Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдау кезінде айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың борыштық жүктемесін азайту жөніндегі реттеу шаралары қабылданды. Соның арқасында тұтынушылық кредиттің өсуі азайды. Биыл қарыз алушы жеке тұлғаларды оңалту және кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу тетіктері енгізіледі, қарызын қайтармайтын адамдарға қатысты реттеу қызметінің сотқа дейінгі тәртібі күшейтіледі.
Мәдина Әбілқасымова биылғы 1 қаңтардан бастап барлық микроқаржылық ұйымның, оның ішінде, ломбардтар мен онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін лицензиялау енгізілгені туралы хабарлады. Бұл олардың есеп беруін, ашықтығын және жауапкершілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру, ал банктерге брокерлік қызметтердің толық спектрі бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде халықтың инвестициялық мүмкіндігін арттырады. Сақтандыру және қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында кешенді заң жобасы әзірленді.