Мұқағали ғасыры және жаңа поэзия
Мұқағали ғасыры және жаңа поэзия
386
оқылды

9 ақпан – жыр ақиығының туған күні. Биыл ақынның туғанына – 90 жыл. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған», жырдан маржан терген Мұқағалиды ақын еткен де, мәртебесін биіктетіп, ақындық ғарышқа самғатқан да қара өлеңнің құдіреті болса керек.

Ақиық ақынның көзі болмаса да, жыры қалды. Өлеңдерін, шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандары бар. Мұқағали жыры – ХХ ғасырдың озық поэзиясы ғана емес, ғасырлардан-ғасырларға жалғасатын асқақ рух, таусылмайтын кен. «Поэзия – жүрек сөзі». Сағат Әшімбаев осылай дейді. Демек, Мұқағали поэзиясы да рух сөзі, жүректен шығып жүрекке жеткен ерекше құдірет дер едік. Ақын тілімен жеткізіп көрейікші: «Өткен ғасырға, Жеткен ғасырға сөз беріп, Менің ғасырым бәрінің басын құрады. Кезекпен сөз ап, Ғасырлар есеп бергенде, Жіберіп қойған қателіктерін көргенде, Бабаларына да, Балаларына да, Жиырмасыншы ғасырым Ақыл айтады қателіктерін жөндеуге. Жайылар сонда ғаламға үлкен дастарқан, Ғасырым менің оны да өзі басқарған. Heгe дейсіз ғой? Heгe десеңіз, – Нағыз керемет осы ғасырдан басталған. Салтанат бітеді, Ғасырлар тегіс тарасар, Әрбір ғасырлар өз дәуіріне жарасар. Жарылып бәрі осы ғасырға жол ашар. Ғасырымды менің Болашақ ғасырлар Қонақ етуге таласар». Сонымен, Мұқағали ғасыры және жаңа поэ­зия. Бұған бүгінгі жас қаламгерлер не дейді?   Айнур Айнұр ТӨЛЕУ, ақын:

Адам бар жерде әдебиет бар

– Әдетте Мұқағали жайында пікір ай­татын аға буынның көбі: «Басы ноқтаға симаған, бір ғасыр ерте туған тарпаң талант еді» деп жатады. Бірақ өз уақытын та­мыршыдай тап баса алатын дарын иесі ғана мәңгілік деген көштің керуеніне ілесе алады. Несін жа­сырамыз? Қазіргі ғылым синтезделіп жатыр. Әде­­биеттанудың өзі психология, әлеуметтану, философия, лингвистика, антропология сынды ғылымдармен селбесіп, әдемі бір тұжырымдар ұсынып келеді. Енді сол селбескен ғы­лымдар «уақыт пен кеңістікті қабылдау» деген түсінікті жиі қозғайды. Психологтердің айта беретін «здесь и сейчас» танымы біз айтқан әлгі қабылдауға келіп саяды. Мұқағалидың мына жыры да – біз ғылымдарды селбестіріп барып қана түсініп жүрген ұғымды өлеңмен жеткізу. Арғы-бергі ғасырлардың алдында Мұ­қағалидың ғасыры тақта отырған пат­шадай кейіптеліпті. Мен де өз ғасырымды жақсы көремін. Мұ­қағалидың ғасырында өмірге келмегеніме қуанатын да сияқ­тымын. Есі дұрыс адамның осы­лай ойлауы керек те шығар. Бірақ Мұқағалидың ғасыры патша болатын жөні бар. Ол кезде сөзде мәйек бар еді. Көркем сөз бен көркем әде­биеттің қа­дірін білетін ғасыр – тап сол мұзбалақ ақын ғұмыр кешкен кезең ғой. Оған дейін әде­биетте түрлі жанр жа­ралып жатты. Мұ­қағали ғұмыр кешкен ғасырда адам­дардың бойында әдебиет өнеріне деген құр­мет пен құштарлық бар еді. Бұрнағы заманда адамда ақыл­ға қарағанда сезім басым еді. Уақыт өте ақылды дамытып, сезімге жүгінуді мүлдем қоямыз деген бол­жам бар. Бәлки, енді үш ғасырдан соң жылап отырған адам­­ға таңғалатын шы­ғармыз. Бұл болжам ғана ғой. Адам бар жерде әдебиет бар. Өнерге деген құш­­­­тарлықты да адамнан ара­шалап алу мүмкін еместей. Бірақ біздің ғасырдың 21 жылы өтіп кетті. Әлем жау­һарларына бармай-ақ қоялық, ХХ ға­сырдың ба­сындағы қазақ әдебиетінің ах­уалына қараңызшы. Қазаққа көркем әдеби өнім беру тұр­ғысынан Мұқағали заманына ар­тық сөз айта алмай, ғасырлар тағын үнсіз ғана ұсы­намыз.   Бекзат Бекзат СМАДИЯР, ақын:

Мұқағали – сәнге айналған ақын

– Мұқағали – кішкентай ха­лықтың перзенті. Алып империя­ның боданындағы елдің перзенті қанша жерден адамзатқа ортақ поэзия тудыра алса да, кішкентай халықтың ақыны болып қала бе­ретін еді. Мұқағали өз топы­ра­ғынан, ұлтының тағдырынан асып кете алмады. Бірақ ол өз хал­қының аясынан шығуды көк­седі ме? Асылы, Мұқағалиды бақытты ақын деуге болатын шығар. Жаратушы оған хал­қының махаббатын беріп қой­ған. Адамзат сон­шалықты ұмыт­шақ – ке­ше ғана жасаған қателігін бүгін қай­талайды. Арыға бармай, тек ХХ ға­сырда өмір сүр­ген, уа­қытында елдің алқауында бол­ған, кітаптары бірінен соң бірі шығып тұрған ақын­дарды алайық – солар­дың біразы қазір ұмытылды. Ар­хив­­терде, хрес­­то­­ма­тияларда өзі­мен-өзі күбір­лесіп жа­тыр, ал халық жадынан өшіп кет­кен. Мұқағалиға халқының ма­­хаб­баты берілген дейтініміз –  осыдан. Мұқағали – сәнге айналған ақын. Алайда ол мүлде эстрадник емес. Қызық, Мұқағалидың не си­қыры бар? Адамдар оны неге сонша жақсы көреді? Ол қасіретке оранған кішкентай халықтың сезімін әлдилей алған еді. Қараңыз, ХХ ғасырдың 16 жыл­дарынан бастап бірнеше рет қайталанған аштық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс – жарты ғасыр қырғыннан арылмаған ха­лықты әлдилеу керек болатын. Қа­­сіреттен көз ашпаған кішкентай халықтың кеудесі шерге, өзегі өк­сікке толып қалған. Еске алады, сағынады, күйінеді, жек көреді, шарасыздығына налиды – оңашада жылап алғысы келеді... Елестетіңізші, әлдекімге әл­деқандай жылы сөз айта қалсаңыз, бірден шарасы жасқа толып, үһілеп отырып қалады. Әрбір қазақ қи­масынан айырылған – бала­сынан, жарынан, әкесінен... Мұ­қағали осындай дәуірде дүниеге келген еді. Өзі туған халықты әлдилеу үшін. Оңашада мұң шағатын сыр­ласы болу үшін. Ол бұл міндеттің үдесінен шыға алды. Және ең бастысы, биік па­­­расат пен жоғары көркемдік дең­гейде. Бүгінгі поэзия өзгеріп кетті деп ойлаймыз. Иә, жазу стилис­тикасы өзгерді. Өзгергені – өте құп­тарлық іс. Алайда ақындар «адам­зат, ізгілік, Тәңірді іздеу» деп аталатын темірқазығынан ай­ны­мады. Абай, Мағжан, Қасым, Төле­ген, Жұмекен, Мұ­қағалилар туған топырақта әлі құдайсыз ақын дү­ниеге келген жоқ. Демек, жастар поэзиясы өзегінен ажыраған жоқ деп сеніммен айта аламыз...   Жанасыл Жанасыл СЕРІКБОЛ, жазушы:

Толқынданып өмірім барасың ба?

– Дүниенің ағын да, қарасын да, Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да. Қарасымен шамаң жоқ таласуға, Ей, өмірім, зымырап барасың ба? Мұқағали – халықтың ең мұңдас ақыны. Мұқа­ғали өмірді қалай жақсы сүйсе, бүгінгі өмірдің де Мұқағалиға деген махаббаты шексіз. Мұның сиқыры Алматының бұрыш-бұрышын кезіп жүріп, дәл сол кездегі қазақ сияқты жылай алғанында болар. Еш кір­шіксіз, кінәратсыз, жай ғана күңгірт кеште оты­рып, дәл сол уақытта қазақ даласының бір пұш­пағында шам түбінде отырып, баласын емізген ана­­дай емірене алған­дығында болуы керек. Және жай ғана ғашық болуында. Шын ғашық болып өтуінде. Бүгінде әрбір қазақ Мұқағалидың шумақтарын әр жерде айтып жүреді. Құралайдың тағдырын жалынып сұрап алған Мұқағали депрессиялық аңсау көңіл күйінінің ақыны. Бәрін сүйіп, бәрін аңсаған. – Көзің қайда көшеден мені іздеген, Сөзің қайда жанымыз егіз деген? …Терезеңнің алдына келіп тұрмын, Көгершіндей… Қысты күн… Жем іздеген. Ақын өлеңдері – қарапайымдылықтан өрбіген ұлылық. Жапондардың «адам сенгісіз қарапайым күрделілік» ұғымы сияқты. Қош, Мұқағали бүгінде поэзияның бел ортасында жүрген шабытты ақын­дардан бастап туған күн кешінде отырған қыз-жігіттердің, ауылын аңсаған қара баланың, махаббаттан таяқ жеген бозбалаға дейін­гілердің бәрінің жүрегін жаулаған ақын. Мұ­қағали шабыты бүгінгі жас ақындарға да медет! Алмас Ақтасовтың кейбір шумақтарынан Мұқаға­лидың көңіл күйін көрем: – Тұншықтырып қаланы түн құшағы, Сүреңсіз көшелерді мұң қысады. Лақтырған шылымымдай, көкжиектен Құлап тынды бүгінгі күн құсалы Тасасынан түн шығып бүкір дүздің, Тереземнен үңіледі үкі көзді. Еріндегі құмардың құбыжығы, Қоймайтындай құдды бір түгімізді. Асылбек Бардамның өлеңдері де: – Құс кешігіп келеді қиқылымен, Есінейді кеудемде ұйқылы өлең. Аспан жақты аңсайды тағы да ақын. Жүрегінің жұлмалы жыртығымен. Бақберген Дариғадан: – Қиялымның демінен жұлдыз жасап, бұ әлемді етейін жарық ғалам. Көнбес сірә қапасқа, тамұққа адам. Жүрегімді ұсынам анық саған. Қиялымнан жасайын айға мүсін. Бұл әлемді қимаймын жалған үшін. Ал шарықта, ұш биік, арман құсым, Не істейін тамұққа бармау үшін? Бүгінгі қазақ поэзиясы да Мұқа­ға­лидың тол­қынданып жатқан өмірі сияқ­ты. Мұ­қағали – мәң­гілік өлмейтін поэзия шырағы. Бүгінгі жас ақын­дардың бас сүйеп, мұң шағар бәйтерегі.

  Дайындаған Гүлзина БЕКТАС