Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мамандандырылған күзет бөлімшелері штатын 1 мамырдан бастап үш мың адамға қысқарту жоспарланды. Үкімет қаулысының бұл жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасының 24-тармағын іске асыру шеңберінде (...) 2021 жылы 1 мамырдан бастап мамандандырылған күзет бөлімшелерінде 2 924 штат бірлігі қысқарады», – делінген жобаның салыстырмалы кестесінде.
Бұл мемлекеттік органдарға, оның ішінде Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға ведомстволық бағынышты жекелеген объектілерді (аудандық және оларға теңестірілген соттар мен қалалық прокуратураларды) қорғау функцияларын бәсекелес ортаға бере отырып, мемлекет күзететін объектілер тізімінің қысқаруына байланысты жоспарланған.
Қаулы жобасы 2021 жылдың 22 ақпанына дейін талқыланады.