арқылы ауыл шаруа­шылығында 129 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға жол ашыл­мақ. Қазірде өзекті мәселе транс­шекаралық өзендердің су көле­міне тәуелділік осы арқылы шешілетін көрінеді. Жоспардағы су қоймаларын салсақ, Қырғыз елінен 30 пайыз, Өзбекстаннан 25 пайыз, Ресейден 15 пайыз тәуелділіктен құтылмақпыз. Қош делік, жалпы су қоймалары Аустралиядан басқа бүкіл дүниежүзінде бар. Бірақ соңғы уақытта АҚШ су қоймаларын керісінше бұзып жатқан көрінеді. Себебі 2017 жылы Калифор­нияның 200 мыңға жуық тұрғыны Оровилл қаласындағы Америкадағы ең биік бөгеттің бұзылу қаупіне бай­ланысты жаппай эвакуацияланған болатын. Осы сияқты апаттық жағдай­дағы су қоймаларының қауіп төндіруі жиілеп кеткен екен. Алыстан арба­ламай-ақ, былтырғы Сардоба су қой­масында болған оқыс жағдайды да мысалға келтіруге болады. Яғни, су қоймаларының жоғарыда айтып өткен пайдасымен қоса, қауіпті тұстары да бар. Осы ретте «су қоймаларының құры­лысы қаншалықты сапалы бола­ды, оны тікелей бақылауға алатын құзырлы органдар бола ма?» деген сұрақ туындайтыны анық. Тасқыннан қашып, тасқынға тап болмасымызға кепілдік бар ма?

Экожүйені бұзып алмаймыз ба?

Су қоймаларының пайдасы же­терлік. Суды тоқтатуға, жинақтауға, сол арқылы егін егу секілді түрлі мақ­сатта жаратуға болады. Дегенмен ма­мандар мұның зиянды жағын да айт­пай кетуге болмасын ескертеді. Басты мәселе – су қоймалары көбейген сайын табиғаттағы тепе-теңдік бұзыла береді. Осы уақытқа дейін қоймалар­дың кері әсерін айтып келген техника ғылымының докторы, профессор Мә­лік Бөрлібаев түптеп келгенде Арал теңізіндегі табиғи апатқа теңіз бассей­нінде салынған су қоймаларының кас­кады себепкер болғанын жеткізді. Сол сияқты Балқаш көлінің мәселесіне Қапшағай су қоймасы мен Қытай аумағында Іле өзенінің бассейнінде салынған 7 ірі су қоймасының кесірі тиіп отыр. Негізі, өзен-көлдерге қа­тысты проблемалардың ушығуына көрші елдердің су қоймалары арқылы суды бөгеп отырғаны талай айтылды. Қарапайым тілмен баяндасақ, мәселе мынада – су қоймалары табиғи про­цестерді тежеген соң балықтар уыл­дырық шашуын азайтып, биоло­гия­лық өнімділік бәсеңдейді. Жағалаудың жойылуы, құм көшкіні пайда болып, жердің тұздануына да тікелей су қой­маларының көбеюі себепкер. Осы баяндаған табиғи апаттың бәрі қазір Аралда кездеседі. Жарты ғасыр бұрын адамзатқа су қоймалары бас ауыртар дүние болмады. Тасқынмен күресудің және өзен ағы­нын біркелкі етіп отырудың жалғыз әдісі де сол болған. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа сарында өрбіп жатыр. Мәселен, АҚШ соңғы жылдары су қоймаларын жойып жатыр. – Су қоймаларын сала беру адам­дардың табиғи процеске ара­ласуын көрсетеді. Жанама әсерлерін айттық. Су қоймасындағы темпера­тураның тік стратификациясына барлық өзен-көлдердің экожүйесі жаңылысып кетеді. Көктемдегі су тасқыны жылдық ағынның 80 пайы­зын құрайды. Ол ағын экожүйелерді сақтап отырады. Біз оны су қоймалары арқылы те­жейміз. Енді өзен-көлдердің тар­тылуына әсер еттік. Сосын келіп кей аймақтарда табиғи үрдіс бұзылып, су тапшылығы пайда болды. Түбегейлі жою керек демеспіз, су қоймалары кө­бейсе, көрші елдерге тәуелді су тапшылығын жоярмыз. Дегенмен өзен-көлдердің экожүйесін толық бұзамыз. Оның үстіне, біздегі әдіс-тәсілдердің Кеңес кезеңінен аса бір ерекшелігі жоқ, ескірген. Кеңес за­манында табиғатты қорғау заңдарына қайшы, судың ағынын қатты тежеу болды. Сосын халықты бұрын су басқан жерлерге орналастыра берді. Экожүйе бұзылды. Ата-бабаларымыз ертеде бұрын су басқан аймақтарға шықпаған. Себебі оны түбі су қайта шайып өтерін білген. Сондықтан гид­рология саласындағы адамдар та­биғаттың өз заңы бар екенін ұмытпаған жөн, – дейді Мәлік Бөрлібаев. Сонымен, бұл тұста пайда мен зиянның нышанын аңғардық. Су қоймаларын салуды жаңылыс басқан қадамға балайтын ниет жоқ. Осы күні Қытай, Ресей мен Өзбекстан елі суды бөгеп, нәтижесінде елімізде су тап­шылығы болып жатады. Көптеп са­лынған қоймалар соның салдарын жояр. Әйткенмен, жаһанды табиғи процестер реттеп отырары тағы шын­дық. Сондықтан су ресурстары сала­сында тепе-теңдікті ұстар жаңа техно­логия, әдіс-тәсіл қолданылғаны абзал сынды.

Мадияр ТӨЛЕУ