Үйінде дәретханада босанып, сәбиін өлтіргені үшін Нұр-Сұлтан қаласының 25 жастағы тұрғыны сотталды. Оқиға 2020 жылдың 22 тамызында болған. Жедел жәрдем бригадасы баланың өліп қалғанын анықтаған.
Полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі «Жас баланы өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғап, 2021 жылдың қаңтар айында істі сотқа жіберген болатын. Сотта қыз өзінің жүкті екенін білмегенін айтып ақталды. Айтуынша, салмағы шамамен 120-130 келі болғандықтан, бойынан өзгеріс байқамаған. Ал жүктілік кезінде етеккірдің келмегенін бүйрек ауруы мен гормондардың бұзылуынан шығар деп ойлаған. «Отырыста өзімді қатты жайсыз сезініп, үйге кетіп қалдым. Ішім ауырып, дәретханаға кіргем, баланы сол кезде көрдім. Басы шығып келе жатқанда шошып кеттім. Бірақ ол дәретханаға құлап кетті. Ағамның әйелінен кіндік кесетін қайшы әкеліп беруін өтіндім. Сосын баланы унитаздан шығарып, оны тегенеге жатқызып, пакетпен жауып қойдым», – деді сотталушы. Оның айтуынша, бала өлі туған, денесі көгеріп кеткен екен. Алайда сараптама баланың ауыз қуысы мен мұрын қуысын жабу арқылы механикалық асфиксиядан қайтыс болғанын анықтады. Сот істі Қылмыстық кодекстің 100-бабына, «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» деп өзгертіп, сотталушының екі жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ