Алматыда тағы да заңсыз ағаш кесу дерегі тіркелді. Бұл жолы заңсыз әрекетке барғандар табиғатқа қомақты көлемде зиян келтірген. Әңгімені тағы да деп бастағаннан-ақ мұндай келеңсіз әрекеттің бұған дейін де талай рет болғанын аңғару қиын емес. Әдеттегідей бұл жолы да табиғатқа экобелсенділер араша түсіп отыр.
«Бостандық ауданы мен Іле Алатауы паркі шекарасында заңсыз ағаш кесілген. Мұнда Қазселденқорғау мен Төтенше жағдай мекемелері бірлесіп, селден қорғау ғимаратын тұрғызбақ. Жасыл желекті кесуге рұқсат берілмеген. Менің шамалауымша, мұнда 5 мыңнан астам ағаш кесілген. Осы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс», – дейді Kaz Eco Patrol қозғалысының негізін қалаушы, экобелсенді Тимур Елеусізов. Қалалық Жасыл экономика басқармасы табиғат жанашырларының айтып отырған дерегін жоққа шығарған жоқ. Тиісті мекеме қызметкерлері Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жоғары жағынан Аюсай өзені сағасынан төмен селден қорғау бөгеті салынатынын да айтып өтті. «Шын мәнінде, көрсетілген аймақта ағаш кесілген. Басқарма осы мекенжай бойынша жасыл желектер мен ағаштарды кесуге рұқсат бермеген. Қазіргі таңда мамандар кесілген жасыл желектің саны мен ағаштардың түрін және келтірілген шығынды анықтауда. Нәтижесін кейінірек хабарлаймыз», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасы қызметкерлері. Рұқсатсыз 5 мың ағаштың түбіне жеткендердің заңсыз әрекеті Төтенше жағдай министрлігі қызметкерлерінің де құлағына жетіп, олар да түсінік берді. Министрліктің хабарлауынша, заңсыз ағаш кесу дерегі бойынша жауапкершілікті мердігер компания мойнына алады. «Бүгінгі таңда кесілген ағаштарды қалпына келтіру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. «Құрылыс-2» ЖШС мердігер компаниясы шамамен 0,2 гектар аумақты тазалау үшін 15 ағаш пен жабайы өскен бұтақтарды шапқан» деп түсіндірілген министрлік мәлімдемесінде. Жасыл желек жамылған Алматы шаһарында ағаштардың кесілуі, әсіресе кейінгі жылдары жиілеп кетті. Экобелсенділер мұндай заңсыз әрекеттерге үнемі үн қатып келеді. Осыдан тура бір жыл бұрын Алматы қаласы тұрғындары Құлжа тасжолының 20-шақырымы мен осы тасжолдың Бұқтырма көшесімен қиылысындағы жаппай ағаш кесу науқанына наразылық танытқан. Бұл мәселеге Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметі Алматы – Көкпек – Шұнжа – Көктал бағытындағы Құлжа тасжолының 20-шақырымындағы ағаштардың кесілу себебі Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы үшін екенін мәлімдеді. «1 584 ағаш кесіледі. 2019 жылдың 7 қазанында оған арнайы рұқсат берілген. Жобаны іске асыру барысында қайтадан ағаш отырғызу қарастырылған. Шабылған 1 584 ағаштың орнына 4 752 көшет отырғызылады», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел. Осы жағдайдан кейін көп ұзамай Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты Құлжа тасжолы бойында «Mолл Aport East» сауда-ойын-сауық орталығы құрылысын салу үшін 11 мың ағаш кесілгені жөнінде хабар тарады. Қалалық Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесу жөнінде ешқандай рұқсат бермеген. Әкімшілік меншік иесін өз бетінше жасыл желекті кескені үшін сотқа берді. Сол кезде Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек ағаш кесу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанынан хабардар етіп, келтірілген шығын сомасы сарапқа салынатынын айтқан. Өткен жылдың қараша айында Алматыдағы Төле би көшесі бойындағы Sulpak сауда үйі маңындағы ағаштарды заңсыз кесу әрекеті де қалалықтардың ашу-ызасын тудырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аударған әрекет барысында 13 ағаштың оталғаны анықталған. Сол кезде Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская Sulpak дүкенінің қожайыны аталған іс бойынша алматылықтардан кешірім сұраудан бас тартқанын айтып, ағаш кескендердің өтемақысын күтпестен, Әуезов көшесінен Жароков көшесіне дейін ағаш көшеті отырғызылатынын да жеткізген. Жасыл экономика басқармасы олқылықтың орнын толтырғандай болды, дегенмен осы іске тікелей қатысы бар заңсыз әрекеттерге барған жеке компанияға кейін қандай шара қолданылғаны жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттердің қатарына жататынын, орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 миллион гектар екенін және республикамыздың 11 пайызын алып жатқанын айтқан. «Мақсатымыз – 2018 жылы қабылданған Бонн үндеуі аясында республиканың ормандылығын 2030 жылға қарай 5 пайызға дейін ұлғайту», – деді министр. Сондай-ақ ол ағаштар мен бұталарды заңсыз жоюға байланысты тәртіпбұзушылықтар үшін жаза күшейтілетінін де тілге тиек еткен. Соңғы кезде елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері жиілегені туралы айта келіп, осыған байланысты ЭГТРМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтағанына тоқталған. «Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзірленді. Әкімшілік кодексіне дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде бірқатар өзгеріс енгізілетін болады. Мысалы, құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды келесідей арттыру ұсынылады: жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін; шағын кәсіпкерлік нысандарына 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін; орта кәсіпкерлік нысандарына 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін; ірі кәсіпкерлік нысандарына 100 айлық есептік көрсеткіштен 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру. Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізу көзделіп отыр», – деді ведомство басшысы. Тәртіп – бәріне ортақ. Сондықтан жасыл желектерді заңсыз отаған әрбір азамат тиісті жазасын алуы тиіс.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ