Павлодар қаласының полициясы баласына алимент төлемеген әйелді анықтады. Ананың бала алдындағы борышы 13 жыл бойы өтелмеген екен.
«13 жылдан бері кәмелетке толмаған баласын асырауға қаражат төлеу жөніндегі сот шешімін орындамады деген күдікпен Павлодар қаласының тұрғыны анықталды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша, 2021 жылдың басынан бері өңірде осындай бес факті тіркелген.
«Біздің елімізде алимент төлемеу мәселесі ұзақ уақыттан бері тек отбасы ішінде емес, сонымен қатар мемлекеттік проблемаға айналды. Сот шешіміне қарамастан, көптеген жауапсыз азаматтардың алимент қарызы жыл сайын өсіп келеді. Ал кейбіреулерінде айтарлықтай сомаға қол жеткізілді», – деп түсіндірді Ж.Қайыров.