Тоғызыншы амнистияға кім ілінбек?
Тоғызыншы амнистияға кім ілінбек?
407
оқылды

Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын абақтыда отырғандарды азаттыққа шығарумен атап өтпек. Бұл бір «дәстүрге» айналды: бірінші және екінші онжылдықта да солай жасалған. Сондық­тан сарапшылар егемендіктің кезекті белесінде жазадан құтыларына сеніп, қылмыс­кер­лер тайраңдай ма деп қауіптенеді.

Түрмедегілерге қанша шығын шығарады?

Егемендікпен бірге өз тізгіні өз қолына тиген Қазақстан рақым­шылық институтына тым көп жүгінетінді шығарды. Оған негіз де жоқ емес еді. ХХІ ғасыр ба­сында, 2002 жылы World Prison Brief халықаралық ұйымының рейтингінде «түрме тұрғын­да­ры­ның» халықтың жан басына шақ­қандағы үлесі жөнінен Қазақстан АҚШ пен Ресейден кейінгі екінші орында тұрды. Бұған дейінгі өткен 8 рақымшылық акциясы нәти­жесінде 2020 жылы Қазақстан атал­ған рейтингте 100-орынға дейін түсті. Сонымен қатар түрмедегілерді ұстап тұру ел бюджетіне үлкен сал­мақ түсіреді. Жыл сайын пенитен­циарлық саланы қаржыландыруға миллиардтаған теңге жұмсалады және бұл қаржы өзін ешқашан ақтамайды. Мысалы, қазір түрмеде отырғандар саны 24 мың­нан 30 мыңға дейін өсіпті. Тиі­сінше, ел қазынасының шығыны да ар­туда. Ішкі істер министрлігінің мә­лі­метінше, бір сотталғанды ұстап тұруға республикалық бюджеттен 3 мың теңгедей шығын қарасты­рылған. Яғни, жылына түрме­де­гілерге 35 миллиард теңге қар­­­­жы жұмсалады. Бұл жайт қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырады. Мысалы, Қазақстанда 2021 жылы айлық ең төменгі күнкөріс шегі 34 302 теңге болып бекітілді. Ал түр­­медегі бір сотталғанды ұстап тұ­руға айына 90 мыңдай теңге шы­ғын­­д­алады. Қазақстанда 82 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 16-сы – тергеу изоляторы, біреуі – УК-161/12 толық қауіпсіздік түрмесі. Арқалық қаласының маңында ор­наласқан, «Қара бүркіт» ата­ла­тын сол қапаста аса ауыр қылмыс­тары үшін өмір бойына соттал­ғандар қамалған. Рақымшылық оларға таралмайды, алайда олар да одан пайда көрмек.

Амнистиялар нендей нәтиже берді?

Тәуелсіздік мерейтойын кезекті амнис­тиямен атап өту туралы шешім былтырғы 6 қарашада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен ішкі істер орган­дары­ның алқа отырысында қабылданыпты. Осы­ған орай ІІМ «Қа­зақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат бірнеше шарадан тұрады: бірін­шіден, темір тордағылардың бір бөлігі жа­задан толық босап, бостандыққа шығады. Екін­шіден, тағы бір бөлігінің жаза мерзімі ішінара кемітіліп, еркіндікте ауаны құшыр­лана жұта­тын күні жақындай түседі. Үшін­шіден, кейбір қыл­­мыскердің жазасы­ның өтелмеген бөлігі неғұр­­лым жеңіл жазаға ауыс­­тырылады. Төр­­тіншіден, соттар қара­маған істер тоқта­тылады. Яғни, қаншама істер аяғына жеткі­зілмей, жабылады. Бесіншіден, қыл­мысы үшін онсыз да жеңіл жаза алып, проба­ция қызметінің есебіне қойылған қылмыскерлер тіпті көше сыпырмастан, жауап­­кершіліктен құтылып кетеді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 8 рет ам­нис­тия институтының тетігін іске қо­сыпты. Оның әрқайсысы белгілі бір атаулы межеге байланысты өткізілді. Мы­салы, алғашқы рақымшылық 1994 жылғы 5 қазан­дағы заңға сәйкес, «Халық­аралық отбасы жылына байла­­нысты» ұйымдас­тырылды: жалпы саны 1 380 сотталған босатылды. Екіншісі 1996 жылғы 15 шілдеде «Қазақ­станның жаңа Кон­сти­туциясының бір жыл­дығына» орай­лас­тырылды: 10 988 сотталған жазадан бо­са­тылып, 2 396 сот­талғанның жаза мерзімі қыс­қартылды. Үшіншісі 1999 жылғы 13 шілде «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байла­­нысты» өтті: 15 705 сотталған босатылды және 2 270 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Ел тарихындағы ең ірісі – осы! Төртіншісі 2000 жылғы 29 желтоқсанда «Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы деклара­ция­ның қабылдануының он жылдығына бай­ланысты» жарияланды: 7 791 сотталған адам босатылды және 964 сотталғанның жаза мер­зімі қысқартылды. амнистия кестесі Бесіншісі 2002 жылғы 19 ақпанда «Қа­зақстан Тәуелсіздігінің он жылдығымен» бай­ланыстырылды: 10 524 сотталған боса­тылып, 693 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Алтыншысы 2006 жылғы 9 қаңтарда «Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты» жасалды: 3 626 сотталған бо­сатылып, 1 406 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Жетіншісі 2011 жылғы 28 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздіктің жиырма жыл­дығына байланысты» деп дәйектелді: 2 628 сот­­талған босатылды, 859 сотталғанның жазасы азайтылды. Сегізіншісіне 2016 жылғы 13 желтоқсанда «Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойы» себеп болыпты. 1 220 сотталған адам босатылып, 2 338 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Бірақ осы босатылғандардың қаншасы іле-шала түрмеге қайта оралғаны белгісіз. Мәселен, 2011 жылы амнистиядан кейін 2014 жы­лы Бас прокуратура талдау жүргізді. Қорытындысында қадағалаушы орган 2010 жылдан бері Қазақстанда рецидивті қылмыс өскенін әшкереледі. Атап айтқанда, 2013 жылы түрмеден босап шыққандар жасаған қылмыс 63%-ға артып шыға келіпті. Ал 2014 жылы жарты мыңдай қылмыскер қайтадан қылмысқа барып, темір торға кері жіберілді. Бұл тек ұсталғандары. Қаншама қылмыс ашылмай қалатыны мәлім. Тәуелсіздік жылдарындағы рақымшылық акциялары нәтижесінде жалпы саны 53 862 сотталған бостандыққа шықты, 10 926 соттал­ғанның жаза мерзімі кемітілді. Биылғы рақымшылық барысында 3-4 мың сотталған адамды босату жоспар­ланып отыр. Қанша қылмыстық істің ешкімді жазаламай жабылатыны кейінірек белгілі болады. Ол үшін алдымен ІІМ жазған заң жобасын ел Парламенті қабылдап, Президент қол қоюы керек.

«Сары таспа» орнына қыл арқан ба?

«Заң жобасы азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қыл­мыстар жасағаны үшін сотталғандарды, аза­маттардың әлеуметтік осал санаттарын: кә­ме­летке толмағандарды, кәмелетке тол­маған балалары бар не жүкті әйелдерді, Ұлы Отан со­ғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босатуға бағытталған», – деді ІІМ. Бұдан бөлек, үнемделген қаражатқа қыл­мыстық-атқару жүйесінің әкімшілігі мен қызметкерлерінің жұмыс жағдайлары және олардың қызметі мен әлеуметтік қорғалуының басқа да жағдайлары жақсарады. Алайда сарапшылар қылмыскерлерді жаппай босатуды қою керек деген пікірде. Рақымшылық жасау негізінен дамуда арттап қалған мемлекеттердің еншісі: ол ТМД-да, бұрынғы Югославияда, Албания, Болгария, Вьетнам, Египет, Ирак, ҚХР, КХДР, Ливан, Румыния, Түркия, Филиппин, Эфиопия және бірлі-жарым дамыған елде қолданылады. Ал АҚШ пен Еуропаның белді мемле­­кеттерінде – Германия, Испания, Нидерланд, Норвегия, Швеция, тіпті Эстонияда жаппай амнистия институты жоқ. Польшаның кон­ституциялық судьялары осы мәселені қарай келе «рақымшылық жасау Консти­туцияға қайшы» деп таныды. Дамыған елдерде не­гізінен әрбір сотталғанның ісі жеке қа­ралады. Назар аударар жайт, бұрынғы Югославия елдерінде, Аргентинада, Гондураста, Иракта, Кубада, Молдовада «рақымшылық жасау қылмыскерді жәбірленушілер алдындағы шағымнан босатпайды» деп арнайы қарас­тырылған. Ал Қазақстанда амнистия жария­ланған сайын қаншама алаяқ пен жемқор босап шығады. Олар мемлекет пен жеке адамд­арға келтірген шығынын өтемейді. Бұл қоғамның ашу-ызасын тудыратыны жа­сырын емес. ІІМ ұсынып отырған заң жо­ба­сында рақымшылыққа ілігушілердің шыққан соң шығынын өтейтіні туралы бір сөз жоқ. Пар­ламентте талқылау барысында ондай түзетуді депутаттар қосады деген үміт­теміз. Ресми мәлімет бойынша, рақым­шы­лықпен шыққандарға қарағанда мер­зімінен бұрын шартты түрде босап шыққандар әлдеқайда аз қылмыс жасайды. Себебі бұлар пробациялық бақылауда болады. Ал амнис­тияда әрбір қылмыскердің түзелу дең­гейі бағаланбайды, «оптом» шығарыла салады. Ендеше бостандыққа шығу – биліктің сый­лығы болмауы керек, қылмыскер бостандық үшін еңбек сіңіруі, түзелуі, қоғамның орта­сына оралуға дайындығын паш етуі керек. Рақымшылық бәрібір болады екен, демек билік сонша қылмыскерді әлеуметтендіруге де әзір болғаны жөн. Мысалы, Сингапурде «Сары таспа» (Yellow Ribbon Project) деген ұлттық бағдарлама бар. Оның аясында сотталғандар темір тордың ар жағында оты­рып, болашақ кәсібі – компаниясы үшін жұмыс істей бастайды. Қазақстанда бостан­дыққа шыққанымен не үйі, не отбасы, не жұмысы жоқ адам өзіне етене таныс қылмыс әлеміне қайта аяқ басуы ықтимал. Болмаса, өзіне-өзі қол салады. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Садыбековтің мәліметінше, бейнебақылау арқасында 2016 жылдан бері түрмелерде 65 суицидтің жолы кесілді, соның ішінде алтауы 2020 жылы болған. Еркіндікте өмірден баз кешкені қаншама?

Елдос СЕНБАЙ