Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 36 мыңға жуық адам онкологиялық ауруларға шалдығады. Диспансерлік есепте 190 мыңнан астам адам тұрған көрінеді. Ал осы обырдың кесірінен жылына 14 мыңдай науқас өмірден өтеді. Биылғы шама былтырғыдан сәл аздау. Дегенмен бұл пандемияға байланысты скринингтен өтпеуіне байланысты болуы мүмкін. Жылдан-жылға «жасарып» қана қоймай, ажал апанына тура апарып жатқан обырдың көбеюіне не себеп? Дәрігерлердің білігі төмен бе, адамдардың салғырттығы ма? Жоқ, әлде мемлекет тарапынан жасалатын шаралар тиімсіз бе?
Қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың статистикасына көз жүгіртсек, азаматтарының жалақысы жоғары елдерде біршама азайып келеді екен. Ал енді табысы төмендеген сайын обырға шалдығатындардың да, соған байланысты өмірмен қош айтысатындардың да саны арта береді деседі. Мамандар елдер арасындағы мұндай айырмашылықты былай түсіндіреді. Табыс деңгейі орта не одан төмен елдерде профилактикалық шаралардың дұрыс жасалмауы әрі медицинаның араласып, ракты жеңуге қандай да бір көмегі тиюі екіталай кезде ғана анықталуы себеп болады. Әлемдік ғалымдар адам шошырлық сандарды атап, қорқынышты болжам жасап отыр. Яғни, алдағы 20 жылда обырға шалдығу кем дегенде 60 пайызға артуы мүмкін-мыс. Елдегі ахуалға оралсақ, биыл 32,5 мың адамнан қатерлі ісік табылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға аз. «Көрсеткіштердің төмендеуіне пандемия кезінде аурудың тіркелуі азайғаны себеп болды. Себебі скринингтік орталықтар біраз уақыт бойы толыққанды жұмыс істей алмады. Соған байланысты жаңадан анықталуы сәл төмендеді», – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Балтабеков. Онкологиялық ауруы бар науқастар үшін қазір нағыз қиын кезең. Себебі олардың иммунитеті әлсіреген, коронавирус жұқтыру ықтималы жоғары. Қазақстанда бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі тұр. Одан кейін – өкпе обыры, үшінші орында – колоректальді ісік. Ауырғандардың жартысына жуығы – еңбекке қабілетті жастағылар. Бұрын ерлер арасында өлім-жітім көп болатын. Кейін статистика өзгерді. Оған бір себеп ретінде әйелдер арасында темекі шегетіндердің көбеюі айтылады. Сонымен бірге өзі шекпесе де, отбасында темекі тартатындардың да кері әсер беретінін ескеру керек. Осы ретте қазақстандық онколог-маммолог Назгүл Омарбекованың үш жыл бойы жүргізген зерттеуін атап өткен жөн болар. Ол былтыр ТМД-дағы жас ғалымдардың ішіндегі үздігі болып танылған. Назгүл Айдарбекқызы әріптестерімен бірлесіп, қазақ популяциясындағы сүт безі қатерлі ісігінің генетикалық зерттеуін жасаған. Мысалы, бұрын рактың бұл түріне көбіне 50-70 жас аралығындағы әйелдер шалдығатын болса, соңғы кездері «жасарып» келеді. Соңғы он жылда жастар арасында едәуір көбейгені байқалып отыр. Жас кезде обырмен ауыру әсте оңай емес. Себебі әлі кішкентай баласы бар кезде ауырса, тіпті ауыр өткереді. Еуропеоидтік нәсілмен салыстырғанда, обырға шалдыққан азиялық әйелдердің ғұмыры қысқа екен. Осыны байқаған отандық ғалымдар мұның мәні неде екенін білмек болады. Жалпы, онкологияда қазақ популяциясында әйелдер сүт безі обырына азырақ шалдығады деген болжам болыпты. Өйткені еуропалықтарға қарағанда, қазақ әйелдерінің ішімдік, темекіге әуестігі азырақ делінген. Сонымен бірге, жиі туатыны да себеп саналған. Дегенмен іс жүзінде статистика басқаша болып отыр. Көбейіп қана емес, «жасарғанын» да жоғарыда атап өттік. Назгүл Омарбекова жүргізген зерттеуде қазақ әйелдерінің арасында обырдың көбеюіне бұдан өзге күрделі механизмдер бар деген болжам жасалған еді. Соған сәйкес, анасы жағынан тұқым қуалайтын генетикалық мутацияларды қарастыра бастайды. Нәтижесінде 20 жаңа мутация гені анықталады. Оның ішінде сегізі халықаралық ғылыми базаға енгізілген. «Тәжірибе жүзінде қолдану үшін әріптестермен бірге сүт безі қатерлі ісігін ертерек анықтауға көмектесетін ДНҚ-тест жасадық. Мұндай тестілеу, әсіресе тәуекел тобындағылар үшін керек. Яғни, бұл топқа анасының жағынан қарағанда сүт безі қатерлі ісігінің 1,2-деңгейімен ауырғандар жатады. Олар – туған апалы-сіңлілер, анасы мен қыздары. Біз дәрігер ғана емес, психолог та бола білуіміз керек. Мысалы, науқас әйелдермен сөйлескенде жұмыста, тұрмыста, отбасында өте ауыр жүктемесі бар екенін байқаймыз. Олар физикалық тұрғыдан да, эмоционалдық тұрғыдан да көп қиындық көреді. Сондықтан өз басым әйелдер өзіне зиян тигізбей, дер кезінде денсаулығына көңіл бөлсе екен деймін», – дейді Назгүл Айдарбекқызы. Расында, дәрігерлер бұл ретте науқастардың денсаулығына салғырт қарайтынын айтады. «Бізде менталитет өзгеруі керек. Себебі көбі алдымен тәуіпке не Қытай медицинасына жүгінгенді жақсы көреді. Олардан жөнді ем ала алмайды да, соның кесірінен уақыт жоғалтады. Сөйтіп, әбден ауруы асқынған кезде дәрігерлерге жүгінеді. Ал рак дамыған кезде көмектесу өте қиын. Содан барып, «Қазақстанда медицина нашар» деген пікір тарайды. Егер адамда денсаулығына жауапкершілік жоғары болса, ол барлық тексерістен уақытылы өтеді, дұрыс тамақтанады», – дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Райымқұл Қарақұлов. Дәрігердің айтуынша, онкологиялық аурудың пайда болуына әлеуметтік жағдай да әсер етеді. «Себебі тұрмысы төмен болса, адам құнарлы тамақтанбайды, тиісті дәрумендерге бай жеміс-көкөністер жемейді. Содан иммунитет әлсірейді. Табысы жоғары болған сайын обырға шалдығу көрсеткіші төменірек болады дегенмен келісемін. Ал мемлекет тарапынан қажет шаралар жасалып жатыр. Скринингтен тегін өтеді, ем жасалады. Мұндай бағдарлама Еуропа елдерінде жоқ. Бізде әлі сана-сезім өзгермеген соң, мемлекеттің көмектесуі керек. Дамыған елдерде денсаулыққа салғырт қарамайды. Біз де осыған ұмтылсақ дұрыс болады», – дейді онколог. Онкологиялық скринингтер туралы ақпараттың неғұрлым көп болғаны, соғұрлым жақсы дейді мамандар. Себебі көпшілігі мүлдем бейхабар болуы мүмкін. Ерте кезден ракты анықтау үшін жасалатын тексерістен тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханалардан өте аласыз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тіркелген медициналық мекемеңізден өтуге болады. 40-70 жас аралығындағы әйелдер жылына екі рет маммографиядан өтуге тиіс. Ол сүт безі қатерлі ісігін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі төрт жылда бір рет, 30 жастан бастап жүргізіледі. Одан бөлек, 50-70 жас аралығындағы барлық ер-әйел екі жылда бір рет колоректальді обыр тексерісінен өтуі міндетті. 2020 жылы ерте кезден қатерлі ісікті анықтау үлесі 25,5 пайыз болыпты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда қуантарлық көрсеткіш. Онкологиялық ауруы болуы мүмкін деген науқастарға кешенді жоспар шеңберіне КТ және МРТ жүргізіледі. Былтырдан бастап бұл қызметтер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында іске асырылатын болды. Азаматтарға енді қалғаны – уақытылы тексерістен өту, дәрігердің бақылауында болу ғана. Сонда ғана жан-жағындағыны жалмап келе жатқан обырды жеңуге болады дейді мамандар.Жадыра АҚҚАЙЫР