Алматы қаласының тұрғыны Сәуле Жұмабекова «Украина дауысы» музыкалық жобасына қатысып, келесі кезеңге өтті.
Бала кезінен атақты әнші болуды армандаған Сәуле Украина сахнасында Тина Корольдің «Я все ещё люблю» әнін орындады. Жобаның алғашқы кезеңінде шырқаған әні көрерменге де, украин әншісіне де қатты ұнады. Өйткені Тина Король Жұмабековаға осы әнді таңдағанына алғыс айтып, бұл туындының өзі үшін ауыр шығарма екенін айтты. Әншінің сөзінше, бұл әнде оның өміріндегі қиын сәттер бейнеленген. Отандасымызға сәттілік тілеген әнші көзіне жас алып, әнді Сәулемен бірге шырқады. Тина мен Сәуленің дуэтінен көрермендер ерекше мейірленіп, әділқазылар айрықша сүйсінді. Жобадан кейін Жұмабекова сайысқа қатысқанына қуанышты екенін айтып, келесі кезеңде халықтан қолдау күтетінін жеткізді. Айта кетерлігі, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін тәмамдаған ол 4 жылдан бері Диана Шарапованың вокал және музыка мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді.А. ЖОЛДАС