Shymkent Bus жүргізушілері неге наразы?
Shymkent Bus жүргізушілері неге наразы?
261
оқылды

Шымкентте қоғамдық көлікке қа­тыс­ты дау шығып тұру әдетке айнал­ған. Оған үшінші мегаполис тұрғын­дары­ның орналасу аумағының жыл­дан-жылға кеңейіп жатқаны әсер етсе керек. Одан бөлек, шеткі аймақтарға қо­ғамдық көліктің қатынамауы, кей­бірінің тозығы жетуі де тұрғындар на­ра­зылығына негіз болады. Соны­мен қатар бағыттарды бөліп алған жо­лаушы тасымалдаушы  компания­ларының басшылары, арагідік жүргізушілері де әртүрлі мәселелер бойынша бас көтеріп наразылық біл­діреді, бағыттарға шықпай, жергілікті билікті қорқытып тұрады.

Жаңа әкім, жаңа бастама

Мұндай мәселелер қалаға қандай да бір жаңа басшы келген кездері де жиі кездеседі. Себебі жаңа әкім шаһар билігін қолына ала салысымен ең алдымен қоғамдық көлік пен аялдамаларға тізгін салатыны белгілі болып қалған. Әсіресе, үшінші мегаполиске соңғы 3-4 жылда қайта-қайта жаңа автобустар келіп, ескінің қолданыстан ысырылуы кейбір шағын компаниялардың қитығына да тиіп жүр. Осыдан тура бір жыл бұрын Шымкент қаласына әкім болып тағайындалған Мұрат Әйтенов қоғамдық көлікке қатысты түрлі олқылықтардың орнын толтыру үшін жаңа концепция дайындаған. Бұл Шымкент қаласындағы автобус бағыттарында үлкен реформаның бастауы еді. Концепция аясында биыл екінші кезеңмен сыйым­дылығы үлкен, сығымдалған табиғи газбен жүретін 590 жаңа автобусты қаржылық лизингпен отандық өндіруші «Сары­арқаАвтоПром» акционерлік қоғамынан алу көзделген.

Жылдың бірінші наразылығы...

Алайда автобустар қалаға келерден ал­дын әкімдік бұрынғы жолаушы тасы­малдаушы компаниялармен келісімшартты бұзамыз деп қиғылық шығарды. Әкімдердің автобус жаңалатуынан мезі болған жүр­гізушілер жаздыгүні наразылыққа шыққан. Үш жыл бұрын ғана жаңа автобус алып, әкімдікпен бұрынғы әкімнің кезінде  10 жылға келісімшарт жасасқан тасымалдаушы компаниялар жаңа әкім мен оның ай­наласындағылардан қысым көріп жат­қанын, келісімді біржақты бұзбақ екенін айтып, қоғамдық пікір туғызып, елді шу­латқан еді. Үш жыл бұрын ғана алған ав­тобустарының несиесін әлі төлеп бітпегенін, жуырда қалаға келетін табиғи газбен жүре­тін автобустарды сатып алуды міндеттеп жатқанын да жеткізген. Ал жергілікті билік жаңа автобусы барға тиіспейтінін, бірақ  ескімен жүруге тыйым салатынын айтып ақталды. Сөйтіп жолаушылар тасымалдау жүйесін түгелдей өзгертуді көздеген билік жыл соңында 590 көлікті қалаға кіргізіп үлгерді. Бірқатар қоғамдық автобустардың бағыттары да өзгерді. Алайда «Оң­түс­тікавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов бүгінде қалаға келген 590 автобустың сығымдалған табиғи газбен жүретінінен  әзірге бағыттарға шықпай тұр­ғанын, себебі Шымкентте газ стансасының жоғын айтады.  Жергілікті билік бұл мәселенің таяу күндері шешіліп қалатынын жеткізді. Ал жоғарыда айтып өткен ке­лісімшартты біржақты бұзу мәселесі оң ше­шімін тауыпты. Несиесі барға қол­даныстағы автобустарымен жүре беруіне мүмкіндік берген. Айтқандай, концепцияның тағы бір тар­мағы бойынша қоғамдық көлік жүр­гізушілеріне әдеп және біліктілігін арттыру сабақтары өтуі тиіс болатын. Бұл мәселе де өткен жылдың соңғы айларында қолға алынды.  Қоғамдық көлік жүргізушілері 5 күндік оқу курсына қатысып, мамандардан «Жолаушыларды тасымалдау ережесі» және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша білім алуды бастаған. Жүр­гізуші қызметтік тәртіпті сақтап, жолау­шыларға сыпайылық танытуды үйренеді. Сабаққа қатыспаған, сертификатқа ие болмағандар қоғамдық көлікті басқаруға жіберілмейтіні туралы талаптар қойылған.

«Төлем»  салған сергелдең 

Дегенмен осы сәрсенбіде Шымкентте қоғамдық көлікке қатысты тағы бір дау шықты.  Бұл концепцияда қаралған тағы бір мәселеге байланысты. Бұл жолы жүр­гізушілердің наразылығы қараша айынан бастап енгізілген «Төлем» жүйесіне қатысты болуы әбден мүмкін. Электронды төлем жү­йесі енгізілгелі бері жолаушылар тара­пынан жүйе төңірегінде көп сын айтылып, қызмет көрсетушілерге көңілі толмайтындар көп болды. Себебі валидаторлар жиі істен шығады, не болмаса «Төлем» картасы табылмайды. Кондукторлардың «қолма-қол төлей салыңызшы» дейтінін өзіміз де жиі кездестіреміз. Жолаушылардың арасында бар ақшасын «Төлемге» салып қойып, қолма-қол төлем жасауға мүмкіндігі жоқтар да кезігеді. Электронды төлем жасасақ ақшаның, әрине жүргізуші мен кондук­тор­дың емес бақылаушы органның қалтасына түсетіні белгілі ғой.  Сол үшін  автобус жүргізушілерінің қолма-қол ақша төлеміне қызығушылығы басым болатыны бесенеден белгілі. Бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан бұл наразылыққа нүкте қою үшін жуырда әкімдік 1 ақпаннан бастап жол ақысын төлеуге жаңа тәртіп енгізді. Егер қоғамдық көлікте валидатор істен шықса, жолаушы тегін жүруі тиіс. Бұл талап жүр­ гізушілердің көңілінен шықпайтыны тағы белгілі. Себебі көлеңкелі жолмен келе­тін табыстан қағылады. Айтса айтқандай-ақ, ақпанның 3-і күні  осыдан 4 жыл бұрын Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы» АҚ  мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылған Shymkent Bus басқарушы компаниясының қарамағындағы автобус жүргізушілері наразылыққа шығып, бағыттарға шығудан бас тартты. Компания күн сайын 22 бағыт бойынша 250 автобус шығарады. Жалпы, 500-ден астам жүргізуші бар. Олар өздеріне 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, басшылық «Төлем» енгізілгеніне қарамастан күнделікті «план» белгілеп қойыпты. Мұны күн сайын ұлғайтпаса кемітпейді. Қолына 110 мың теңге көлемінде жалақы алатын жүргізуші кондуктордың 70 мың теңге жалақымен жұмыс істейтінін, одан бөлек көлікті жуу сияқты жұмыстарды да қоса атқаратынын айтып ашынды. Ком­пания басшысы Азат Сахатұлы болса жала­қының 155 мың теңгеге дейін өскенін ай­тады. Компания басшылығы жүргізуші­лердің еңбекақысын 200 мың теңгеге, кондуктордың айлығын 100 мың теңгеге көтереміз деп уәде берді. Алайда осыған да шүкіршілік еткендер көліктерін жүргізіп жұмысқа шықса, кейбіреулері 300 мың теңгеге көтермесе жұмысқа шықпаймыз деп жылжымай қойды.  Наразы топпен кездес­кен қала әкімі М.Әйтенов  компания бас­шылығымен сөйлесіп, бұл мәселені реттеуге уәде берді.

Электронды төлем жү­йесі енгізілгелі бері жолаушылар тара­­пынан жүйе төңірегінде көп сын айтылып, қызмет көр­сетушілерге көңілі толмайтындар көп болды. Себебі валидаторлар жиі істен шығады, не болмаса «Төлем» картасы табылмайды. Кондукторлардың «қолма-қол төлей салыңызшы» дейтінін өзіміз де жиі кездестіреміз. Жолау­шылардың арасында бар ақшасын «Төлемге» салып қойып, қолма-қол төлем жасауға мүмкіндігі жоқтар да кезігеді.

«Оңтүстікавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов жүргізушілердің қойып отырған талабын орынды дейді. «Таңертең 5-тен шығып, жұмысына такси­мен келеді, үйіне түнгі 11-де қайтады. Ер­тесіне тағы жұмыс. Кезекпен жұмыс істейтіндер де бар. Өзіңіз ойлаңызшы, 120-130 мың теңге қайда жетеді? Мейлі «Төлем» болса болсын, бірақ қолына  200 мың теңгеден аса  жалақы берсе, жоспарын орындап қойып, жұмысын істеп жүре береді ғой», – дейді.

Мәселеге нүкте қойған түн. Бірақ...

Қала әкімі наразы топтың жанына бар­ғанда кешке жүргізушілер мен компания бас­шылығымен біріге отырып, мәселені шешеміз деп уәде еткен болатын. Кешкі сағат 22.00-де жиналған топтың ішінде қала басшысы М.Әйтенов пен оның салаға жауап­ты орынбасарлары, басқарма, бөлім қызметкерлері, кәсіподақ, еңбек инспек­циясының өкілдері және 50 шақты  автобус жүргізушісі болды. Қала басшысы қа­тысушы­ларға компанияның бюджетін то­лық түсіндіріп, таныстырып беруін сұрады. Жалпы, айына 15 күн жұмыс істейтін жүр­гізушіге сағатына 860 теңге, яғни тәуліктегі  12 сағаты үшін 10 320 теңге төленіп жүр екен. Яғни, егер осы талаптарды толық орындап жүрген жүргізуші 155 мың теңге көлемінде жалақы алып жүр. Бірақ әркімнің жұмысқа шығуы, толық істегені, сонымен қоса жақсы жұмыс істегені үшін алатын сыйақысы есебінен әр жүргізуші ай сайын әрқалай еңбекақы алады екен. Бірі 200, енді бірі 60 мың теңге шамасында жалақы алып жүрген.  171 «А» бағытының бригадирі Асыл­хан Шеңкебаев таңалакеуімнен тұра­тын жүргізушілердің жұмысы оңай емес екенін айтады. «Таңғы 4.50-де біз жұмысқа кетіп бара жатқанда үйде жарық болмайды. Ел шырт ұйқыда жатады. Бізге артық бір тиын да керек емес, «план» қоймасын. Сонда жарыспайтын боламыз. Бар болғаны жалақымызды реттеп берсін, бірқалыпты тыныш жұмысымызды істеп жүре береміз. Тіпті, 512 кондукторды да алмай-ақ қо­йыңыздар. 250 адамды қаладағы әр жерге қойып қойыңыздар. Олар жолаушылардың «Төлеммен» жолақысын берген-бермегенін тексеріп жүрсін деп ұсыныс та айтқанмын. Біз ешнәрсеге араласпайық. Ақша да ұстамайық», – деді ол. Осынау ұсынысты әкім қолдады. Жиында бұдан өзге де бір­қатар жүргізуші шығып сұрақтарын жолдап жатты. Тіпті, жүргізушілер кейде кон­дукторларға беретін ақша болмай қалатын болған соң, өзіне көмектесетін 55 жастағы анасын алып шығатынын да айтып өтті. «Кез келген мәселелеріңіз болса, жұмыс­тарыңыздағы басшылыққа, олар  тыңдамаса, маған келіңіздер. Халық зардап шекпесін», – деді қала басшысы. Сонымен, 1 ақпаннан бастап жүр­гізу­шілердің сағаттық жұмысына 1 110 теңгеден төленетін болды. Айына 200 мың теңге көлемінде еңбекақыны місе тұтады. Егер тәуліктік 12 сағаттан аса жұмыс болса, 1,5 мөлшерлемемен төленеді. Компанияда 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Биыл  қала бюджетінен берілетін субсидия көлемі де ұлғайыпты. Соған қарамастан компания басшылығы басқа да шығындардың артуына байланысты бұдан артық көтеруге мүм­кіндігіміз жоқ деп отыр. P.S.

Айта кетейік, негізінен Shymkent Bus компаниясының жүргізушілері тарапынан жиі наразылық болып тұрады. Осыдан 2 жыл бұрын да жүргізушілер дәл осылай жалақы мәселесімен көшеге шықса, одан кейін жұмыс беруші қысқы дөңгелекті ауыстырып бермей жатыр деп тағы шу шығарған. Әрине, жүргізушілердің барлық жағдайы жасалған болса, бұлай өкпе-ренішін таныта бермес еді. Соған қарағанда, жұмыс беруші тарапынан ашуға ерік беретіндей жағдайлар жиі кездесіп тұрады-ау. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсіл осыған саяды...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы