Қатерлі ісіктің қарқыны неге артты?

Қатерлі ісіктің қарқыны неге артты?

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инс­титутының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 36 мыңға жуық адам онкологиялық ауруларға шал­ды­ғады. Диспансерлік есепте 190 мыңнан астам адам тұр­ған көрінеді. Ал осы обырдың кесірінен жылына 14 мыңдай нау­қ­ас өмірден өтеді. Биылғы шама былтырғыдан сәл аздау. Дегенмен бұл пандемияға байланысты скринингтен өт­пеуіне байланысты болуы мүмкін. Жылдан-жылға «жа­сарып» қана қоймай, ажал апанына тура апарып жатқан обыр­дың көбеюіне не себеп? Дәрігерлердің білігі төмен бе, адам­дардың салғырттығы ма? Жоқ, әлде мемлекет тара­пынан жасалатын шаралар тиімсіз бе?

Қатерлі ісіктен қайтыс бол­ған­­дардың статистикасына көз жү­гіртсек, азаматтарының жа­ла­қы­сы жоғары елдерде біршама азайып келеді екен. Ал енді та­бы­­сы төмендеген сайын обыр­ға шалдығатындардың да, со­ған байланысты өмірмен қош ай­ты­са­тын­дардың да саны арта береді деседі. Мамандар елдер арасындағы мұн­дай айырмашылықты былай тү­сін­діреді. Табыс деңгейі орта не одан төмен елдерде профилактикалық ша­ралардың дұрыс жасалмауы әрі медицинаның араласып, ракты жеңу­ге қандай да бір көмегі тиюі екі­талай кезде ғана анықталуы се­беп болады. Әлемдік ғалымдар адам шошырлық сандарды атап, қор­қынышты болжам жасап отыр. Яғни, алдағы 20 жылда обырға шал­дығу кем дегенде 60 пайызға артуы мүм­кін-мыс. Елдегі ахуалға оралсақ, биыл 32,5 мың адамнан қатерлі ісік та­­­­былған. Бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 11,4 пайызға аз. «Көр­сеткіштердің төмендеуіне пан­демия кезінде аурудың тіркелуі азайғаны себеп болды. Себебі скринингтік орталықтар біраз уақыт бойы то­лық­қанды жұмыс істей алмады. Соған байланысты жаңадан анық­­талуы сәл төмендеді», – дейді Қа­зақ онкология және радиология ғы­лыми-зерттеу институты төрағасы­ның орынбасары, медицина ғы­лым­­дарының докторы Нұрлан Бал­табеков. Онкологиялық ауруы бар науқастар үшін қазір нағыз қиын кезең. Себебі олардың имму­ни­теті әлсіреген, коронавирус жұқ­тыру ықтималы жоғары. Қазақстанда бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі тұр. Одан кейін – өкпе обыры, үшінші орында – ко­ло­­­ректальді ісік. Ауырғандардың жар­тысына жуығы – еңбекке қа­бі­летті жастағылар. Бұрын ер­лер арасында өлім-жітім көп бола­тын. Кейін статистика өзгерді. Оған бір себеп ретінде әйелдер ара­сында темекі шегетіндердің кө­беюі айтылады. Сонымен бірге өзі шекпесе де, отбасында темекі тар­татындардың да кері әсер бере­ті­нін ескеру керек. Осы ретте қазақ­стандық онколог-маммолог Назгүл Омарбекованың үш жыл бойы жүр­­­гізген зерттеуін атап өткен жөн бо­лар. Ол былтыр ТМД-дағы жас ға­лымдардың ішіндегі үздігі болып та­нылған. Назгүл Айдарбекқызы әріп­тестерімен бірлесіп, қазақ попул­яциясындағы сүт безі қатерлі ісігінің генетикалық зерттеуін жаса­ған. Мысалы, бұрын рактың бұл тү­ріне көбіне 50-70 жас аралы­ғын­дағы әйелдер шалдығатын болса, соңғы кездері «жасарып» келеді. Соңғы он жылда жастар арасында едәуір көбейгені байқалып отыр. Жас кезде обырмен ауыру әсте оңай емес. Себебі әлі кішкентай ба­ласы бар кезде ауырса, тіпті ауыр өт­кереді. Еуропеоидтік нәсілмен са­лыс­тырғанда, обырға шалдыққан азиялық әйелдердің ғұмыры қысқа екен. Осыны байқаған отандық ға­лым­дар мұның мәні неде еке­нін білмек болады. Жалпы, онко­ло­гияда қазақ популяциясында әйел­дер сүт безі обырына азырақ шал­дығады де­ген болжам болыпты. Өйткені еу­­ропалықтарға қарағанда, қазақ әйел­дерінің ішімдік, темекіге әуес­тігі азырақ делінген. Сонымен бір­ге, жиі туатыны да себеп санал­ған. Де­генмен іс жүзінде статистика бас­­қаша болып отыр. Көбейіп қана емес, «жасарғанын» да жоғарыда атап өттік. Назгүл Омарбекова жүргізген зерттеуде қазақ әйелдерінің ара­сын­да обырдың көбеюіне бұдан өз­ге күрделі механизмдер бар деген болжам жасалған еді. Соған сәйкес, анасы жағынан тұқым қуалайтын генетикалық мутацияларды қа­рас­тыра бастайды. Нәтижесінде 20 жаңа мутация гені анықталады. Оның ішінде сегізі халықаралық ғы­лыми базаға енгізілген. «Тәжірибе жүзінде қолдану үшін әріптестермен бірге сүт безі қатерлі ісігін ертерек анық­тауға көмектесетін ДНҚ-тест жасадық. Мұндай тестілеу, әсіре­се тәуекел тобындағылар үшін ке­рек. Яғни, бұл топқа анасының жа­ғы­нан қарағанда сүт безі қатерлі ісі­гінің 1,2-деңгейімен ауырғандар жа­тады. Олар – туған апалы-сің­лі­лер, анасы мен қыздары. Біз дә­рі­гер ғана емес, психолог та бола білуі­міз керек. Мысалы, науқас әйел­дермен сөйлескенде жұмыста, тұр­мыста, отбасында өте ауыр жүк­темесі бар екенін байқаймыз. Олар физикалық тұрғыдан да, эмо­ционалдық тұрғыдан да көп қиын­дық көреді. Сондықтан өз ба­сым әйелдер өзіне зиян тигізбей, дер кезінде денсаулығына көңіл бөл­се екен деймін», – дейді Назгүл Ай­дар­бекқызы. Расында, дәрігерлер бұл ретте нау­қастардың денсаулығына сал­ғырт қарайтынын айтады. «Біз­де менталитет өзгеруі керек. Се­­бебі көбі алдымен тәуіпке не Қы­­тай медицинасына жүгінгенді жақ­сы көреді. Олардан жөнді ем ала ал­­майды да, соның кесірінен уа­қыт жоғалтады. Сөйтіп, әбден ау­руы асқынған кезде дәрігерлерге жү­гінеді. Ал рак дамыған кезде кө­­мектесу өте қиын. Содан ба­рып, «Қазақстанда медицина на­шар» деген пікір тарайды. Егер адам­­да денсаулығына жауап­кер­шілік жоғары болса, ол барлық тек­­серістен уақытылы өтеді, дұ­рыс тамақтанады», – дейді меди­ци­на ғылымдарының докторы, про­фес­сор Райымқұл Қарақұлов. Дәрігердің айтуынша, онко­ло­­­гиялық аурудың пайда болуына әлеу­­­меттік жағдай да әсер етеді. «Се­­­бебі тұрмысы төмен болса, адам құнарлы тамақтанбайды, тиіс­­­­ті дәрумендерге бай жеміс-кө­кө­­ністер жемейді. Содан им­му­ни­­­тет әлсірейді. Табысы жоғары бол­­­ған сайын обырға шалдығу көр­­сеткіші төменірек болады де­ген­­мен келісемін. Ал мемлекет тара­пынан қажет шаралар жасалып ж­атыр. Скринингтен тегін өтеді, ем жасалады. Мұндай бағдарлама Еу­ропа елдерінде жоқ. Бізде әлі сана-сезім өзгермеген соң, мемлекеттің кө­мектесуі керек. Дамыған елдерде ден­саулыққа салғырт қарамайды. Біз де осыған ұмтылсақ дұрыс бо­ла­д­ы», – дейді онколог. Онкологиялық скринингтер ту­ралы ақпараттың неғұрлым көп болғаны, соғұрлым жақсы дей­ді мамандар. Себебі көпшілігі мүл­дем бейхабар болуы мүмкін. Ер­те кезден ракты анықтау үшін жасалатын тексерістен тұрғы­лық­ты мекенжайыңыз бойынша емха­на­лардан өте аласыз. Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру есебінен тіркелген медицина­лық мекемеңізден өтуге болады. 40-70 жас аралығындағы әйелдер жылына екі рет маммографиядан өтуге тиіс. Ол сүт безі қатерлі ісігін дер кезін­де анықтауға мүмкіндік береді. Ал жатыр мойны қатерлі ісігінің ск­ри­­нингі төрт жылда бір рет, 30 жас­­тан бастап жүргізіледі. Одан бө­­лек, 50-70 жас аралығындағы бар­­лық ер-әйел екі жылда бір рет ко­­лоректальді обыр тексерісінен өтуі міндетті. 2020 жылы ерте кезден қатерлі ісікті анықтау үлесі 25,5 пайыз бо­лыпты. Бұл – өткен жылмен са­­­лыс­тырғанда қуантарлық көр­сет­кіш. Онкологиялық ауруы болуы мүм­­кін деген науқастарға кешенді жос­­пар шеңберіне КТ және МРТ жүр­­гізіледі. Былтырдан бастап бұл қыз­меттер Міндетті әлеуметтік ме­­­­­дициналық сақтандыру ая­сын­­да іске асырылатын болды. Аза­мат­тарға енді қалғаны – уақытылы тек­­серістен өту, дәрігердің бақы­лауын­­да болу ғана. Сонда ғана жан-жағындағыны жалмап келе жат­­қан обырды жеңуге болады дей­ді мамандар.

Жадыра АҚҚАЙЫР