Қазақстандықтар билік назарын «жыныстық бопсалау» мәселесіне аударды. Бастама көтерген – Құқықтық саясатты зерттеу орталығы. Заңнамада жыныстық бопсалағаны үшін, қырындап тиіскені үшін жеке бап жоғы мәселе көтеруге себеп болып отыр. Қазір орталық мамандары петицияға қол жинап жатыр. Халықаралық заңгер Аяжан Ойратованың айтуынша, елімізде харассментке заңмен тыйым салынса, зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады. Иә, бұл сөз біздің қоғамға 2017 жылы #MeToo қозғалысы басталғаннан кейін енді. Тарқатып айтсақ, Голливуд актрисалары әйгілі продюсер Харви Вайнштейнге харассмент жасады деп айып тағып, интернетке #MeToo хэштегімен оқиғасын жариялады. Осыдан кейін адамдар әлеуметтік желіде аталған хештегпен басынан өткен харассмент оқиғаларымен бөлісіп, жыныстық бопсалау мен жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыс бастады. Жалпы, харассмент дегеніміз не? Харассментке қарсы заң не үшін қажет? Осы және өзге де сұрақтарға Шығыс Англия университетінің магистрі, халықаралық заңгер Аяжан Ойратова жауап береді.
– Жалпы, харассмент дегеніміз не? Бұлай сұрауымызға себеп – елімізде «харассмент – кемсіту» деп түсінетіндер бар. – Дұрыс айтасыз, қоғамда әртүрлі пікір бар. Алдымен, терминнің қоғамдық сипатын ашып салсақ. Өйткені харассмент пен «жыныстық бопсалау» бір ұғым. Шетелде харассмент – ол харассмент. Ал Ресейде харассментті «сексуальное домогательство» деп аударған. Бірақ мұны әлі заңмен бекіткен жоқ. Содан кейін бізде сұрақ туды. Әлемдік стандарт бойынша харассмент деп қалдырамыз ба, әлде «жыныстық бопсалау» деп аударамыз ба? Осылайша, екі атау да қолданыста жүр. Харассмент –адамның намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғып, құқын бұзу және кемсіту, жыныстық қатынасқа түсуге шақыру. Егер біреу сіздің денеңізге рұқсатсыз қол тигізсе, сексуалдық сипаттағы басқа да ауызша немесе физикалық күш қолданса, құшақтап, иіскесе, бұл – харассмент. Жұмысқа тұрғанда, жалақы көтергенде немесе қызметтік баспалдақпен өсу кезінде сексуалды қызмет көрсетуді ұсынса, демек сіз «жыныстық бопсалаудың» құрбанысыз. Жұмыста бастығыңыз кешкі асқа шақырып қылмыңдаса, жыныстық қатынасқа түсуге шақырса, жұмыстан шығарып жіберемін деп қорқытса да, «жыныстық бопсалау» деп түсініңіз. Таксиде мүлдем танымайтын адам денеңізге қол тигізіп, сексуалды әрекет жасауға шақырса да «жыныстық бопсалау» болып саналады. Тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Бірақ зорлау және ұрып-соғу харассментке жатпайды. – Әлі күнге дейін Қазақстанда «жыныстық бопсалау» түсінігі заңдастырылмаған. Не себепті? – Мүмкін бұл мәселені халық қолдамағаннан болар. Одан кейінгі себеп биліктің Қылмыстық кодекстегі 123-бапты жеткілікті санауы деп ойлаймын. Әйелді зорлау — қылмыс. Жыныстық бопсалау – зорлауға дейінгі қадам. Ауруын жасырған өледі. Сондықтан қарсы тараптан жоғарыда аталғандай іс-әрекет байқасаңыз, қысылып, ұялғаннан жасыруға тырыспаңыз. Өйткені кей жағдайда, зорлау алдында харассмент арқылы әйелдерді жыныстық қатынасқа түсуге шақырады. Әйел келіспегендіктен, күштеп, түрлі қысым көрсете отырып зорлайды. Мұндай жағдайда зорлаудың алдын алуға болады. Бірақ жәбірленушілер ұялғаннан жасырып қалады. Ал халық харассментті дінімізге, ұлтымызға, дәстүрімізге жат нәрсе деп санайды. Әрине, ол қазақ халқына таңсық, жат нәрсе болғанымен, мұндай құқықбұзушылықтар елде жоқ деп көз жұмуға болмайды. Зорлау, әйелдерді кемсіту кейінгі жылдары азаймай, керісінше көбейіп келеді. Қазақстанда «жыныстық бопсалау» жайлы нақты термин болмағандықтан, адамдар өздерін қорғай алмай келеді. Иә, кей әрекеттер Қылмыстық кодекстің 123-бабына, не Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің Ұсақ бұзақылық баптарына сәйкес фото-видео, хаттар сынды нақты дәлелдемелермен ғана қорғалады. Біздің білуімізше, мұндай істер өте аз. Мәжілісте қаралған отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатындағы өзгерістерді көпшілігі қолдамады. Әлеуметтік желілерде «баланы және әйелді ұру – дәстүр» деп іліп әкеткендер жеткілікті. Бұл – Қазақстан қол қойған бірқатар халықаралық құжаттарға қайшы келетін көзқарас. Қазақстан халықаралық құқық бойынша әр азаматтың денсаулығына, өміріне, ар-ожданына зардабын тигізетін әрекеттерге тыйым салып, адам құқықтарын барынша қорғауға жағдай жасауы керек. Соның ішінде харассментке тыйым салып, заң бұзатын адамдарды жауапқа тартатын тетіктерді іске қосса деймін. Жыныстық бопсалау – зорлық пен суицидке апаратын алғашқы қадам екенін ескере отырып, Қылмыстық кодекске не Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске арнайы бап енгізуіміз қажет. – «Жыныстық бопсалау» суицидке әкелуі мүмкін дедіңіз, тарқатып айтып бересіз бе? – Харассменттің салдары зорлыққа, тіпті адам өліміне, яғни, суицидке әкелуі мүмкін. Зорланған не харассментке ұшыраған қыз-келіншектер мен еркектер психикалық азапқа түседі. Мұндай адамдарда үнемі уайым, үрей, қорқыныш сезімдері серік болып, өзін-өзі қорғау мақсатында паранойя пайда болуы мүмкін. Соның салдарынан адамдар ауыр психологиялық ауруларға шалдығып жатады. Ал енді олардың агрессорлары жауапқа тартылмаса, тіпті ахуалы нашарлайды. Қазіргі таңда, айыпталушы Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша жазаланады. Бірақ іс жүзінде бұл бап өте әлсіз. Сондықтан бөлек әрі нақты бап керек. 1998 жылдан бастап елімізде жыныстық бопсалау бойынша 88 дерек тіркелген. Сотқа тек 30 іс жіберілген, алайда бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына кесілмеген. 2020 жылы аталған бап бойынша тек бір іс қозғалған. Ал кез келген қыз-келіншектен сұрасаңыз, жыныстық бопсалауға ұшырағанын айтып береді. Демек, жыныстық бопсалауға қатысты бөлек бап керек. Осы орайда, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы бір топ қазақстандық белсенділер мен заңгерлердің қолдауымен «Қазақстанда жыныстық бопсалауға заңнамалық тыйым салу туралы» петиция жарияладық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты елдегі харассмент мәселесіне назар аударуға шақырдық. Әзірге қол қойғандардың саны 480-ге жетті. Реакция білдіргендердің басым көпшілігі – қыз-келіншектер. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы харассментті қылмыс деп қабылдай алмай жатыр. – Орталыққа қоңырау шалып, басынан өткен жағдайлармен бөлісетіндер бар болар. Харассментке қатысты сізді таңғалдырған оқиғаны баяндасаңыз. – 2020 жылы ақпан айында Dequiin әншісімен түнгі клубта болған жағдайды атап өтуге болады. Яғни, Dequiin-ді білетін, танитын рэперлер оны сипалап, харассмент көрсеткен. Одан кейін біз полиция қызметкерінің әйелді жыныстық қарым-қатынасқа түсуге шақырғаны жайында естідік. Осыдан соң полиция қызметкері жұмысынан кетті. Біз құқық қорғау қызметкерінің мұндай әрекетке барғанына таңғалдық. Мысалы, өткен жылы желтоқсан айында Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай өзіне сот төрағасы харассмент жасағанын хабарлап, Жоғарғы сотқа шағымданған. Алайда Жоғарғы сот шағымын қабылдаған жоқ. Себебі сот харассмент этика кодексіне қайшы келмейтінін, жәбірленуші Қылмыстық кодекске сәйкес шағымдануы тиіс деп шешті. Судьяны кейін жұмыстан шығарды. Бұл жағдай көптеген сұрақ туғызады. Харассмент болса және ол этикалық кодекске қайшы келмесе, неге судья өзі заңдарды біле тұра полицияға хабарлаған жоқ? Әрине, біз осы жағдайға құқықтық есеп бере алмаймыз, себебі бізде харассмент болғаны, не болмағаны жайлы еш дәлел жоқ. Алайда бұл жағдайға байланысты қорытындылар жасауға болады. Біріншіден, судьялардың ережелер мен ішкі іс жүргізу процесін егжей-тегжейлі білмеуі және дәлелдер жинай алмауы. Екіншіден, біздің ойымызша, Қылмыстық кодекстен және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен тыс судьялардың этикалық ережелеріне харассментке тыйым салатын ережелерді енгізу керек. Одан тыс, Жоғарғы сот жұмыс орнында харассментті болдырмауға қатысты арнайы тренингтер ұйымдастырмайтынын да көріп отырмыз. Елімізде харассмент жайында мәселе көтеретін әйелдерді агрессивті феминистер қатарына жатқызады. Шын мәнінде, бұл жерде агрессия жоқ, тек өзін-өзі қорғау қажеттілігі бар. Сондықтан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күресу сәті келді. Әрине, бұрын да бұл тақырыпта еркін сөйлейтін азаматтар болды. Бірақ халық жіті мән бермей келді. Мәселен, 2015 жылы Анна Белоусованың харассмент жайлы кейсі болды. Мектеп директоры техникалық қызметкер болып істейтін Аннаны жыныстық қатынасқа түсуге шақырған. Ал әйел бұған келіспегендіктен бастығы жұмыстан шығарған. Бұл жағдай бойынша полиция іс қозғамаған болатын. Соңында Анна Белоусова БҰҰ комитетіне шағымданып, істі жеңген болатын. Бұрын зорлаған адамдар 2-2,5 жылға сотталып жатты. Тіпті, екі жақ келісімге келіп, зорланған қызды күйеуге беретін жағдайлар кездескен еді. Қазір зорлаудың санкциясын үлкейтті. Осы орайда «Не молчи» ұйымы үлкен жұмыс атқарып жатыр. Мұның өзі адамдардың көзқарасын өзгертуге үлес қоса- ды. – Құқықтық саясатты зерттеу орталығы туралы кеңірек айтып берсеңіз. –Қазіргі таңда орталық бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. 2020 жылы бейбіт жиналыстар жөнінде адвокаттарға арналған жалпы саны 5 тренинг өткіздік. Мигранттардың құқығын қорғауға байланысты жобаның аясында мигранттар туралы әлеуметтік ролик түсіріп жатырмыз. Жоспарымызда осы тақырыпта деректі фильм түсіру бар. Биыл Құқықтық саясатты зерттеу орталығы атынан жемқорлықпен күресу үшін комплаенс қызметін құру жайлы жазғы мектеп ұйымдастыруды жоспарлап қойдық. Мектеп эпидахуалға байланысты оффлайн немесе онлайн форматта өтеді. Ішкі істер министрлігімен бірлескен пилоттық жобамыз бойынша бір учаскені алдық. Полиция қызметкерлерінің жұмысын өзгертуге күш саламыз. Тренинг өткізіп, полиция қызметкерін мемлекеттік қызметкер ретінде емес, бірінші кезекте халыққа қызмет көрсететін сервис тұрғысынан көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда подкаст жазамыз. Соның аясында, харассмент тақырыбын кеңінен ашатын бірнеше сұхбат беруді жоспарлап отырмыз. Харассментпен күресуді күшейту үшін жоғары оқу орындары және ірі компаниялармен келісімге келу маңызды. Өйткені үлкен компаниялар харассменттің не екенін жете түсініп, этикалық кодекстеріне енгізсе, кейін азаматтар ішкі кодекске сүйеніп сотқа жүгіне алады. Мұндай мүмкіндік тудыру – міндет, оның нәтижесі кейінірек көрінеді. – Егер жаңа бап енгізілсе, демек арызданушылар саны да көбейеді. Онсыз да үлкен жүктемемен жұмыс істеп отырған сот жүйесі жаңа істердің ағынын көтере ала ма? – Харассментті зорлаудың алдын алатын бап деп қарастырсақ, құқық қорғау органдарының жұмысы бірнеше есе көбейеді деп айта алмаймыз. Керісінше, зорлау бойынша істер азаюы мүмкін. Егер нақты дәлелдер, аудио немесе видео жазбалар, жеке хабарламалардың скриншоттары, куәгерлер болса, әрине сот жүйесінде істер қозғала бастайды. Дәлелдемелер болмаса, мұндай істер сотқа дейін жетпейді. Бұл мәселеге байланысты тағы бір фактор бар. Қазақстанда әйелдер қауымы Еуропа немесе Америкадағы әйелдер сияқты батыл емес. Көпшілігі жұмысынан айырылып қалудан немесе жеңілтек болып көрінуден қорқады. Сондықтан арыз берушілер саны бірден өседі деп ойлаймын. Біртіндеп бұл термин адамдардың санасына сіңіп, өзгерістер байқалатын болар. Неліктен қазақ әйелі «маған харассмент жасады» деп шағымданудан қашады? Өйткені айналасындағылар «Тана көзін сүзбесе – бұқа жібін үзбейді» деп айыптайды. Содан әйелдер құқық қорғау органдарына жүгінуден қорқады. Жыныстық бопсалаудың құрбаны болған әйелдерге батыл түрде арыз жазып үйреніңіздер дегім келеді. Себебі үндемеу арқылы сіз өзіңізге қауіп төндіресіз, сонымен қатар агрессор жазаға тартылмағандықтан, басқа адамдар да оның құрбаны болуы мүмкін. Ал әкелеріңіз, ағаларыңыз, достарыңыз сізді жұдырықпен қорғаймын деп, жасаған әрекеті үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан харассментке ұшыраған жәбірленушілер полицияға хабарлап әділдік орнатуды талап етулері тиіс. Бұл әркімнің азаматтық борышы деп есептеймін. – Халық харассмент ұғымын тереңірек түсініп, қолдауы үшін қандай шара қолдану қажет деп ойлайсыз? – Заң қабылдаудан басқа, бұқаралық ақпарат құралдарында харассмент жайында көбірек ақпарат тарату керек. Қазақтілді медиада «Бәленше тоқал алып жатыр», «Түгенше тоқал алуды қолдады» деген сыңайлы саржағал ақпарат таратуды тоқтатқан жөн. Себебі мұндай ақпарат адамның ар-ожданына кір келтіріп, намысына тиеді. Әйел адамға өзін тең құқықты азамат ретінде сезінуіне кедергі келтіреді. «Сізді біреу тоқал болуға шақырса, бұл харассмент пе?» деген сұрақты жиі естіп жүрмін. Еліміздегі ер-азаматтар қауымы мұны харассментке жатқызбайды. Менің ойымша, бұл – харассмент. Ал Қазақстанның заңнамасында тоқал ұғымы да, көп әйел алушылық та, әмеңгерлік те жоқ.Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ