«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Байымбетов қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар түрлі мәселені ортаға салып, көмек сұрады.
Жас маман Майгүл Төлепова 2017 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Талсуат ауылына жұмысқа барғанын айтты. Әңгіме арасында бағдарлама бойынша өзіне берілген тұрғын үйде еш жағдай жасалмағанын, үй апатты жағдайда тұрғанын жеткізді. Сөз соңында ол үйді қайта қалпына келтіруді немесе басқа баспанамен қамтамасыз етуді сұрады. Ал Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылынан келген Шыңғысбек Көпбай 2013 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан «Аламан 2020» ЖШС атынан бір топ азамат болып келісімшарт негізінде несие алып, бүгінде барлық құрылтайшылардың несие қарызды өтемеуі салдарынан өзі секілді бірнеше азаматтың (қарызын өтеген азаматтардың) зардап шегіп отырғанын айтты. Ол қарызын өтеген азаматтар борышкерлер құрамынан шығарылса екен деген өтінішін білдірді. Қабылдауға келген өзге тұрғындар Ақкенже Құлтанова ипотекалық тұрғын үй алу жолдарын білгісі келсе, Алиасқар Оразбаев осы айдағы зейнетқасының неге кешігіп жатқанын анықтап беруін талап етті. Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің мазмұнына сәйкес кеңес беріліп, тиісті сала мамандары қолдау көрсететін болды.Әбілмансұр ЖАСАН